Құндылыққа толы кітапқұмарлар мерекесі
«Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бей-жай қарауға болмайды». Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдағы сөзінен үзінді. Расында да Президент осы отырыста зиялы ұлт болудың төте жолы кітап оқу екенін алға тартып, кітапханаларды заман талабына сай жабдықтауды тапсырды. Түптеп келгенде кітапхана – ғылым, білім және мәдениет орталығы, ал кітап оқу – тұлға биігіне баспалдақ.
Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күніне орай аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен «KITAПшоу – 2024» фестивалі өтті. Республикалық ауқымдағы алғашқы кітап фестивалі 2014 жылдан бастап өткізіліп келеді. Биыл оныншы рет ұйымдастырылған фестивальдің мақсаты – кітапты насихаттау, кітап оқуға деген қызығушылықты қолдау, қоғамның интеллектуалды әлеуеті мен мәдени құндылықтарын арттыру, кітап оқуға тарту, өскелең ұрпақтың рухани-адамгершілік білімін арттыру, жастардың кітап оқуға, көркем әдебиетке деген құштарлығын ояту.
Фестиваль кітапханашы қыздардың флэшмобымен ашылды. Одан кейін сөз алған аудандық кітапхананың директоры Күлшара Қаниева барша кітапханашылар мен кітапқұмар жандарға алғысын білдірді.
– Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күні 1996 жылдан бері өткізіліп келеді. Адамгершілік, білімділік, сананың ашықтығы секілді ұлы қасиеттерді игеру үшін қажетті құрал – әрине, кітап. Хакім Абай он сегізінші қара сөзінде «Тегінде адам баласы бір-бірінен ақыл, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де ақымақтық» дейді. Кітап адам баласының ақыл-ойынан туған рухани байлықты сақтап, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отыратын құрал, білім мен тәрбие көзі. Ол адамзат жасаған ең ұлы кереметтердің бірі. Бұл күн – ақын-жазушылардың, кітап авторларының, кітапханашылардың да, кітапты сүйіп оқитын әрбір жанның мерекесі. Осы мерейлі күнде үлкендерімізге ұрпақ тәрбиелеуде қажымас қайрат, мықты денсаулық, ұрпақтарымызға рухани байлық тілейміз. Сіздерге рухани демалыс сыйлауға дайынбыз, – деді ол.
Айтса айтқандай-ақ, кітапхана ауласы фестиваль тақырыбына сай ерекше үйлесіммен безендірілген. Кітап инсталияциясы, кітапханалар жанынан ашылған үйірме жұмыстарынан көрме дайындалған. Көздің жауын алатын түрлі қолөнер бұйымдарын тамашаладық. Одан соң ІІ республикалық «Шәкәрім оқулары» байқауының аудандық, облыстық жеңімпазы Төретам кентіндегі No80 мектептің 8-сынып оқушысы Жанерке Жақсылықпен «Оқырман бенефисі» өтті. Үздік оқырман бірнеше өлеңді жатқа оқып, көптің ықыласына бөленді.
Одан соң жиналған көпшілік «Көркем әдебиеттегі аналар бейнесінің дефилесін» тамашалады. Тұмар ханым, Домалақ ана, Зере әже, Ұлпан ана, Қамар сұлу, Шұғаның бейнесін сомдаған кітапханашылар шеруі көрерменді сүйсінтті. Сондай-ақ «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында жазушы Б.Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» шығармасынан көрініс қойған кітапхананың кішкентай оқырмандары фестиваль қатысушыларының езуіне күлкі үйірді. Бұл іс-шарадан балабақша бүлдіршіндері де қалыс қалмады. Оларға арналып «Үйшік» ертегісінен қойылым көрсетілді. Ән де шырқалып, әсем би де биленген, кітапханашылардың өзге қырлары ашылған, көрерменге керемет көңіл-күй сыйлаған фестиваль болды. Іс-шара соңында зиялы қауым өкілдері кітап туралы ой-пікірлерімен бөлісіп, көрерменге құнды байлық сыйлаған кітапханашылар ұжымына алғысын жеткізді. Сонымен қатар кітапхананың үздік және белсенді оқырмандары аудан әкімінің орынбасары С.Смағұловтың Алғыс хатымен марапатталды.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