МИЯНКӨК


«Адам жылқы мінезді» деген жалпы ұғым бар. Жылқыда адамның адалдығы, тазалығы, еңбексүйгіштігі, тұрақтылығы сияқты көптеген қасиет бар. Жылқы түлігі тек шөптің шүйгінін ғана жейді, судың мөлдір таза тұнығын ғана ішеді, таза жерге жатады.
Малға да қарата айтылатын «текті», «тексіз» деген сөз бар. Әсіресе, жылқы малында тектісі болған. Текті айғыр үйірінің тазалығын сақтайды, қорғайды, өзінен тараған ұрпаққа шаппайды. Өз үйіріне буаз биені қабылдамайды. Оны теуіп, шайнап қуады, терлетіп, мұздай суға зорлап кіргізеді. Әйтеуір оның құлынын тастатып, содан кейін барып үйірге қабылдайды. Мұндай қасиеттер бура не қошқарда, не бұқада жоқ. Міне, жылқы малының қадірқасиеті осындай ұшан-теңіз.
Атамыз Айтқұл өз заманында елге қамқор, өз дәуірінің біртуар арда азаматы болған десетін атам Қожаберген жеті атасының шежіресінен сыр шерткенде. Құдай берген мінезі қанша тентек, шатақ аты шыққанымен Айтқұл атамыз елге шапағаты көп тиген ақылды азамат екен. Ол ғұмырында қазақтың ырым, салтын жасап үш әйел алған. Малбике деген әйелінен тараған ұрпақтары бір рулы елге айналған бүгінде. Малбике анамыз ақылына көркі сай, сұлу да сырбаз жан болыпты. Малбике шешеміздің кіндігінен Байқонды, Байқожа, Елқонды деген үш бала туады. Байқожа атамыздан Қыдыр, одан Жолбарыс, Жолбарыстан Тілеміс туады. Осы Тілеміс атамыз өте өжет, әрі ақылды, талаймен белдескенде күші басым түседі екен. Қашанда атқа құмар халықпыз ғой, Тілеміс те атсейістікпен аты шыққан азаматтың бірі еді.
Балаң жігіт кезінде Тілеміс ұлы дуға сәйгүлігіне тұмар тағып, үкілеп, мәпелеп қосатын. Небір дүлдүл сейістердің батасын алып, қатарынан дара туған ол жігіт жасынан ат жаратып машықтанады. Құты бар жылқы малын баптап-бағуды өзінің кәсібі қылған Тілеміс үйлібаранды болады.
Бір жылы Тілеміс түркімен халқының қаз мойынды, қамыс құлақ, артық майды бойына дарытпайтын, паңдықтың, тектіліктің нышанындай арғымағы – Ақалтеке жылқысының тұқымына ынтық болып Түркімен еліне сапар шегеді. Жас жігіт жат өлке Түркімен елін ұзақ аралағанмен тұлпардың бағалары қымбат болады. Суреттегідей қаз мойын арғымақтардың ішінен шын тұлпарды таба алмай жас жігіттің басы қатады.
Күннің ыстығына қарамастан керуенге еріп, шулы қала Меркеге сапар шегеді. Сондағы мал базарға бір кіріп, бір шығып тыншымаған атқұмар балаң жігіт Тілеміс тағат таппады. Қала әмірінің тыңшылары мен жансыздары «мына қазақ қайтер екен» деп көз алар емес.
Кеш бата ханның құзырына қарайтын мал базарының қызығы тарқап, күннің ыстығына шыдамаған жұрт көлеңкеге тығылады. Базарда қолы жүрген күліп, сайран салып, кейбірі пәті қайтып үнсіз малын үйіне айдайды. Сол сәтте қасынан жанамайлап өтіп бара жатқан бір биенің ізіндегі жабағы тайға Тілемістің көзі түседі. Жаңағы жабағының тұрқына көз тастап қараған сәтте Тілемістің жүрегі аттай тулап сала берді. Хас жүйріктің тұқымы екенін көзі таныған соң, иесінің қасына жетіп барғанын өзі де байқамай қалады. Сөйтіп ол ілмиген арық тайды саудалайды.
