» » Түлектер жұмыссыз қалмайды

Түлектер жұмыссыз қалмайды

qarmaqshy-tany.kz Қазіргі таңда қоғам алдына қойылған негізгі міндеттердің бірі жан-жақты дамыған, мамандығын жетік меңгерген, өз елінің патриоты, адамгершілігі мол жеке тұлғаны қалыптастыру. Осы аталған талаптарға сай, мамандықтарды игерген жастарға сұраныс жоғары. Нарықтағы бәсекелестік күннен-күнге артып келеді. Техникалық және кәсіптік білім беру саласында адамның табиғи ерекшеліктеріне сәйкес мыңдаған мамандықтар мен кәсіптерге мамандар дайындау – кезек күттірмейтін талап.

Байқоңыр қаласында 2004 жылы академик Серғазы Жиенқұловтың басшылығымен осы университеттің базасында Байқоңыр «Космос» колледжі ашылды. Колледждің тарихы сонау 1998 жылдан, Байқоңыр қаласында Қазақстан-Ресей Халықаралық университетінің филиалы ашылғаннан басталады. Білім беру мекемесінің ерекшелігі ол – Байқоңыр қаласында Қазақстан Республикасы Білім беру стандартымен арнайы орта білімді кәсіптік мамандар дайындайтын бір ғана оқу орны болып табылады. Колледжде Қазақстан экономикасының өндірістік деңгейін көтеруге қабілетті, теориялық және практикалық дағдыларды жетік игерген, адамгершілік қасиеттері жоғары, бәсекеге қабілетті мамандар оқытылады.

Үш қабатты оқу ғимаратында 31 оқу кабинеті, 4 зертхана, 3 шеберхана, 2 компьютер сыныбы, 1 мультимедиалық-лингофон кабинеті, 100 орындық акт залы, әдістемелік кабинет, спорт залы, медбекет, 36 орындық асхана, 18 570 дана кітап қоры бар кітапхана және 30 орындық оқу залы оқырманға қызмет етеді. Колледжде жалпы 50 бейнебақылау камерасы бар. 20-сыртта, 30-ғимарат ішінде орналасқан. Колледж 50 000 дана кітап қоры бар Ресей Федерациясының Байқоңыр қаласындағы ғылыми-техникалық кітапханасымен келісім-шартқа отырған.

Академик С.Жиенқұлов атындағы Байқоңыр жоғары колледжін 2004 жылдан бері Қазақстан Республикасының Ұлттық Машина жасау және Көлік Академиясының академигі, Қазақстан-Ресей Халықаралық университетінің профессоры, Қазақстан Республикасы «Білім беру ісінің үздігі», Қармақшы ауданының Құрметті азаматы Әнуар Дәуленбаев басқарып келеді. Қазіргі таңда колледжде 1 академик, 1 ғылым академиясының мүшесі, 1 ғылым кандидаты, 2 магистр, 5 жоғары санатты, 3 І санатты, 7 ІІ санатты, 5 жас маман, барлығы 30-дан аса инженер-педагог еңбек етуде.

Білім беру мекемесі 8 мамандық, 16 біліктілік бойынша мамандар дайындайды. «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандығы бойынша техникмеханик, автомобиль жөндеу слесарі, автомобиль көлігін жөндеу шебері біліктілігі, «Ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану» мамандығы бойынша техник-құрылысшы, құрылыс-әрлеу жұмыстарының шебері біліктілігі, «Сандық техника» мамандығы бойынша техник-электронщик біліктілігі, «Радиотехника, электроника және телекоммуникациялар» мамандығы бойынша телекоммуникациялық байланыс жүйелер технигі біліктілігі, «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандығы бойынша тігінші, техник-технолог, модельер-пішуші, арнайы тігінші, киім конструкторы біліктілігі, «Туризм» мамандығы бойынша туристік агент, туризм жөніндегі нұсқаушы біліктілігі, «Есеп және аудит» мамандығы бойынша бухгалтер, «Құқықтану» мамандығы бойынша заңгер біліктілігі бойынша білім беріледі.

Колледж ең алғашқы түлектерін 2007 жылы қанаттандырды. 2019 жылы бітірушілердің 85%-ы жұмысқа орналасса, 2020 жылы – 81%, 2021 жылы – 85% болса, өткен жылы бітірушілердің 82%-ы жұмысқа орналасқан.

Бүгінде колледж түлектері Қазақстан Республикасының және Ресейдің Ішкі істер бөлімінде, банктерде, өндірістік мекемелерде экономист-бухгалтер, байланыс, құрылыс мамандары, техник-механик, техник-электромеханик, тігінші болып жұмыс атқаруда. Колледж дипломымен Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар Ресейде де жұмысқа орналасуға болады.

«Академик С.Жиенқұлов атындағы Байқоңыр жоғары колледжі» ұжымы облыстық, республикалық, шетелдік кәсіптік білім беру оқу орындарымен тығыз байланыс орнатқан. Колледж Алматы қаласы «Қайнар» Академиясымен тығыз байланыста және Ресей Федерациясының радиоэлектротехникалық техникумымен халықаралық ынтымақтастық негізінде екіжақты меморандумға қол қойып, оқу-әдістемелік тәжірибе алмасуда.
А.САҒЫНТАЙ
09 маусым 2023 ж. 135 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№38 (10303)

14 мамыр 2024 ж.

№37 (10302)

11 мамыр 2024 ж.

№36 (10301)

07 мамыр 2024 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру!

Хабарландыру!

29 сәуір 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031