Тісі сау бала қалмай барады
Қазір емханаға барсаңыз балалардың тіс дәрігерінде ұзын-сонар кезек. Иә, бүгінде тісі сау бала жоқ. Расымен елімізде балалар арасында тіс ауруы асқынып тұр. Олардың тоқсан пайызы түрлі тіс ауруына шалдыққан. Әлбетте, тіс ауруларының дені тұтынатын тамаққа тікелей байланысты. Сонда бүлдіршіндер қандай аспен азықтанып жүр? Зиянды заттан қалай арыламыз? Балалардың тісін қалай сақтаймыз? Саралап көрелік.
Соңғы жылдары дәрігерлерді дабыл қақтырған бала тісінің ерте жастан бүлінуі жиіледі. Бұған экология, ауызсу құрамы, мөлшерден артық тәтті жеу себеп болып отыр. Сонымен қатар тіс ауруы мен ауыз қуысының қабынуы баланың бет сүйегін қисайтып, тіпті түр әлпетінің өзгеруіне әкелуі мүмкін.
Қазіргі таңда балалар арасында тіс ауруы көбейіп, соның салдарынан ауыз қуысының қабынулары жиілеген. 2-3 жастағы балалардың басым көпшілігінің тіс жегі зақымданған. Бұл ретте бүлдіршіндерді дәрігердің тексеруінен уақытылы өткізу аса маңызды.
Тіс ауруының түрлі себебі бар. Оның бірі тәтті тағамдарды көп тұтынудан болса, ендігісі бала ағзасына кальций жетіспеушілігінен тіс құрттайды. Кейде ана баласына тәтті бермесе де, тісінің бүлініп жатқанын айтады. Демек, оның бойында кальций аз, құнарсыз тамақты жиі жейді деген сөз. Сондықтан дүкендегі зиянды тағамдардан бас тартқан жөн.
Сондай-ақ кішкентай баланы көбіне стоматит ауруы да әбігерге салады. Ол – балаларға тән шырышты қабықтың қабынуы. Көп жағдайда стоматит бактериялық, вирусты немесе зеңді сипатта болады. Қылшықтары қатты, тырнайтын тіс щетка- сы, нашар бекітілген брекеттер немесе тіс қаптамалары, ұрт пен ерінді тістеу әдеті стоматитке әкеп соғады. Сонымен қатар баланың сүт тісі шыққан кезде де пайда болады.
Бала тісі неге басты проблемаға айналып барады?
Балалар арасында тіс ауруы және тіске құрт түсу, тіс жегісі, ұры тіс шығу, стоматит, тістің қисық өсуі сынды түрлі проблема көбейіп кетті. Бала тісінің саулығы үшін ата- ана нені білу керек? Аудандық емхананың балалар тіс дәрігері Бағлан Болатбекұлы бала тісінің негізі құрсақта жатқанда қалана бастайды дейді. Сондықтан маман баланың да, баршаның да салауатты өмірінің кепілі – гигиена екенін ескертеді.
– Тістің атқаратын қызметі тек ас шайнау десек, қатты қателесеміз. Тіс – адамның тұла бойын қамтамасыз ететін негізгі сүйек. Тіспен дұрыс бөлінбеген, шайналмаған, адамның ішке жұтуына ыңғайланбаған тағамның зардабы көп. Тіпті тіс өз қызметін дұрыс атқара алмағанда мұның соңы қайғылы оқиғаға әкеліп соғуы мүмкін. Тісті үнемі күтіп, жиі емдеткен дұрыс. Себебі тіс ауруының асқынуы тек сол жерді емес, асқазан, жүрек, бүйрек сияқты өзге ағза мүшелерін де зақымдайды. Негізгі талап бойынша тісті күніне 2 рет тазалау керек. Бірақ тәжірибе көрсеткендей, тісті тек тазалау аздық етеді. Тіс үшін гигиена мен дұрыс тамақтану маңызды. Бір қызығы, тісті дұрыс күтсеңіз, саулығы 100 жылға дейін сақталуы мүмкін, – дейді дәрігер.
Жалпы ата-аналар баланы тіс дәрігеріне уақытында әкелмейді, әбден асқындырып, яғни, баланың тісі қақсап ауырғанда ғана келіп жатады. Қазір балалардың арасында тісжегінің таралу көрсеткіші 90 пайыздан жоғары. Сол себепті баланың тісі ауырмаса да, жылына бір рет тексеруден өткізген дұрыс.
