Ақынын ардақтаған ел азбайды
Қазақ – әрқашан ақынын аялап, азаматын ардақтаған ел. Ақын жұмыр жердің бетіндегі жүгі ауыр мұң-наланы, қуаныш пен шаттықты жырлап, елдің жоғын жоқтап, барына байыппен қарайтын жан. Бұл – заңдылық. Жалпы поэзия әлемі – кіршіксіз таза, терең. Бұл әлемге кіремін деген жанның жүрегі жаман ойдан ада болуы шарт. Себебі поэзия адалдықты, тазалықты, тереңдікті талап етеді. Ақындар жайында айтып, поэзияға тоқтауымыздың себебі бар. Жуырда «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында Ақтөбе ауылындағы №109 орта мектепте «Оқырман жүрегінен орын алған ақын» тақырыбымен мектеп кітапханашыларының аудандық семинары өтті. Ондағы әрбір іс-шара ақынның елге деген махаббатын, елдің ақынға деген шексіз құрметін көрсетті.
Мектеп тәлімгері Ботагөз Мұртазалиева қонақтарды жасұландықтардың орындауындағы «Кітапхана» әнімен қарсы алса, мектеп психологі Еркебұлан Бодықов көтеріңкі көңілкүй сыйлау мақсатында «Сәттілік» тренингін ұйымдастырды. Мектеп кітапханашысы Гүлназ Ешниязова «Өлеңім – өмір өзенім» тақырыбында ауылдан шыққан Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі, Ақпарат саласының үздігі, өзі кетсе де, артында өшпейтін із қалдырған ақын Ибрагим Бекмаханұлының шығармалары жайында әдебисазды кеш өткізді. Оған ардагер ұстаз Қарлығаш Ермағамбетова, бірнеше жыр жинағының авторы, белгілі ақын, ұстаз Дастан Мырзабекұлы, Ибрагим Бекмахановтың ұрпақтары, бауырлары, қарындасы, «Тұрымбет жырау атындағы қордың» директоры Роза Салқынбаева арнайы шақырылды. Кешті аудандық білім бөлімінің әдіскері Айгүл Қосанова мен мектеп директоры Бақытбек Алмағамбетов сөз сөйлеп, сәттілік тілеп ашты. 9-сынып оқушысы Шерхан Елемесов жиналған жұртшылықты алдымен ақынның өмірбаянымен таныстырды. 40-қа жуық оқушы Ибрагим ақынның өлеңін жатқа оқыды. Қарасазда Мұқағали өлеңін жатқа білмейтін жан жоғын бәрі біледі. Ақын өлеңін жатқа айтушылардың көптігіне сүйсінген Роза Бекмаханқызы кеш соңында сөз алып, «ағамның жырларын тыңдағанда туған жеріміз Ақтөбе де Қарасазға айналғандай күй кештім» деп көзіне еріксіз жас алды. Келіні Назым Ранова аға жайлы естеліктерімен бөлісті. Немере інісі Жарқынбек атасы Тұрымбеттің «Өсиет» термесін орындады. И.Бекмахановтың бірнеше жыр жинағы, дастан, поэмаларынан бөлек, 24 әні бар. Ұзақ жыл ауылдық клуб үйіне меңгерушілік еткен мәдениет саласының ардагері Паузия Талқанбаева «Бейтаныс ару» әнін сүйемелдеусіз жанды дауыста орындағанда тыңдарман ерекше әсерге бөленді. Иә, Ибрагим Бекмаханұлы жас күнінен өмірінің соңына дейін қолынан қаламын тастамаған жан. Бірнеше газетте жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары, бас редактор қызметтерін атқарды. Туған жерге жиі ат басын бұрып тұратын. Ауылдан шыққан текті тұлғалар жайында тебіреніп жыр мен естелік жазып, оларды халыққа танытудан аянып қалмады. Қаламының құдіретімен туған жердің атын шығарды. Өкініштісі, жасы 70-ке қараған шағында ауырып көз жұмды. Сырда туып, қырда өскен азаматтың еңбек еткен жері Сарыарқа төсінде бірер жыл бұрын 70 жылдығына еске алу кеші ұйымдастырылып, онда ақындар арнау өлеңдер оқыған. Бұл кеште де тек ақынның өз өлеңі оқылып қана қоймай, арнаулар да айтылды. Роза Бекмаханқызы жоғары деңгейдегі кешті ұйымдастырушы мектеп директорына, оның оқу ісі жөніндегі орынбасары Тұрсынай Байдрахмановаға, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қыдырбек Сәденовке, кітапханашы мен атсалысқан барша мұғалімдерге Тұрымбет жырау атындағы қордан алғыс хат пен сыйлық табыстады. Ардагер ұстаз Қарлығаш Ермағамбетова ауылдан шыққан белгілі тұлғалар, оның ішінде ақындарға тоқталып, мағыналы әңгімелер айтты. Кеште Дастан Мырзабекұлы да тебірене сөз сөйлеп, айтылған тұшымды пікірлерге өз ризашылығын білдірді. Мағыналы да мәйекті ойларды ортаға салған жандарға, әсіресе жастарға есті сөз, ескі сөз айтты.
«Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында ағылшын тілі пәні мұғалімі Мақпал Жақсыбекова 6-сыныпқа «Мен оқыған бір ертегі» тақырыбында сынып сағатын өткізді. Онда ертегі кейіпкерлерінен құралған сахналық қойылымдар қойылды. Эльмира Медеубаева жетекшілік ететін 11-сынып қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Тұрсынай Берікбаева «Ақын ұлттың жүрегі» тақырыбында Мұқағали Мақатаев, Әбділда Тәжібаев, Дастан Мырзабекұлының шығармалары жайында сыныптан тыс жұмыс көрсетті. Семинар соңында Гүлназ Асарбайқызы жиналған қонақтармен топтық ойын ұйымдастырды. Өзінің орындауындағы «Кітапхана мен оқырман» әні барша қауымды руханият ордасы, білімнің қазынасы – кітапханаға шақырып тұрғандай күйге бөледі.
Аудандық білім бөлімінің әдіскері Айгүл Қосанова тебіреніске толы кездесу кешін ұйымдастырған мектеп ұжымына, атсалысқан ұрпақтарына алғысын білдірді.
Мектеп директоры Бақытбек Алмағамбетов өз сөзінде мөлдір поэзиясымен әдебиетіміздің көкжиегін кеңейткен ақындардың жауһар жырлары халқымен бірге мәңгілік жасай беретінін атап өтті. Ауылдық клуб үйінің қызметкерлері Руслан Байғараев пен Сұлтан Қуанышов жырдан шашу шашты. Салиқалы сөз бен салмақты саз жарасым тапқан кеш соңы естелік суретке түсумен тәмамдалды.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА