«Жасыл мектеп» жобасы жандануда
qarmaqshy-tany.kz Республика күні қарсаңында аудандық білім бөліміне қарасты К.Томанов атындағы №183 орта мектебінде «Жасыл мектеп» экологиялық жобасы аясында мектеп жанынан ашылған жылыжай жобасының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Жобаның салтанатты ашылу жиынына білім бөлімінің басшысы Г.Абдазиева қатысып, алғы сөз алды. Жиында ауданның бас ұстазы бүгінгі таңда инновациялық, жаңартылған бағдарлама бойынша білім беретін мектеп үшін жылыжайдың орны ерекше екенін, мұны қолға алудағы мақсат – өнімнен пайда табу емес, оқушылардың теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруды, еңбекке баулуды, экологиялық мәселелерді шешуге ықпал етуді көздейтінін атап өтіп, жобаны қолға алған мектеп ұжымына алғысын жеткізді.
Сондай-ақ, салтанатты жиында мектеп ардагері А.Томанов игі бастама аясында балалар жұмысына батасын беріп, нысанның кіреберісіне керілген лентаны салтанатты түрде қиды.
Сонымен қатар жылыжай ішінің жұмыстары таныстырылып, қатысушы қонақтар мен оқушылар өз қолдарымен жылыжайдың алғашқы дәндерін отырғызу,егу жұмыстарын жүргізді.