» » Шикізат мәселесі шешіле ме?

Шикізат мәселесі шешіле ме?

Сурет jjtv.kz
Дүниежүзінде жер көлемі жөнінде Қазақстан алғашқы ондықта тұр. Бұл – қуантарлық жағдай. Жаратқан иеміз жеріміздің асты-үстін сан алуан байлыққа әбден толтырған. Әлі де ашылмаған қазба байлығымыз қаншама?! Еліміздегі шикізат өнідірісінің жай-күйі қалай? Әлі де шикізатты шетелден тасылмалдап жүрміз бе? Саралап көрелік.

Өткен жылдың қаңтар-қараша аралығында елімізде өңделген тауарлардың экспорты 21 млрд АҚШ долларына жеткен. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа экономикалық модельге көшу басталғанын еске салып, бизнес өкілдері мемлекеттің серіктестеріне айналатынына сенім білдірген болатын. Экономикасы шикізат өнімдеріне арқа сүйеген ел үшін бұл рекордтық көрсеткіш. Жалпы былтырғы жылдың 11 айлық көрсеткішіне сүйенсек, 65 млрд АҚШ долларының өнімі экспортталған. Соның ішінде металлургия және химия өнеркәсібі, атап айтқанда, мыс және мыс катодтары, ферроқорытпа, уран, мұнай өнімдері, өңделмеген мырыш пен алюминий, ыстықтай жаймаланған табақ бұйымдар, табиғи газ ең көп сұранысқа ие өнімдер қатарында.

Жеңіл өнеркәсіп жеңіл емес
Шындығына келсек, бәріміз де өзгенің киімін киіп жүрміз. Иә, көршілердікі, одан қалды көршінің көршісінікі. Не керек, әйтеуір өзіміздікі емес. Сенбесеңіз, үстіңізге үңіліп көріңіз. Сіз киген киім қай елден шығып жатыр?

Базар аралай қалсаңыз, «Қазақстанда жасалған» деген киім таппайсыз. Жағалай импорт. Әлемдік брендтерді былай қойғанда, шетелдің арзанқол тауарынан-ақ көз сүрінеді. Қалтаға қолжетімдісі – Қытайдыкі. Сәл сапалысын кигіңіз келсе, түрік тауарына табан тірейсіз. Көз жұмып алар болсаңыз, бірнеше жыл рахатын көруіңіз мүмкін. Ал арзанқол затыңыз тек бір маусымда киюге ғана жетеді, онда да ұқыппен кисеңіз ғана. Жасыратын несі бар, тіпті іш киім мен шұлығымыз да шетелдікі.

Жеңіл өнеркәсіпке ерекше мән берген Корея, Жапония сынды елдер 70-80 пайыз өз өнімін тұтынады. Бұл ең бірінші кезекте тұрғындар үшін жұмыс орны. Мәселен, Үндістан, Түркия, Қытайда жеңіл өнеркәсіп саласында тұрғындардың 21 пайызы жұмыс істесе, Қырғызстанда халықтың 30 пайызы өз нәпақасын осы саладан табады екен. Ал біз ел-жұртты сырттан дайын өнім әкеліп киіндіріп отырмыз. Анығын айтқанда, еліміз осы айтқан мемлекеттерге инвестиция салып отыр деген сөз.

Шетел асқан шикізат
Қазақстан Еуропалық Одақ бекіткен аса маңызды шикізаттың 19 түрін өндіреді. Елімізде өндірілетін шикізаттар АҚШ, ҚХР, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, РФ, ЕО елдеріне тасмалдануда.

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, шетелдік тұтынушылар да Қазақстанда өндірілген бидай ұнын, күнбағыс майын, минералды тыңайтқыштарды белсенді түрде сатып алады екен. Өткен жылдың  алғашқы жартыжылдығында 155,9 мың тонна күнбағыс майы экспортталған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 33,4 пайызға артық. Жалпы 2022 жылдан бері күнбағыс майын сыртқы нарыққа жеткізуді арттыру үрдісі байқалуда. Сонымен қатар 2022 жылы отандық өндірушілер маргарин жеткізу көлемін 2,7 есеге арттырып, 88,8 млн АҚШ долларына жеткізді.

