» » Халқы сүйген қаламгер

Халқы сүйген қаламгер

Қазақ әдебиеті шоқтығы биік тұлғаларға бай. Солардың бірегейі – Бердібек Соқпақбаев. Жазушыны білмейтін, оның «Менің атым – Қожасын» көрмеген, «Балалық шаққа саяхатын» оқымаған пенде саусақпен санарлық шығар. Ал қаламгердің ауыр тағдырын бірі білсе, бірі білмейді. Расында, тағдыр оны талай-талай соқпаққа түсірді. Сегіз жасында анасынан айырылып, жетімдіктің дәмін татты.
Колхоздастырудың зұлмат кезеңдерін өткерді. Көзі тірісінде үш баласынан айырылды. «Менің атым – Қожадағы» ақылды да сұлу Жанарды білесіз ғой? Бұл кейіпкер автордың бес жасында дүниеден өткен Жанарының құрметіне орай дәл солай аталыпты. «Менің атым – Қожа» повесіне түсірілген көркем фильм де көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп келеді. Бұл сөзсіз, қаламгер туындысының құдіреті. Көрермен қауым осы фильмді көрген сайын балалық шақтарына саяхат жасап қайтқандай болады. Бердібек Соқпақбаев бала табиғатына терең бойлап, мінезінің нәзік иірімдерін, балаға тән шыншылдықты, таңғы шықтай мөлдірлікті, періштедей пәктікті, тазалықты, адамзат баласының өн бойындағы асыл қасиеттерді жан-жақты суреттей білген дарын иесі. Ол қазақ балалар әдебиетінің мәртебесін биіктетіп, мазмұнын байытты. Әлемге мойындатты. Қаламгердің өнегелі шығармашылық жолы замандастарына, өзінен кейінгі ізбасарларына жарқын үлгі. Бердібектей жазушысы бар қазақ халқы бақытты. Оның мәңгі өлмес шығармалары, дара қолтаңбасы біздің де, бізден кейінгі ұрпақтың да жүрегін тербеп, жанын жадырата берері сөзсіз.
Жазушының тағдыры ғана емес, шығармаларының да жолы ауыр болды. Мәселен, «Менің атым – Қожа» Алматыда сынға ұшырады. Сол уақытта оны қорғайтын жан баласы табылмады. Бұл туындының тұсауын Мәскеу кесті. Ал жазушының «Өлгендер қайтып келмейді» романы оқырманның қолына үш жылдан кейін ғана тиді. Жазған туындыларының біраз жері кесілді. Ол көптеген жауһарларды дүниеге әкелді, бірақ олар кезінде бағаланбады. Қаламгер бір жазбаларында «Өтірік айтуға арым бармайды. Ал шындықты айтсаң, ешкім баспайды» дейді. Ол сұрамсақтықты да жек көрді. Өзгелер секілді «Маған атақ бер, үй бер» демеді. Содан болар, жақын досы С.Қирабаев «Бердібек пәтерсіздіктің ауыртпашылығын көп көрді. Алматының қай жерінде болса да, оның үй жалдамаған ауданы жоқ шығар» деп еске алады.
Балалар әдебиетінің классик жазушысының неге жазбай кеткені жұмбақ. Өмірінің соңғы жылдарында қоғамнан не себепті алыстағаны да, өлімі де жұмбақ. Ол – құпияға толы қаламгер. Талантты қаламгер тағдыры талай сарсаңға салып, шығармашылығына шектеу қойылса да жазуына адалдық танытқан жанның бірі. Ол туралы Мұзафар Әлімбаев «Бердібек – сөзіне берік, ісіне ұқыпты жан. Мен білетін жазушылардың ішіндегі қарапайым, шаруақоры. Өзіне де, өзгеге де қатал, тура, әділ» деген пікірде.
Биыл кемел талант иесіне 100 жыл. Қанша уақыт өтсе де, оның жарқын бейнесі мен өміршең туындылары ұмытылмайды. Себебі, Бердібек – халықтың жүрегінде. Осы орайда аудандық балалар кітапханасында қаңтар айынан бері қаламгер шығармашылығына арналған іс-шаралар жүйелі ұйымдастырылып келеді. Мәселен, «Бір ел – бір кітап» аясында «Балалар әдебиетінің бәйтерегі» атты кең көлемді 4 бөлімнен тұратын кітап көрмесі оқырмандарға таныстырылды. Одан бөлек, әр аптаның бейсенбісінде «Менің атым – Қожа» шығармасы желісінде түсірілген фильмінің көрсетілімі оқырмандар назарына ұсынылады. «Халқы сүйген қаламгер» тақырыбындағы әдеби талдауды алдағы уақытқа жоспарлап отырмыз. Мұнан бөлек те жыл аяғына дейін ұйымдастырылатын істер тізбегі көп. Осы арқылы біз оқырмандарымызға қарымды жазушының өмір жолы мен шығармаларын жете таныстыра аламыз. Бұл ретте қандай іс-шара ұйымдастырсақ та белсене қатысып, кітапханаға күнделікті келетін оқырмандарымызды атап өтсем деймін. Кітапсүйер А.Жанпейісов атындағы No105 мектеп-лицейінің оқушылары Саят Бақытбек, Ернар Сахиев, Кәусар Бауыржан, Анель Болатбекқызы, Аружан Тынысбек, Нұрдильназ Шәмші, Азамат Зұлқарнаевтар – біздің тұрақты оқырмандарымыз.
Жоғарыда айтқанымыздай, тағдыр жолы тым ауыр болған қаламгердің күні енді туды. Асылды тот баспайтыны, жабыдан жүйрік шықпайтыны белгілі. Жазушы шығармалары жер шарын аралауға көшті. 100 жылдығының ЮНЕСКО көлемінде аталатыны қазаққа бұйырған үлкен абырой. Сондықтан, бердібектанудың салмағы бұрынғыдан да арта түсетіні анық. Ал біз, кітапханашылар қауымы, оған үлес қосуға қашанда дайынбыз.
Айгүл ӘЛМҰРАТОВА,
аудандық балалар кітапханасының
кітапханашысы
31 наурыз 2024 ж. 253 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 358

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 439

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930