Жүректілік – жігіттің қасиеті
ЕЛІМІЗДЕГІ ӘРБІР КӘМЕЛЕТТІК ЖАСҚА ТОЛҒАН АЗАМАТТЫҢ ОТАН АЛДЫНДАҒЫ ПАРЫЗЫН ӨТЕУІ МІНДЕТ БОЛЫП САНАЛАДЫ. ОСЫНДАЙДА ХАЛЫҚ ҚАҺАРМАНЫ, ҚАЗАҚТЫҢ БАТЫР ДА ҚАЙСАР ҰЛЫ БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫНЫҢ "ЕРЛІК-ЕЛДІҢ ҚАСИЕТІ, ЖҮРЕКТІЛІК-ЖІГІТТІҢ ҚАСИЕТІ", "ЕШКІМ ІШТЕН БАТЫР БОЛЫП ТУМАЙДЫ: БАТЫРЛЫҚ, МІНЕЗ СЕКІЛДІ ӨСКЕН ОРТА, КӨРГЕН ТӘРБИЕГЕ БАЙЛАНЫСТЫ ҚАЛЫПТАСАДЫ", "ЕРЛІК- ТАЙСАЛМАС ТАБАНДЫЛЫҚ ПЕН ҚАЙЫСПАС ҚАЙСАРЛЫҚТАН ШЫҒАДЫ", "ОТАН ҮШІН ОТҚА ТҮС - КҮЙМЕЙСІҢ" ДЕГЕН ДАНАЛЫҚ СӨЗДЕРІ ЕРІКСІЗ ОЙҒА ОРАЛАДЫ.
Ер азамат қалай дегенде де елдің қорғаны, айбыны мен бетке ұстары. Сол себепті де әрбір жігіттің өмірінде бір мәрте орын алатын әскери борыш – жас азаматты батылдыққа, қайтпас қайсарлыққа, батырлыққа тәрбиелейді. Физикалық және рухани жағынан да шынықтырып, ширатып шығарады.
Тәуелсіз Жаңа Қазақстанның тыныс-тіршілігінде әскердің алар орны мен атқарар қызметі орасан зор. Қазіргі таңда ауданда ҚР Президентінің 2022 жылғы 4 наурыздағы No827 Жарлығына, Үкіметтің 2012 жылғы 15 мамырдағы No620 және аудан әкімдігінің 2022 жылғы 9 наурыздағы No117 қаулыларына сәйкес 1995-2004 жылы туылған азаматтарды осы жылғы күзгі мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстары жүргізілуде. Аудан әкімдігінің қаулысына сәйкес, шақыру комиссиясының құрамы, шақыру кестесі бекітіліп, мерзімді әскери қызметтен жалтарғандарды іздестіру жұмыстары аудандық полиция бөліміне тапсырылды. Аудандық әскери басқару органы жабдықталған әскери шақыру пунктімен қамтамасыз етілсе, жыл сайын әскери міндетті атқару шеңберінде іс-шараларды жүргізуге, атап айтқанда шақыру пункттерін дәрі-дәрмекпен, құрал-сайманмен, медициналық және шаруашылық мүліктермен қамтамасыз ету шығындарына аудандық бюджеттен қаржы қарастырылуда. Шақыру пункті медициналық құрал-жабдықтармен 100%-ға толық қамтамасыз етілген. Биылғы көктемгі мерзімді әскери қызметке ауданымыздан барлығы 43 азамат жіберілсе, оның 10-ы ҚР ҰҚК шекара қызметіне, 16-сы ҚР Қарулы Күштеріне, 17-сі ҚР Ұлттық Ұланға ерік білдіргендер.
Сондай-ақ күзгі мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстары жылдағы дәстүрмен қыркүйектен басталып, оған қатысты тиісті жұмыстар атқарылуда. Бүгінде күзгі мерзімді әскери қызметке ауданымыздан 2 азамат Отан алдындағы борышын қорғауға аттанып отыр.
Көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстарына байланысты осы жылдың 1 наурызы мен 30 маусымы аралығында электронды үкімет порталында «Е-лицензиялау» сервисі арқылы 135 өтініш келіп түсті. Атап айтқанда «Әскерге шақыруды кейінге қалдыру мемлекеттік көрсетілетін қызметі бойынша» 87, «Азаматтарды әскери қызметке шақырудан босату мемлекеттік көрсетілетін қызметі бойынша» 48 өтініш түсіп, орындалды.
Күзгі мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстары бойынша биылдың 1 қыркүйегінен бастап, «Е-лицензиялау» сервисі арқылы 5 өтініш түссе, оның 4 өтініші «Әскерге шақыруды кейінге қалдыру мемлекеттік көрсетілетін қызметі бойынша» және 1 өтініш «Азаматтарды әскери қызметке шақырудан босату мемлекеттік көрсетілетін қызметі бойынша» түсіп, тиісті мемлекеттік органдарға жолданған.
Әскерге шақыру жұмыстарын ауданымыз жоғары деңгейде ұйымдастырып келеді. Жыл сайын өңірден әскерге 100-ге жуық азамат аттанып, азаматтық міндетін абыроймен өтеп келуде. Олар өздерін жақсы қырынан көрсетіп, жоғары жауапкершілікпен өткеруде. Дегенмен әскерге баруға жастарымыздың патриоттық сезімі жеткілікті деңгейде емес екендігі де осындайда байқалып қалуда. Біз – тарихта қайсар мінезімізбен, табанды ерлігімізбен танылған халықпыз. Ғасырлар бойы бабаларымыз «Ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен» Ұлы даламызды қорғап, сырттан төнген жауға бір қадым да жерді бермей, туған атамекенімізді бүгінгі ұрпаққа аманат етіп қалдырды. Осы орайда даңқты бабамыз Бауыржан Момышұлы «Батырлық – табиғат сыйы емес, бұл патриоттық борышыңды орындау үшін өзіңді-өзің қауіпке қарсы саналы түрде зорлап көндірудің нәтижесі. Мұндайда адам өз достарымен тек игілікті ғана емес, сонымен бірге қатерді де бөлісе отырып, жауды жою арқылы өзін және отандастарын қауіпсіздендіруге тырысады. Өзінің азаматтық ары мен намысын ездіктен, масқаралықтан қорғайды, өз бойындағы осындай асыл қасиеттерін ашып көрсете түседі» деп намысты оятып, жігерді жанитын кереметтей қанатты сөздерін айтып кеткен.
Киелі топырақтан түлеп ұшқан біздің ауданымыздың жалынды жастары уақыт келгенде батыр аталарымыз сияқты бейбіт заманға лайық ерлік көрсетіп, Отан алдындағы борышын абыроймен атқарады деген сенімдемін.
Дәуіржан БИСЕМБАЕВ,
аудан әкімі аппаратының терроризм профилактикасы, жұмылдыру дайындығы,
азаматтық және аумақтық қорғаныс жұмыстары бөлімінің басшысы