Достық ауылындағы дара кешен
Елдің дамуы үшін білімді болуымен қатар, дені сау болуы маңызды. Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы. Балалар мен жасөспірімдердің оқумен бірге, спортпен шұғылданып, өзін түрлі қырынан дамытуға қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің міндеті. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында бұқаралық спортты дамыту мәселесіне баса назар аударып келеді. Жолдау жүктеген міндеттерді әр өңір тиісінше атқаруда.
Ауылдағы бұқаралық – көпшілік спортты дамытуда былтыр ауданға қарасты екі ауылда спорт кешенінің құрылысы басталған-ды. Соның бірі – ІІІ Интернационал ауылдық округінде салынуда. Былтыр басталған жоба келер жылға өтпелі кезең бойынша биыл жалғасып, нысан таяуда ел игілігіне берілмек. Бүгінде құрылысты жүргізіп жатқан мекеме «Астана сервис LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Жобаның келісім-шарттағы құны – 364,087 млн теңге.
Ауылдық округте спорт кешенінің жабық ғимараты алғаш рет бой көтеріп отыр. Спорттық кешен заманауи қондырғылармен қамтылып, спортшылардың жаттығуы үшін барлық жағдай жасалмақ. Қазіргі таңда құрылыс нысанының 75 пайызы орындалып тұр. Ендігі кезекте сыртқы жұмыстары қарқын алған. Мердігер мекеменің бригадирі жұмысты жүйелі ұйымдастырып, уақытында бітіретінін жеткізді.
– Ғимараттың сыртын қаптау мен терезелерін салу секілді жұмыстары аяқталды. Қазір ішкі жағында бірінші және екінші қабатында әрлеу-сырлау жұмыстары жүріп жатыр. Одан бөлек, жолдарды тегістеп, асфальт төсеуге дайындап жатырмыз. Көп кешікпей жарықтандыру бойынша да жұмыстар атқарылады. Спорт кешенінің құрылысын жүргізуге жергілікті тұрғындар да жұмыспен қамтылуда, – дейді бригадир маман Нұрдәулет Бақытжанұлы.
Бүгінде құрылыс нысаны «AMANAT» партиясының бақылауында. Халық қалаулысы Дильфура Байрақтарова халық игілігі үшін салынып жатқан спорт кешенінің жұмыс сапасын жиі бақылап, уақытында аяқталуын жіті назарға алған. Ал ауыл әкімі Нұрлыбек Сайымов ауылдық ақсақалдар кеңесімен бірлесіп жұмыстың жүйелілігін қадағалауда.
– Халықтың денсаулығын жақсарту мен саламатты өмір салтын қалыптастыруға мемлекет көп көңіл бөлуде. Ауылымызда бой көтерген игі қуаныштың құрылысын «Астана сервис LTD» ЖШС өз қолына алып, жұмысы қарқынды жүруде. Былтыр басталған жоба биыл аяқталып, ел игілігіне беріледі деген сенімдеміз. Құрылыс жағында қалыс жоқ, ауыл ақсақалдарымен бірлесіп айына үш-төрт рет тексеру жүргізіп отырмыз. Бұйырса, осы кешенде жастарымыз, ауыл тұрғындары шынығып, спорттан елді мекеннің атын шығаратын саңлақтарымыз шығады деген үміттеміз, – дейді ауыл әкімі.
Аудан бойынша 142 спорттық нысан бар болса, соңғысы былтыр Жосалы кентінде денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталып, ғимарат аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің «Спорт клуб» КММ-нің теңгеріміне беріліп, қазіргі таңда қолданыста. Кешенде спорттың баскетбол, футбол, гандбол, волейбол және президенттік көпсайыс спорт түрлерінен үйірмелер ашылса, сондай-ақ №15 аудандық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің ауыр атлетика бөлімі жұмыс істеуде.
Ерсін СӘДУҰЛЫ