– Жетекке тай жүретін бе еді, биені ал, әй, бала, – деп тұс-тұсынан түркімендер қаумалап, қазақты қарғадай улап-шулап қарқылдап, кекетіп-мұқатады. Содан Тілемістің ақшасы биеге жетпеген соң, жабағыны «ал, ал» деп қауқылдасады. Тілеміс сол сәт: «Мына жүйрікті біреу танып-көріп, бермей қоя ма?» деп сезіктеніп тұрғанда, ойын оқығандай осы кезде базарбасы келіп: «базарды жабамын, тез шығыңдар» деп тепсініп шауып кете берді. Қасқырдан қорыққан қойдай алақтаған пақыр қалтақтап тұрған сәтте Тілеміс те осы сәтті қалт жібермей, ақшаны қолына санап бере қояды.
Тайдың иесімен бет сипап баталасып, Тілеміс жабағыға ноқта салып, егелік қылады. Сөйтіп «ел қайда, Есіл қайда?» деп, енесінің қасынан кісінеп зорға шыққан жабағы тайды жетектеп Тілеміс жолға шығады. Жол бойында ол оңаша қараша үйді көре салып, «айдалада не қылған үй» деп ойлап, су сұрап ішпек болып бұрылады. Үй маңына жақындағанда қарсы қарап беймезгіл дәрет сындырып отырған кейуана кезігеді. Тілеміс әдептен асып кетпей, үлкен кісіге сәлем береді. Кейуана Тілеміске қарап отырып, жылы қабақ танытып жөн сұрайды. Кенет назары жабағыға түсіп, сұқтанып қарап:
– Мына тайға қалай қолың жетті? Қаймана қазаққа жүйрікті бере ме? Бұл Миянкөктің тұқымы, сені дариядан таймен өткізбейді. Мен дәл қазір ханға хабар жеткізсем, тайдан айырыласың. Сенің бұл хас жүйрікті қалай таңдағаныңа таңғаламын, – дейді.
Шындығында кейуана дегені ханның жансызы еді. Бірақ ептілігін ісінен байқап сүйсініп, текті жерден шыққанын көзінен танып, жылқы баласымен сөйлесетін жан екеніне сүйсініп, жігітті аяп кемпір қол бұлғап қала береді. Сонымен Тілеміс бір тай үшін талай жаттың мазағы мен ұзақ жолдың азабына төзе жүріп, ат пен адамның да сын мен мінін меңгерген кемпірдің ғажап ісіне таңғала жүріп әрі қарай аяңдайды. Жол бойында дариядан өтем дегенмен қайықшылар тайымен өткізбей әлек қылады. Танымайтын жат елде жас жігіттің қандай қадірі болсын. Бармақ басты, көз қысты өлкеде жас жігіт тайын жетектеп жағада тұрды. Баяғы кейуананың айтқаны айдай келді. Жүректі, қайратты жас жігіт Тілеміс ашуға булығып, «тәуекел» деп дарияның өр жағынан жабағысын жетекке алып, өзі жүзіп өтті.
Жаяулап-жалпылап, ай жүріп, шаршап-шалдығып елге жетеді. Елінде екі ұлы Жалпос, Донты мен әйелі күліп қарсы алады. Жабағы тай да өзіне бауыр басып, ізінен жас баладай еріп қалмайтын еді. Сөйтіп жабағы тай өсіп, баяғы кемпірдің айтқаны дәл келіп, тай өрен жүйрік ат болады. Тілеміс оны Миянкөк деп атайды. Миянкөк ат аламанынан жалғыз келіп, Тілемістің еңбегі қайтып, көңілі шат болады. Жүйріктің аламан бәйгедегі жеңісін елімен тең көріп, Тілеміс ел үшін де ханға бергісіз мәртебеге кенеледі. Кезекті бір бәйгеден жасауымен қыз алып, Тілемістің талабы жөнделеді. Сол қыздан Түйебай, Үмбетбай, Қазыбай, Құттыбай, Бектұрсын деген бес ұл туады. Бәйбішеден Донты мен Жалпосы бар Тілемістің жеті баласы бүгінде білек күштен кенде тумаған, өркен жайған бір рулы ел екені баршаға аян.
Қымбат БЕРДЕШ
06 мамыр 2024 ж. 113 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 338

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 422

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930