ЕРЖҮРЕК ШӘКІРТТЕР
Бауыржан Момышұлының «Ешкім батыр болып тумайды. Батырлық та мінез секілді өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады» деген сөзі бар. Соғыс уақытында ғана емес, бейбіт күнде де ерлік көрсетіп батыр атануға болады. Еліміздің тұрғындары мен азаматтарын мектепте оқып жүріп те, сабақтан тыс уақытта да әртүрлі өмірлік қиындықтардан құтқарып қалған ержүрек жандар аз емес. Солардың бірі – №269 орта мектептің 10 сынып оқушылары Әлімжан Қуатбаев пен Азамат Құдайбергенов. Олар осы мектепте бірінші сыныптан бастап білім алып келеді. Мектеп өміріне белсенді спортсүйер екі дос баскетбол ойынының қыр-сырын меңгерген. Әдеттегідей күнделікті спорттық үйірмеден келе жатқан оқушылар жол үстінде тосын жағдайға тап болады
Балалардың айтуынша, олар үйдің мұржасынан шығып жатқан жалынды байқайды. Сыртқы есік жабық болғандықтан, шартақтан секіріп, есігін қағады. Үйдегі адамдардың ұйықтап жатқанын аңғарған соң, бірден «101» нөміріне қоңырау шала жүріп, үй иесін оятады. Сол күні үй иелері ерте ұйықтап қалған екен. Оқушылар отбасында әкесі, анасы, кәмелеттік жасқа толмаған екі баласы бар екенін байқайды. Үйге кіріп барлығына дауыстап айқаласа, ешкім дыбыс шығармайды, барлығы тарс ұйқыда жатыр екен. Дыбысқа оянған отағасы оттың өшіп тұрғандығын айтады. Жан-жақтарына абайлап қараған олар шоқ үйдің төбесінен шығып жатқанын байқап, үй иесі төбеге шығып, ондағы қамыстардың тұтанып жатқанын айтады. Сол кезде Азамат балаларды және олардың аналарын сарайға кіргізіп, көрпе-төсектерді, үйдің, отбасы мүшелерінің құжаттарын сыртқа шығарады. Ал Әлімжан отағасына су тасып береді. Осы кезде Төтенше жағдайлар қызметі, полиция келіп үлкен өрттің алдын алады. Барлық оқиғаға хаттама толтырылады. Үй иесі мен құтқарушылар ержүрек балаларға алғысын жаудырды. Өйткені олар түгелдей бір отбасын айтусыз келетін апаттан сақтап қалды. Осындай оқушыларға қалай сүйсінбеуге болады? Бұл хабармен құлақтанған біздер батыр оқушылар білім нәрін алатын мектеппен байланыстық.
– Бұл жалпы әрбіріміздің басымызға кенеттен келер қауіп қой. Осындайда дереу шешім қабылдап, батыл әрекетке көшкен оқушыларымызбен мақтанамыз. Осы оқиғадан соң мектеп директоры А.Кәжденбекқызы бейбіт күннің батырлары атанған қос оқушымызды оқушылар жиынында өз ризашылығын білдіріп марапаттаса, аудандық төтенше жағдайлар қызметінің басшысы оқушыларымызды және сынып жетекшісі А.Елубаеваны арнайы шақыртып, өз алғысын білдірді. Арнайы алғыс хат табыстап, сый-сияпат көрсетті. Әлімжан мен Азаматқа, олардың бойына білім мен тәрбиені ұштастыра білген әріптестеріме, балалардың ата-аналарына алғысымыз шексіз. Себебі мектеп – оқушының білімге құштар, тағылым мен тәрбиенің тамыры десек, отбасы – баланың шыр етіп дүниеге келген күнінен бастап бала бойына ерекше қасиеттерді дарытатын негізгі отаны. Сол тоғысқан тәрбие бүгінде осылай жемісін беруде. Мектеп өміріне белсене араласып, спортты сүйетін қос батырдың болашағы жарқын болсын! – дейді мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Жасұлан Жұматайұлы.
Иә, қаннен-қаперсіз ұйқыда жатқан адамдарды қауіптен құтқару үшін де үлкен жүрек пен жанашырлық керек. Сол көшеден өтіп бара жатқанда көзбен көрген көрініске көз жұма қараса, арғы жағын ойлаудың өзі қорқынышты. Не десек те, аңғарымпаз алғыр ұлдар екінің бірінің қолынан келмес ерлік жасады. Олар – енді елдің ұлдары.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА