Жиырма жыл жетістіктер белесінде
Байқоңыр – ғарыш кеңістігіне жол салған ғажайып қала. Әлемде «Байқоңыр» ғарыш кешенін білмейтін жан жоқ десек, артық айтқандық емес. Бүгінде Байқоңыр – Қазақстан мен Ресей мемлекеттері ынтымақтастығының бірден-бір көрінісі. Әлемге аты мәлім Байқоңыр қаласында осы өңірдің негізгі мектепті бітірген түлектері үшін Қазақстанның білім беру стандартымен білім беретін, заман талабына сай – экономист, электромеханик, заңгер-кеңесші, радио техник, экономист-бухгалтер, турагент, құрылыс технигі, тігінші секілді мамандар даярлайтын бірден-бір оқу орны – академик С.Жиенқұлов атындағы Байқоңыр жоғары колледжі.
Биыл осы атаулы колледждің құрылғанына 20 жыл толып отыр. Іргетасы 2004 жылы академик Серғазы Ахметұлының басшылығымен Байқоңыр «Космос» колледжі болып қаланып, кейін 2016 жылы «Академик С.А.Джиенкулов атындағы Байқоңыр колледжі» білім беру мекемесі болып өзгертілді. Ал 2021 жылы білім ордасы жоғары колледж деген статусқа ие болды. Байқоңырдағы өскелең ұрпақтың жарқын болашағы үшін ашылған білім беру мекемесінің ерекшелігі ол – Байқоңыр қаласында Қазақстан Республикасы Білім беру стандартымен арнайы орта білімді кәсіптік мамандар дайындайтын бір ғана оқу орны болып табылады. Ғарышкерлер күні қарсаңында коллеждің құрылғанына 20 жыл толу мерекесіне орай ұйымдастырылған «Жас өнертапқыш – 2024» атты халықаралық форум өтті. Оның мақсаты – техникалық мамандықтардың әлеуетін арттыру, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының талантты студенттерінің ғылыми тәжірибелерімен бөлісе отырып, ынтымақтастықты нығайту.
Білім шаңырағының 20 жылдығына арналған форумға облыс әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай, Қызылорда облысының Техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің директорлар кеңесінің төрағасы Болатбек Ахметов, облыстық оқу орталығы кәсіптік білім бөлімінің әдіскері Ұлан Жетібайұлы, Байқоңыр қаласының өзінөзі басқару Қоғамдық кеңесінің төрағасы, мемлекеттік органдармен және қоғамдық бірлестіктермен жұмыс басқармасының басшысы Виктор Новиков, Байқоңыр қаласы әкімшілігінің сәулет және қала құрлысы бөлімінің бас маманы Серік Жанұзақұлы, колледждің әлеуметтік серіктестері, мәслихат депутаттары, қоғамдық бірлестік өкілдері, колледж және мектеп директорлары, ардагерұстаздар, ата-аналар қатысты. Форум бағдарламасы бойынша 2 секциядан тұратын іс-шара өткізілді. 1-секцияда білімгерлердің ғылыми жобаларын қорғауы бойынша «Жас өнертапқыш – 2024» халықаралық байқауы, 2-секция бойынша жоғары колледждің 20 жылдығына арналған форум өтті.
Халықаралық байқауда облыстық білім басқармасына қарасты техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары мен Байқоңыр қаласы әкімшілігінің қарамағындағы мемлекеттік бюджеттік кәсіптік білім беру ұйымдарының білімгерлері бақ сынады. Ол 3 бағыт – І бағыт – Көлік техникаларын құрастыру, ІІ бағыт – Құрылыс және энергетика, ІІІ бағыт – Авиация бойынша жүзеге асты. Аталған байқауға облыстық оқу орталығы кәсіптік білім бөлімінің әдіскері Ұлан Жетібайұлы, Байқоңыр қаласы әкімшілігінің сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы Серік Жанұзақұлы, «Жастар ресурстық орталығы» Байқоңыр қалалық бөлімінің басшысы Индира Серікқызы қазылық етті.
Байқау қорытындысында қазылар алқасының шешімімен «Көлік техникаларын құрастыру» бағыты бойынша «Көпфункциялы бензин қыздырғыш» тақырыбын қорғаған Сырдария агротехникалық колледжінің студенті Асылжан Абайұлы (жетекшісі – Бақытжан Пірмағанбетов) 1-орын, «Су электр станциясы» жобасын қорғаған Жалағаш индустриялдыаграрлық колледжінің студенті Ақниет Меирханұлы (жетекшісі – Қайрат Қабылбай) 2-орын, «Водородный двигатель» тақырыбын қорғаған Байқоңыр индустриалды техникумының (БИТ) білімгері Алексей Беляков (жетекшісі – Болатбек Мұратов) 2-орын, ал «Шиелідегі уран зауытының халыққа тигізіп отырған пайдасы мен зияны» туралы еңбектенген Қызылорда медициналық жоғары колледжінің студенті Бекзат Нағашыбай (жетекшісі – Гүлмира Жамалатова) мен «Теміржол өмірімнің сұлбасы» атты жоба әзірлеген Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжінің студенті Даяна Жолбарыс (жетекшісі – Қуандық Ерімбетов) 3-орындарды иеленді.
Байқаудағы Авиация бағыты бойынша 1-орынды «Қазақстанда спутниктерді өндіру» бойынша өз жобасын жариялаған академик С.Жиенқұлов атындағы Байқоңыр жоғары колледжінің А-120 оқу тобының студенті Нұрбол Ерболатұлы (жетекшісі – Нұргүл Әлімбаева), 2-орынды «Қысқаметражды анимациялық фильм жасауда Adobe бағдарламалық өнімдерінің мүмкіндіктерін пайдалану» туралы жоба ұсынған Қызылорда жоғары көпсалалы колледжінің студенті Жұлдызай Байзақ (жетекшісі – Нұргүл Скакова) қанжығасына байласа, құрылыс және энергетика бағыты бойынша жүлделі 1-орынды «Қол жетпейтін және адам денсаулығына зиян келтіретін жерлерде жұмыс істеуге арналған роботты құру» атты қызықты жобасымен «Оrda» жоғары колледжінің студенті Абылайхан Жомартұлы (жетекшісі – Ренат Сермаханов) жеңіп алды. «Жайлы үй» жобасын қорғаған Қазалы аграрлытехникалық колледжінің білімгері Аружан Қуанышқызы (жетекшісі – Тұрар Смағұлов) мен «Керамикалық кірпіш зауыты» тақырыбын қорғаған И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық жоғары колледжінің студенті Әділет Асылбекұлы (жетекшісі – Кенжегүл Майханова) 2-орынға ие болды. «Ветряная энергетика» тақырыбын ұсынған М.Неделин атындағы Байқоңыр электрорадиотехникалық техникумының студенті Сұлтанбек Жарқынбекұлы мен (жетекшісі – Жора Ізтаев), «Қазақстандағы демалыс орындары үшін шағын қонақ үйдің 3D жобасын» ұсынған М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің студенті Әли Ерболатұлы (жетекшісі – Ләззат Омарқызы) 3-орынды місе тұтты.
Айтулы шараның 2-секциясында Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай колледж ұжымын мерейтоймен құттықтап, жастардың – елдің ертеңі, оларды болашаққа бүгіннен дайындаудың маңыздылығын атап, байқоңырлық жастардың өнертапқыштық және шығармашылыққа деген қызығушылығын қалыптастырып, бәсекеге қабілетті мамандар дайындап, жалпы білім саласына қосқан зор үлесі үшін бірқатар колледж қызметкерлеріне алғыс хат табыстады. Байқоңыр қаласының өзін-өзі басқару Қоғамдық кеңесінің төрағасы, мемлекеттік органдармен және қоғамдық бірлестіктермен жұмыс басқармасының басшысы В.Новиков колледж ұжымын құттықтап, қалалық әкімшілік басшысы Константин Бусыгиннің және орынбасары Николай Адасевтың алғыс хатын колледж басшысы Әнуар Дәуленбаевқа тапсырды.
Форум соңында академик С.Жиенқұлов атындағы Байқоңыр жоғары колледжі, Байқоңыр қаласындағы М.Неделин атындағы «Байқоңыр электрорадиотехникалық техникумы» және «Байқоңыр индустриалды техникумы» өзара ынтымақтастық туралы екіжақты шартқа қол қойды.
Кәсіптік білім елдің дамуында шешуші рөл атқарады. Осы салада білім беру, кәсіптік мамандарды даярлап, оны өндіріске қабілетті ету – заман талабы.
Жиырма жылдық тарихы бар киелі шаңыраққа айналған колледждің бүгінгі тіршілігі, сабақ беру үрдісі, студенттердің жетістігі – бізге мақтаныш. Алдағы уақытта елдің көшін алға сүйрейтін талай талантты шәкірт осы білім ордасынан түлеп ұшары хақ. Иә, жиырма жылдық тарихы бар колледждің болашаққа деген бағыт-бағдары айқын, мақсаты берік. Сондықтан да колледж ұстаздары Қазақстанның кемел келешегіне өзінің салмақты үлесін қосатын шәкірт тәрбиелеп, елімізді алға жетелейтін дарынды да талапты болашақ мамандарды білім нәрімен сусындатуды жалғастыра бермек.
Қымбат БЕРДЕШ