» » Мызғымас бірлік - мемлекет қорғаны

Мызғымас бірлік - мемлекет қорғаны

«Ырыс қайда барасың? Ынтымаққа барамын!» дейді халықтың әпсанасы. «Бірлік болмай, тірлік болмас» деген де бар. Шындығында, Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі экономикалық-әлеуметтік салаларындағы тұтас жетістігі бірліктің, сол бірлік арқылы келетін тұрақтылықтың арқасында ғана орын алды.
1 мамыр қандай мереке? Кешегі Кеңес одағындағы іс-шараны Тәуелсіз елде жаңаша жаңғыртудың мәнісі қайсы? Осы сауалға жауап бермес бұрын алдымен әлемдік ахуалға тоқталған орынды тәрізді. Бүгінгі таңда әлемдегі құбылыстарды зерделей қарасақ, бейбіт өмір мен тұрақтылықтың, тыныштықтың қадірін арттыра түсетін жағдаяттар аз емес. Жаһандық аумалы-төкпелі жағдайды бастан кешкен, мемлекеттік жүйенің тепе-теңдігі бұзылған, берекесі төгіліп, бірлігі сөгілген елдердің саны артқанын байқауға болады. Әсіресе, жылдар бойына жалғасып келе жатқан дінаралық, ұлтаралық қақтығыстар бойынша әлемдік дипломатияның небір озық үлгілері де отты нүктелердің шоғын сөндіре алмай отырғанына әлем жұртшылығы куә. Бірлігі, ынтымақтығы жарасқан елде тұрақтылық сақталып, болашақ дамуы да баянды болмақ. Көптеген ұлттың ортақ шаңырағына айналған Қазақстан бейбітшілік пен келісім арқылы әлемге үлгі жолды нұсқап келеді. Әйтсе де, ұлтаралық келісім мен дінаралық татулықтың алтын бесігін тербету аяқ-астынан туындаған немесе қазақ даласында өздігінен пайда болған дүние емесі бесенеден белгілі. Ел иесі, жер иесі саналатын қазақ халқы алмағайып заманда шартараптан бас сауғалаған, тағдыр тәлкегімен босып келген басқа жұртты бауырына басты. Өзінің тоз-тозы шыққанына қарамастан, басқаның қайғысына да ортақтығын танытты. Кеңестік жүйе қыспағымен қазақ даласын паналаған өзге жұрт осында мәңгілікке тұрақтап қалды, өсті-өнді, ұрпағы жалғасты. Соның дәлелі ауданымызға қарасты ІІІ Интернационал ауылында қазір 11-ге жуық ұлт өкілі тату-тәтті ғұмыр кешуде. Тәуелсіздік тұсында да қырықжамаудай болған ұлттық құрамдағы осы ерекшелікті негізге алғандар «жаңадан пайда болуы ықтимал үлкен қақтығыстар алаңы» ретінде қазақ даласын меңзеген еді. Алайда, қазақ халқының даналығы, кеңдігі мен сыйластығы этностық тегіне, әлеуметтік, діни және шығу тегіне қарамай, жаңа мемлекеттің барша азаматының ұйысуына ұйытқы болды. Қазір Қазақстан деген бір шаңырақ астында өмір сүріп жүрген түрлі ұлт пен ұлыстың бірлігі, ынтымағы басқа мемлекеттерге үлгі.
Елімізде соңғы уақытта қазақша сөйлейтін өзге ұлт өкілдері айтарлықтай көбейгені де басты жетістігіміз. Бұл – нағыз патриоттардың қазақ жеріне, мемлекеттік тілге деген құрметі. Олар тек қазақ тілін емес, халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын да құрметтейді. Қуантарлығы, ІІІ Интернационал ауылындағы өзге ұлт өкілдерінің дені қазір қазақ тілін жетік меңгеру үшін «Мемлекеттік тілді деңгейлік оқыту» курстарына жазылған. 14 күндік курс барысында қазақ тіліне, дәстүріне деген сүйіспеншілігімен таңғалдырған тыңдаушылардың бірін әңгімеге тартқан едік.
– Ұлтым – түрік. Қырғызстанда дүниеге келдім. Осыдан 14 жыл бұрын өмірлік жарымды кездестіріп, Жаратқанның қалауымен, ата-анамның ақ батасымен ұзатылдым. Қазақ жеріне, оның ішінде Сыр бойында қоныс тепкен қасиетті Қармақшының достығы жарасқан мекеніне, түрік жұртына келін болып түстім. Қазақ тілін білмейтін маған қазақ жері, қазақ ауылы мен салт-дәстүрі, тілі де таңсық болды. Қазақтардың әр дәстүрі мен салты, жатсынбайтын қонақжай қасиеті қатты қызықтырды. Қазақ тілін білмесем де осы жерге аяқ басқаныма еш өкінбедім. Ең алдымен қазақ тілін меңгеру үшін ұстаздан жеке білім алдым.
Осы орайда Ұлжан Хамитқызы ұстазыма шексіз ризалығымды білдіргім келеді, өйткені сол кісінің ерен еңбегі мен шеберлігінің арқасында біраз дүниеге қанық болдым. Қазіргі таңда ауыл мектебінде орыс тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс беріп жүрсем де, қазақ тілін ана тілімдей жақсы көремін, күнделікті қолданамын. Жақында әріптестерімізбен «Мемлекеттік тілді деңгейлік оқытудың» ортадан жоғары деңгейін оқып бітіріп, сертификат алдық. Бұл курста сөйлеу мәдениетін, мерекелік тілек айту, бата беру, әлеуметтік қатынастағы сөз әдебі туралы білімімізді молайттық. Білген үстіне біле берсем деп қазақ тарихын, әдебиетін, дәстүрін де зерттеп жүремін. Түрік тілімен, дәстүрлерімен ұқсастықтарын да түсіне бастадым. Қазақ сыныптарында сабақ беріп, қазақ достарыммен, әріптестеріммен, ауыл адамдарымен етене араласқан соң қазақ тілінде еркін сөйлеймін, өз ойымды анық, түсінікті жеткізе аламын.
Сонымен қатар қазақтардың қонақ- жайлылығы, мейірімділігі, достық қарым- қатынасы қатты ұнайды. Тарихты зерделей бастасақ, Қазақ елінің өзге ұлттар үшін, әсіресе, біздің ата-бабаларымызға жасаған жақсылығын ұмыту мүмкін емес. «Құстың күші – қанатта, адамның күші – достықта» деген қазақ мақалы тегіннен-тегін айтылмаса керек. Сондықтан Қазақ елінің бірлігі мен ынтымақтастығының алдында бас иіп, алғыс айтамын. Осы мүмкіндігімді пайдалана отырып, барша Қазақстан халқын алда келе жатқан Бірлік күнімен құттықтаймын әрі зор денсаулық, таусылмас табыс, көктемгі көңіл-күй тілеймін. Әр үйде, әр отбасында жайлылық пен өркендеу, бақыт пен берекеге толы әл-ауқат орын алсын, – дейді Мадина Сүлейманова.
Қазақ халқына деген шексіз ризашылығын білдіруге даяр өзге ұлт өкілі көп. Барлығының тілегі бір. Бірлік. Иә, мызғымас бірлік мемлекеттің берік қорғаны екені даусыз.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
01 мамыр 2024 ж. 229 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 342

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 425

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930