Жақсының жарығы
Абайдың ғұмыры қаншалықты тартысты болса, оны соншалықты қызықты да шынайы етіп ұрпаққа тағылымды еңбек етіп жазып берген заңғар жазушы – Мұхтар атамыздың ұстаздарға берген бағасы – тарихта өлшеусіз баға болып қала бермек. Демек, аталған ойдың түп төркініне үңілсек, ұстаздық бұралаңы көп асудың әр белесі еңбекпен келетінін ұғынамыз. Сондықтан, ұстаз атына лайық болу – үлкен еңбекті, жүректі, адамдықты, батылдықты қажет ететіні даусыз. Дәл осы қасиеті бар, бүгінде ұстаздардың ұстазы атанып отырған No277 мектеп-лицейінің география пәні мұғалімі – Зәуре Батырханқызының еңбегі көпшілікке үлгі.
Ол – сұлу сөздің сарқылмас уызын сәндеп жеткізер, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін ажырамастай бекітер, маңғаз болмысымен біліктілігін үйлестіргенде, небір кереметті аузына қаратар нағыз ұстаз. Кәсіподақ комитеті – қоғамымыздағы болып жатқан өзгерістерден шет қалмай, ұстаздар қауымы мен жастардың әлеуметтік-экономикалық құқығын қорғауда еліміздегі заң аясына сәйкес, әлеуметтік әріптестіктің үлгісін көрсетіп, ұстаз игілігіне өз күш-жігерін жұмсап жүрген қоғамдық ұйым болса, осынау жауапты істе де ұлағатты мұғаліміміздің абыройы биік деп сеніммен айта аламыз. Себебі, маңызы зор қызметтен бөлек, мектептің әдеп кеңесінің төрайымы қызметін қоса ұстап жүр және мектеп өміріндегі терең ақылы мен шетсіз білім көкжиегінің таразысына салып, байлауы ұнамды да жөн бола кететін қасиетімен жүргізуі – көшбасшы ұстазымыздың көрегендігі деп білеміз. Апайымыз тек шәкірт, ата-анамен жұмыс істеп қоймай, ұстаздыққа қадам басқан жас мамандардың жол сілтеуші, бағыт-бағдар беруші жанашыры да. Ақылды ұстаз ешнәрсені назардан тыс қалдырмай, тәлім жинақтаушыны білдірмей жетелейді, байқатпай бағыт-бағдар береді. Өзі де әркез ізденуден жалықпайды, жаңалыққа жаны құмартып тұрады. Еңбегі де жеміссіз емес. Жас ұстаздардың жігерлеріне жалын беріп, көкірек сандығын ашуға тамшыдай қосар үлесі – ұстаздық мақсатының орындалғаны. Бұл қасиеттерін біз қайдан байқадық? Одан бөлек, болмысында тәлім-тәрбие мен талғампаздықтың көрінісі қазақылықтың иісімен қабаттаса келгенде нағыз сұлулықтың символына көз жүгірткендей боламыз-ау, сірә.
«Ескіден қол үзіп, жаңаға қол жеткізгендер ғана мұғалім бола алады» деп қытайдың дана ойшылы Конфуций айтқандай, өткен тәжірибесін жаңамен ұштастыра алатын, кәсіби қызығушылығы жоғары, танымы биік, бастаған ісінің нәтижесін көре алатын, ғылыми зерттеу жұмыстарын таңдай білетін, педагогикалық үрдістің заңдылықтарымен етене таныс, оқытудың әдістемелік жаңалықтарынан хабардар, оқыту үрдісін ізденімпаздықпен арттыратын өз ісінің шебері атанған Зәуре Калышованың жетістігі аз емес. Мәселен, оның шәкірттері түрлі білім додалары мен ғылыми жоба байқауларынан, жалпы білім беретін пәндерден республикалық олимпиаданың қорытындысы бойынша да оқ бойы озып жеңімпаз атанып келеді. Сынып жетекшілік қызмет пен қоғамдық іс-шаралардың өзі ұстаздың тұлғалық биіктігін паш ете білді. Мемлекеттің әр саласында қызмет атқарып отырған білім алушылардың басым көпшілігі айтарлықтай жетістікке қол жеткізуде. Осындай жетістіктердің нәтижесінде ұлағатты ұстаз ҚР Оқу-ағарту министрлігінің салалық кәсіподақ төрағасынан және облыстық білім басқармасының басшысынан Құрмет грамотасын иеленді. Бұл жетістіктер мұхиттың арнасына сыймас еңбектің тамшыдай бөлігі ғана. Парасатты ұстаздың сіңірген еңбегі түпсіз терең деп толық сеніммен айта аламыз.
Құрметті жан бүгінде алпыстың асқарына шығып отыр. Білім саласы оны осы кезге дейін еңбексүйгіш, қоғамдық белсенділікпен ерекшеленіп, азаматтық қасиеттерге ие білікті маман ретінде таныды. Саладағы ұзақ жылдар еліміздің нығаюына да үлес қосты. Ұжымның анасы болған ұстазымыздың осы бір игілікті істе қанаты талмай, қажыр-қайраты арта бергей. Шығар шыңдары әрқашанда биік болғай.
Т.СЕРІКОВА,
No277 мектеп-лицейінің мұғалімі