Мерекеге толы мезгіл
Фото
Көпшілік қауым көктемді асыға күтетіні сөзсіз. Себебі көрікті жыл мезгілінің кереметі сіздің де, біздің де көңілімізге қуаныш сыйлайды. Көктем – жер дүниенің жаңаруы. Мал төлдеп, өзен мұз құрсауынан құтылатын кез. Құстар қайтып, тіршілік оянатын сәт. Қар көбесі сөгіліп, бәйшешек қауыз жарады. Күн мен түн теңеліп, бар жаратылыс жанданады. Көктем жайлы ән де, жыр да көп. Одан бөлек, тек көктемге ғана тән көпшілік біле бермейтін тылсым құбылыстар да бар. Бөлісе кетсек.
Мәселен, көктем жылулығына ең бірінші өсімдіктердің тамыры сыр береді. Олар 7-8 градус жылылықта белсенді түрде өсе бастайды. Сондайақ көктем келе салысымен киім ауыстыратын біз ғана емес. Қояндар, тиіндер мен басқа да жануарлар ашық түсті ішіктерін қошқыл түске ауыстырады. Тағы бір қызығы, барлық құс туғанынан шырылдай алады. Бірақ жай шырылдау оларға аздық етеді, әр құс өз тұқымына тән әндерді үйренуі тиіс. Мұны олар тек келесі көктемде, яғни 300 күн толғанда толық меңгереді. Ал балқурай көктем гүлі түсін төрт рет ауыстырады. Алғаш бүршік жарғанда алқызыл, сосын қызылкүрең, күлгін және кейін көк түске бөленеді. Бұл өзгерістің барлығы бір мезгілде орын алады. Айта кетерлігі, көктем әлемнің барлық аймағына наурыз, сәуір, мамыр айларында келмейді. Мысалы, Аустралия, Аргентина мен Мадагаскарға көктем қыркүйекте келеді. Ал Женеваға көктем кантоналды әкімшіліктің терезесінің алдында «ресми талшын» бүр жарғанда ғана ресми түрде келеді. Әдетте, салт бойынша көктемнің келгенін ол наурызда «хабарлайды», бірақ кейде ол дәстүрді бұзып тұрады. Мысалы, 2002 жылы талшын 29 желтоқсанда бүр жарған, ал 2006 жылы екі рет гүлдеген – наурызда бір, ал кейін қазанда бір. Біздің атабабамыз бұл тұрғыда көкекке сенген. Ежелде көкек шақыра бастағанда көктем келді деп есептелген.
Жалпы барша тіршілік иесі көктемді асыға күтетін секілді. Ал біз үшін көктем мезгілі – мерекелер мезіреті. Алғыс айту күнімен басталатын көрікті көктемде мейрам көп. Одан соң аяулы ана, ардақты әже мен қырмызы қыздар мерекесі. Мұны атап өтіп, көтеріңкі көңілмен жүргенімізде қасиетті Рамазан айы кірмек. Еліміздің кейбір аймағында амал мерекесі тойланады. Әрі қарай әз Наурызды қарсы аламыз. Сәуірде Қозы Көрпеш – Баян сұлу күнін атап өтсек, мамырды да мерекемен бастаймыз. Алғашқы күні бірлік күні тойланса, 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні, 9 мамыр – Жеңіс күніне ұласады. Мамыр соңында оқушылар тағы бір сыныпты аяқтап, біршамасы өмірдің жаңа бір кезеңіне қадам басады. Ал бұл уақыттағы табиғаттың сұлулығы, күннің жылылығы бөлек әңгіме. Күннің көзі жарқырап, жанға жылу сыйлайтын, мерекелі де берекелі көрікті көктемге қош келдіңіз дейміз.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