Қазіргі таңда Қазақстанның өндірушілері еуропалық нарыққа бериллий, тантал, титан, аммоний метаванадаты және фосфор сияқты металл және химиялық өнімдерді жеткізеді. Ал мыс өндірісі бойынша Қазақстан әлемнің үздік 10 елінің қатарына кіреді. Қазақстанда никель, кобальт, марганец және литий сияқты аккумуляторлық шикізат өндірісінің кластерін ұйымдастыру мүмкіндігі бар. Бұл прекурсорлар электромобильдердің өсіп келе жатқан өндірісі үшін шикізаттың негізгі көзі болады.

Сирек металдарды өндіру саласының негізгі проблемаларының бірі импорттық шикізатқа тәуелділік. Сондай-ақ аса маңызды шикізат өндірісінің дамуына кәсіпорындардың технологиясы мен жабдықтарының тозуы кедергі болуда.
 
Негізгі проблемалық мәселелер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауы шеңберіндегі тапсырмасы негізінде жерде сирек кездесетін металдар саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарында көрсетілген. Кешенді жоспар Үкіметтің қаулысымен 2023 жылғы 28 желтоқсанда бекітілген. Қазіргі таңда Өнеркәсіп министрлігі алдағы бес жылға қойылған міндеттерді шешу үшін жұмыс істеуде.

Қазақстан – бай мемлекет. Әлемде вольфрам қоры бойынша еліміз бірінші орында. Хром кені бойынша екіншіміз. Қорғасын, мырыш, барит бойынша – 5, мыс бойынша – 12 және алтын жөнінен 15-інші орындамыз. Одан бөлек, марганец, күміс, уран қорының мол мөлшері тағы бар. Десе де осы шикізаттың барлығы дерлік шетел асып жатыр. Әлемдегі ең қымбат металды экспорттайтын жалғыз ел – біз. Ол – осмий. Әрине, жер байлығының ел байлығына айналып жатқаны құптарлық-ақ. Бірақ соны өзімізде ұқсата алмай отырғанымыз өзекті өртейді.

Өнім – өзіміздікі, шикізат – шетелдікі
«Қазақстанда жасалған», отандық өнім десе бір бүйрегіміз бұрып тұрады. Әйтсе де елімізде киім мен аяқ киім өндірісі сұранысқа толық жауап бере алмайды. Мамандар отандық киімнің бағасының қымбат болуын шикізаттың шетелден алып келумен байланыстырады. Италиялық жібек матадан тігілген деп айтып жататыны да сол себепті.

–        Әрине, отандық өнімді алып кигіміз-ақ келеді. Бірақ бағасы қалтаға қонымды емес. Біреудің айлап, жылдап табатын қаражаты бір ғана киім алуға жетеді. Ал бізде қажеттіліктер көп қой. Табысын тауар тұрмақ тамаққа әрең жеткізетін отбасылар барын ескерсек, отандық киімді әлі кие қоюымыз екіталай секілді. Сол себепті де «бренд» қумай, базардан да жақсы киім алып жүрміз. Тек «айқайлаған» аты болмаса, қарапайым дүкеннен де сапалы киім алуға болады. Әрі қалтаны қағып түсірмейді. Үстіңізде жарасып тұрса болды емес пе?! Сайып келгенде жарқырап әдімі көрінгеніңізбен санаңыз бай болмаса, қалған дүниелік нәрсенің бәрі уақытша, – дейді Жұлдыз Асқарова. 

