«Birgemiz: Bilim» жобасы бастау алды: 5 мың адам тегін білім ала алады
Елімізде «Birgemiz: Bilim» жалпыұлттық жобасы іске қосылды. Аталмыш жоба ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігі «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ қолдауымен іске асуда.
Жоба мақсаты – халық арасындағы, соның ішінде ауылдық елді мекендерде цифлық, қаржылық, тілдік, компьютерлік сауаттылық деңгейін волонтерлік көмек пен бейресми оқу әдістері арқылы арттыру.
Жоба аясында 17 облыс пен республикалық маңызы бар қалалардан цифрлық, қаржылық, тілдік, компьютерлік сауаттылық бойынша білімі бар 2000 ерікті таңдалып алынады. Олар сарапшы тренерлердің қатысуымен арнайы оқу курстарынан өтеді. Дайындалған волонтерлар әр түрлі халық топтарынан, соның ішінде ауылдық жерлердегі 5000-нан астам адамға өз аймақтарында тегін тренингтер, курстар, семинарлар, шеберлік сабақтар түрінде оқу іс-шараларын өткізеді.
Сондай-ақ 100 күндік «Жастар таңдауы» марафоны өтеді. Марафон барысында қатысушылардың қабілеттерін арттырып, күн сайын дамуға бағытталған түрлі тапсырмалар ұсынылып отырады.
Үздік жобаларды қолдау мақсатында жалпы сомасы 9 млн теңгені құрайтын 30 шағын грант байқауы жоспарлануда. Шағын грант байқауы - халықтың әртүрлі топтарын цифрлық, қаржылық, тілдік және компьютерлік сауаттылыққа үйретуде волонтерлік бастамаларды жүзеге асыруға бағытталған. 5 ай ішінде грант иегерлері өздерінің әлеуметтік бастамаларын жүзеге асырады. Соның ішінде кем дегенде 3 үздік жобаны одан әрі қаржыландыру үшін әртүрлі ұйымдардан, бизнес құрылымдардан қосымша қаражат тарту жоспарланған.
Түрлі номинациялар бойынша үздік, белсенді волонтерлер, жүзеге асырылған шағын гранттар арасынан үздік жобалар ел астанасында өтетін қорытынды форумда марапатталады.
«Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» РҚБ