» » Жылыжайы жайқалған мектеп

Жылыжайы жайқалған мектеп

Көктем келіп, күн жылынды. Көпшілік егін егуге дайындықты бастап та кетті. Жазды күтпей-ақ сіз бен біз қыс бойы жеп жүрген жеміс-жидек, көкөністің түр-түрі көбіне жылыжайда өсіріледі. Жылыжайда жеміс өсіру – ең табысты әрі халықты таза азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етудің таптырмас тәсілі. Жылыжай шаруашылығының да өзіне тән қиындығы аз емес. Соған қарамастан қазір елімізде жылыжайлар саны артып келеді.
«Жасыл мектеп» жобасы оқушылардың мектеп қабырғасында білім алып қана қоймай, тәжірибе толықтыруларына сеп болуда. Бірнеше жылдан бері тұрақты жұмыс жүргізіп келе жатқан жылыжайлардың бірі – аудан орталығында орналасқан Т.Көмекбаев атындағы No250 мектеп-лицейінің жылыжай кешені. 2012 жылдан бері мектеп ауласына өсіретін әдемі гүлдердің көшеттері және көкөніс өсірумен айналысатын жылыжайды жасаудағы басты мақсат – мектеп оқушыларының биология пәнінен алған білімдерін тәжірибемен ұштастыру, еңбекке баулу, қоршаған ортаға, оның ішінде жасыл желекке құрметпен қарау, келешекте жылыжай ісіне, ауылшаруашылығы саласына бейім мамандарды дайындау.
– Егіс алқабындағы егінге қарағанда жылыжай ішінде өсе- тін дақылдар көп күтімді қажет ететіні анық. Тиісінше, өнімі де мол. Уақытында дәрілеп, құнарландырып, ішкі температураны тұрақты ұстаса болғаны. Биология пәнінің мұғалімдері Айвелюк Шигенова, Айгүл Қуанышбекова, Гүлмира Баймбетова, Айнұр Буркуловалар қолы қалт етсе, осы жерден табылады. Жылыжайдың қызанағы түйнек салып, қияры пісіп жатыр. Оны жайқалтуға «Өсімдіктер әлемі» үйірмесіне қатысатын 5-6-7-8-сынып оқушыларының үлес қосып жатқанын көруге болады. Жыл сайын мектепте эко-био жәрмеңкесін ұйымдастыру қолға алынған. Нәтижесінде көкөніс, гүл көшеттері егіліп, сатылып жүр. Жәрмеңкеде сатылған көшеттер қаржысы жылыжайға қажет топырақ пен тұқым сатып алуға жұмсалады, – дейді мектеп директорының бағдарлы жұмыстар жөніндегі орынбасары Гауһар Әлиева.
– Жылыжайда өсірілген гүлдер арқылы мектеп жанындағы оқу-тәжірибе шарасына да, мектеп ауласын көгалдандыруға да мүмкіндік туады. Жылыжайда биология, жаратылыстану пәндері бойынша практикалық жұмыстар жүргізіледі. Оқушылар мұнда көкөністер өсіруді, оларды күтіп-баптауды үйреніп қана қоймай, жасыл-желек туралы білімдерін кеңейтеді. Мектеп бітіргеніне 30 жыл болған түлектердің демеушілігімен биыл жаңа жылыжай құрылысы қолға алынып, салынды. Енді оқушылармен қарқынды жұмыс жасалып, ғылыми жоба бойынша зерттеулер жүргізілуде, – дейді мектептің іші мен сыртын гүлдендіруге, көгалдандыруға аса мән беретін, жылыжай салуға бастама көтерген және оның жұмысын тоқтаусыз жүргізуді жолға қойған мектеп-лицей директоры Гүлжахан Мұнарбаева.
Оқушылар мұғалімдерімен бірге жылыжайға қияр, тәтті бұрыш, қызанақ, қызылша, аскөк және гүлдердің түр-түрін еккен. Қазіргі уақытта жылыжайда еңбек қызған шақ. Тетігін тапса, бұл жан-жақты тиімді жұмыс болатынын түсінетін мектеп ұжымы алдағы уақытта жылыжайды одан әрі жайқалтып, өнімін арттыруды көздеп отыр.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА

21 сәуір 2024 ж. 268 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 352

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 433

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930