Елімізде жеңіл өнеркәсіптің еңсесін езіп тұрған күрделі мәселе – шикізаттың жоқтығы. Төрт түлікке бай болсақта, тері мен жүн өңдейтін кәсіпорын жоқтың қасы. Көптеген ауылда сұраныс болмаған соң, малдың терісі мен жүні күресінге тасталады. Ал бізге киім ұсынатын елдер өнімнің шығынын азайту мақсатында табиғи шикізаттың орнына химиялық қоспаларды көптеп қолданатыны тағы бар. Жеңіл өнеркәсіпке әсіресе тері өңдеу, жіп иіру, киім және аяқ киім өндірісін дамытуға қомақты қаржы салу керек. Салаға шикізат, заманауи құрал-жабдықтар мен жаңа технологиялар әкелуге мемлекет назар аударуы қажет секілді.

Сатқаннан сатып алғанымыз көп
Кез келген елдің экономикалық әлеуетін сол елдің төл өнімі көтеретіні хақ. Экспорт, импорт жайында сөз қозғағанда, біріншісі екіншісінен басым тұрса, сол елдің экономикасына да, ішкі өндірісінің дамуына да тиімді болмақ. Қазақстанда 30 жылдан аса бұл көрсеткіш керісінше болып келді, яғни қарапайым сөзбен айтқанда, шетелге сатқанымыздан сатып алғанымыз көп болған еді.

Пандемия кезінде шекаралар жабылып, импорт-экспорт саудасы күрт тоқтаған кезде Қазақстан сияқты экспорттан гөрі импортқа көбірек сүйенетін елдерге оңай соққан жоқ. Зат бағасы аспандап, базарда тауар тапшылығы туылды. Мәселен, Қазақстан бұрын бетпердені шетелден әкелетін, Қытайда індет тарап, тапшылық туындағанда, еліміз нарығындағы бетперденің дені қайтадан Қытай асты да, елімізде індет тараған кезде, жұрт қорғанатын зат таппай қиналды. Соның әсерінен 15 теңгелік бетперденің бағасы 200 теңгеге дейін көтерілді. Міне, бұл – импортқа таянудың қаншалық қатерлі екенін дәлелдейтін ең қарапайым мысал.

Экспорт ақша әкелсе, импорт шығын әкелетіні белгілі. Көптеген елдің импорт пен экспорт көлемін теңестіруге тырысатыны да сондықтан. Бірақ бұл мүмкін емес. Себебі барлық қажетті тауар мен қызмет көрсету түрлері бір ғана мемлекеттен табылуы екіталай. Осылайша, дүние жүзіндегі елдер өзінде жоқ затты өзгеден алуға мәжбүр. Қазақстан да импортқа тәуелді. Бұрын бізде импорт өсімі аралық тауарлар мен өндіріс құралдарының есебінен болса, қазір халық тұтынатын тауарлардың үлесі артты. Ұлан-байтақ жеріміз бар болса да, көкөністің көбін шетелден тасимыз. Сонда Қазақстанда осы өнімдерді өндіретіндер жоқ па?! Бар, бірақ мемлекеттің отандық өнімді қолдау саясатын әлі де жетілдіру керек секілді. Мәселен, Қытайда шетелге экспортталатын тауарларға мемлекеттен қосымша қаражат бөлінеді, бажы алынбайды. Сосын да Қытайдың әрқандай тауары біздің өнімнен арзан. Ал бізде отандық өндірушілерге азды-көпті қолдау бар болғанымен, шетелдермен салыстырғанда ол мардымсыз болғандықтан, нарықта шетел өнімдерімен бәсекелесе алмайды.

Түйінін тарқатсақ
 Мемлекет басшысы елдегі индустрияландыру процесін жалғастыру қажетін тапсырған еді. Нәтижесінде, биылғы жылдан бастап ірі шикізат өндірушілер ішкі нарықтың қажеттіліктерін қамтамасыз етуге міндетті болады. Мұндай ірі кәсіпорындар шикізатты отандық қайта өңдеу кәсіпорындарының сұранысын толық қамтамасыз еткен жағдайда ғана экспорттай алады. Осылайша, келер жылы да шағын және орта бизнесті қолдау және отандық экспорттаушылар үшін жаңа мүмкіндіктер жасау мақсатында жұмыстар жалғасады.

Ақнұр САҒЫНТАЙ
20 наурыз 2024 ж. 181 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 364

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 442

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930