СПОРТ ҺӘМ СЕРПІН: ТОҒЫСАР ТҰС ҚАЙСЫ?
Өткен аптада аудандық Жыраулар үйінде аудан әкімінің орынбасары Самат Смағұловтың төрағалығымен спорт саласының жұмысы бойынша алқа отырысы өтті. Жиынның күн тәртібінде аудандық денешынықтыру мен спорт саласына жауапты бөлімнің өткен жылы атқарған жұмыстары мен биыл орындалар міндеттері қаралды.
Жиынға аудандық мәслихат төрағасы Әділ Қошалақов, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Әбдірахман Құлдүйсенов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков, ауылдық округ әкімдері, спорт саласының ардагерлері мен қызметкерлері қатысты.
Былтыр қыркүйекте Мемлекет басшысының Жарлығымен мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру шаралары аясында Мәдениет және спорт министрлігі қайта құру жолымен Туризм және спорт министрлігі өз жұмысын бастаған-ды. Биыл ақпанда аудандық мәслихат отырысында мәдениет және спорт басқармасын қайта құру жолымен дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімі құрылды.
Алқа отырысының күн тәртібіндегі мәселе бойынша аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрбол Мырзабаев, аудандық №16 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Ғалым Ержанов, аудандық №15 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балаларжасөспірімдер спорт мектебінің директоры Артур Әлиев және аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөліміне қарасты «Спорт клуб» КММ-нің директоры Марат Асылов өткен жылы атқарған жұмысына баяндама жасады.
Жалпы аудан тұрғындары 12 олимпиадалық, 4 ұлттық спорт, 7 олимпиадалық емес спорт түрлерімен шұғылданады. Былтыр жылдың қорытындысы бойынша барлығы 283 спорттық іс-шара өткізіліп, оған 20145 спортшы қатысқан. Ауқымды іс-шаралардан Қ.Қаражановтың жүлдесіне арналған бокстан жасөспірімдер арасындағы республикалық турнир, Ә.Серікбаевты еске алуға арналған жасөспірімдер арасында самбодан, Т.Айтжановты еске алуға арналған ерлер мен әйелдер арасында ауыр атлетикадан, «Достық жер МК» ЖШС жүлдесіне арналған дзюдодан және Е.Нысанбаевты еске алуға арналған бокстан ашық республикалық турнир өткізілген. Қармақшы ауданының 95 жылдығы аясында ҚР «Спорт күні» мерекесі кең көлемде атап өтіліп, ауданда ауыл спортшыларының спартакиадасы ұйымдастырылған. Оған барлық елді мекеннен команда қатысып, спорттың футбол, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, асық, бес асық және баскетболдан бақ сынаған. Одан бөлек, аудан орталығында жеңіл атлетикадан марафон ұйымдастырылып, Дүр Оңғар ауылында көкпардан жарыс өткізілген.
– Аудан спортшылары спорт түрлерінен жасөспірімдер, жастар және ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты мен кубоктарында 18 алтын, 15 күміс, 18 қола жеңсе, Әлем біріншілігінде 4 алтын, 4 қола, Азия чемпионатында 1 алтын, 1 күміс, 3 қола жеңіп алды. І разряд нормативін 11 спортшы, Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне 132 үміткер, «ҚР Спорт шебері» атағын Р.Келманов, Ә.Рүстемова, А.Алимов, Н.Пернебай алса, «Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағын Е.Ерғалиев және Е.Сәулебеков иеленді. Сонымен қатар 9 спортшымыз спорт түрлері бойынша ҚР құрама командаларына енді, – деді аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрбол Төлендіұлы.
Баяндама барысында спорт саласындағы түйінді мәселелер, статистикалық көрсеткіштердің төмен болуы айтылды. Соның ішінде мамандардың жетіспеушілігі, спорт залдардың аздығы, спортшылардың жарыстарға қатысуы үшін қаржы мәселесі шешілмейтіні, сонымен қатар спорт нұсқаушыларының жалақысының төмендігі мінберде қозғалды.
Мұнан соң алқа отырысында көтерілген түйткілді мәселелер талқыланып, сала мамандарының ұсыныспікірлері тыңдалды. Аудандық мәслихат төрағасы Әділ Үсенұлы мәжілісте қаралған мәселелер бойынша пайымды пікірін ортаға салды. Сондай-ақ сала ардагерлері өз тәжірибелерімен бөлісіп, ақыл-кеңестерін жеткізді.
Аудан әкімінің орынбасары Самат Қыдырбекұлы ауданда бұқаралық спортты дамыту, спорт инфрақұрылымын жетілдіру, спорт ғимараттарын күтіп-ұстау және материалдық-техникалық базасын жақсарту, әрбір спортшы үшін жайлы және қауіпсіз орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі атқару жөнінде нақты міндеттер жүктеді. Жиын соңында ауданда спорт саласының дамуына айрықша үлес қосқан сала ардагерлері мен спорт саңлақтарын арнайы Алғыс хатпен марапаттады.
Ерсін ӘЛІБАЙ