Алты жастан бастап баланың ауыз қуысындағы тіндердің саулығы тістің таза- лығымен тікелей байланысты. Бала 7 жасқа толғанда тұрақты тістер пайда болып, уақытша тістер түсе бастайды. Ал 12 жаста тұрақты тістердің барлығы шығып болады. Осы уақытта тіс сау болмаса, ауыз қуысы бұзылады. 15 жаста тұрақты тістердің түбірі қатаяды. Егер осы кезде жақтың тістесуі дұрыс болмаса, жақ сүйегі бұзылып, өспей қалуы мүмкін. Егер бала жүйке, жүрек, омыртқа ауруларына шалдыққан болса, жылына үш рет тіс дәрігеріне апарған жөн.
Фастфуд пен тәттіге үйір болмаңыз
Иә, қазірде тістің сау болмауынан адамдардың бет пішіні өзгеріп жатыр. Сондай-ақ бұрынғыдай емес, қазір қоздырғыштар да құрылымын өзгертті. Бұрын тіс қақсап ауыратын болса, бүгінде білдіртпейді. Тіс сау болуы үшін дұрыс тамақтану маңызды. Табиғи тамақ ас қорыту мүшелеріне зиянын тигізбейді. Ас дұрыс қорытылса, тіс бұзылмайды. Дисбактериоз секілді ішек аурулары астың қорытылуына кедергі келтіреді. Дәрумендер ағзаға сіңбейді. Тіс эмалі – денедегі ең қатты тін. Соған қарамастан ол бұзылады. Жасанды қоспалары бар тағамдар мен газдалған түрлі лимонадтар – бала тісінің бірден-бір жауы.
Тегін көмек көрсетіледі
Тіс емдеу арзан тұрмайды. Жеке емханаларға тіс емдетер болсаңыз, қалтаңызды қағып түсетіні жасырын емес. Ал бүгінде балалардың тісін тегін емдетудің мүмкіндігі кеңейді. Дәлірек айтсақ, ақысыз емдейтін жеке емханалар саны артып келеді. Елде тіс емдету проблемасы өзекті күйінде. Әсіресе, балалардың 82 пайызында тіс ауруы кездеседі. Ауруды асқындырмаған жөн дейді дәрігерлер.
Біріншіден, балалардың иммунитеті төмен. Екіншіден, балалар дұрыс тамақтанбайды. Үшіншіден, гигиенасы өте нашар. Ата-аналар баланың тіс тазалығын дұрыс қадағалау қажет.
Баланы жылына кем дегенде бір рет стоматологқа көрсету керек. Оның үстіне біздің мемлекетте заң бойынша 18 жасқа дейінгі балалар тістерін тегін емдете алу құқығына ие. Алайда ата-аналардың бәрі бірдей бұл мүмкіндікті пайдалана бермейді. Сонымен қатар жүкті әйелдер де тісін тегін емдете алады.
Бір қызығы, Жапонияда тіс жегісі, яғни тіс кариесімен ауыратын адам жоқтың қасы. Жапон елі бұл көрсеткіш бойынша әлемде бірінші орында тұр, 98 пайыз көрсеткішке ие. Себебі бұл елде адамдар тіс щеткасын өздерімен бірге алып жүреді. Мейлі жұмыста, дәмхана, мейрамхана болсын тамақтан соң тістерін жуады. Тым құрығанда сумен ауыздарын шаяды. Ал жас балалар болса таңертең үйлерінде, түсте балабақша-мектепте, кешке жатар алдында тістерін ысқылайды. Нәтижеде барлық балалардың тістері сап-сау.
Түйін Әрбір ата-ана үшін бала денсаулығы – басты орында. Сондықтан жиі кездесетін бұл мәселеге бейжай қарамауы тиіс. Адам денсаулығының жақсы болмағы тіске тікелей қатысты. Ойланатын жағдай. Күйбең тіршілікті сылтау етеміз. Дәрігер алдына баруға уақыт таба алмай қиналамыз. Денсаулық бәрімізге қымбат. Әсіресе, бала денсаулығына тікелей ата-ана жауапты. Сондықтан баланың тісі түгел әрі таза болсын десек, оған күтім жасауды және дәрігер кеңесіне құлақ асуды ұмытпайық!
Ақнұр САҒЫНТАЙ