» » Әлемдегі ең әдемі әуен

Әлемдегі ең әдемі әуен

Мұсылман баласының жүрегіне нұр-сәулесін төгетін рухани күш-қуат Құран Кәрім құдіретінде болса, жанына тыныштық сыйлайтын бірден-бір орын ол – мешіт. Имандылық пен адамгершілік қасиетін дамытып, Алла мен күллі мұсылманның алтын тәжі болған Мұхаммед пайғамбарымызды танып-білуде құлшылық үйінің пендесі үшін пайдасы ұшан-теңіз. Сол себепті де бізге жеткен хадистің бірінде «Кімде-кім жер бетінде Алланың үйін салуға атсалысса, Алла тағала ол кісіге жұмақтан орын дайындайды» деп атап көрсетілгені бекерден-бекер емес.
Ауданымызда сонау тәуелсіздік жылдарынан бері кенттер мен ауылдық елді мекендерде бірқатар мешіттер бой көтеріп, имамдар жамағатты жақсылыққа, имандылыққа, қайырымдылық істерге үндеуде. Жосалы кентінде заманауи үлгіде «Қармақшы ата», «Ораз ахун» мешіттері бой көтеріп елге қызметін жасаса, Балқы Базар көшесіндегі бұрынғы «Марал баба» мешіті де уақытында тұрғындардың игілігіне жарап, бірнеше жыл көлемінде елге саялы орын болды. Дегенмен, ештеңе мәңгілік емес. Баба атындағы мешітіміз құрылысының сыр беруіне байланысты жұмысын тоқтатқан болатын. Көпшіліктің көкейінде жүрген бұл мәселенің де бүгінде түйіні тарқап, жергілікті билік пен Марал баба ұрпақтарының бірлескен шешімімен Жосалы кентіндегі С.Ысқақов көшесі бойынан кешен көтеруге 0,4 гектар жер телімі бөлінген болатын. Қазір ол жерде құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Ғимараттың алғашқы кірпішін Марал баба ұрпағы, ардагерұстаз Смағұл Қауысов қалаған. Ағамыздың айтуынша, жоба бойынша мешіттің биіктігі (күмбез) 16 метр, мұнарасының биіктігі 29,5 метр болады деп жоспарланған.
– Мұнда 22 орындық автотұрақ қарастырылған. Кешеннің құрамына 2 қабатты 250 адамдық мешіт ғимараты, Құран оқитын бөлме, келушілерге қызмет көрсететін және ас беруге арналған 200 орындық асхана, жуыну бөлмесі, сонымен қатар мәйітхана және 3 бөлмелі тұрғын үй кіреді, – деді ол бізбен әңгімесінде.
Қазіргі кезде кешеннің қосымша құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жас маман Мейіржан Еспанов жетекшілік ететін бригаданың беталысы жаман емес.
– Мешіттің іргетасы былтыр қазан айында құйылды. Ғимараттың құрылысы төзімді әрі мықты болуы үшін іргетасы қазылып жасалды. Ал құрылыс жұмысы бір ай бұрын, сәуірде басталды. Қабырғасының алғашқы кірпіші Смағұл ағамыздың қатысуымен сәуір айының 7-сінде, ораза айт кезінде қаланып басталды. Шағын ғимарат толығымен тұрғызылып, тек төбесін жабу жұмыстарына қараудамыз. Бригадада 6 адам еңбек етуде. Олардың қатарында жас болса да өз ісінің мамандары – қыш қалаушылар ағалы-інілі Еркебұлан, Ерлан Дулатов, Мұратбек Төреханов, Ерлан Байділдаев, Байзат Қожамұратов және техника жағынан, яғни тас, құм, саз сияқты құрылысқа керек-жарақтарды тасымалдап беріп жүрген тәжірибелі көлік жүргізушісі Нұрлан Жұмабековтер қолдан келгенше жұмысты тоқтатпай, жеделдетуге тырысудамыз, – дейді Мейіржан Абдулғаниұлы.
Құрылысшылар аманшылық болса, мамырдың соңына дейін қосымша ғимаратты толығымен бітіреміз деп отыр. Тепсе темір үзетін еңбек бригадасындағы жас жігіттер бұл қызметтеріне тас-түйін дайын. Олар құрылыс жабдықтарының денін кенттен алса, күйдірілген қыш Қызылорда қаласынан тасымалдануда.
Қазақ атамыз қашанда екі дүниесін түгендей білген даналығымен ерекшеленген. Сауап жинауға асыққан. Егерде сауапты іске мұрындық болып, мешіт жұмысына атсалысамын деген кісілер араларыңызда табылып жатса, «Мара баба» жеке қайырымдылық қоры арқылы көмек берулеріңізге болады.
«Азан – әлемдегі ең әдемі дауыс» деп айтқандай, көп ұзамай, аудан орталығында жаңа мешіт муәзінен азан дауысы да шығып қалар?!
Сәрсенкүл АҚКІСІ
20 мамыр 2024 ж. 315 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 324

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 417

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930