Шуақты мереке шаттыққа бөледі
Көктемнің шуақты мерекесі 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында ауданның ардақты аналары мен қыз-келіншектері ерекше құрмет төрінен көрінді. Аудандық мәдениет үйінде «Сіздер үшін, махаббатпен» атты мерекелік кеш өткізілді. «Томирис» би ансамблінің «Самал сезім» атты би композициясымен мерекелік шараның шымылдығы түрілді.
Салтанатты іс-шарада аудан әкімі Жандос Еркінбек сөз алып, барша аудандағы аналар мен әйелдерді, қызкеліншектер қауымын төл мерекелерімен құттықтады.
– Аяулы аналар, құрметті қыз-келіншектер! Сіздер барда сәбилеріміздің жүзінен күлкі кетпей, ер-азаматтарымыз еңсесін тік көтеріп жүре бермек. Әрдайым ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық және рухани дамуының куәсі болып, халқымыздың қасиеті мен қадірін дәріптеу жолында үлес қоса беріңіздер. Кент орталығындағы «Асыл ана» ескерткіші анасын ардақтайтын Қармақшы жұртшылығының әйел-анаға деген шынайы құрметінің көрінісіндей. Өйткені бұл жарық дүниеде анадан артық, анадан құрметті, анадан қасиетті пенде жоқ. Баршаңызға ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық, баянды бақыт, шуақты күндер тілеймін. Көктеммен бірге келген 8 наурыз мерекесі барша әйел-азаматшаларға құтты болсын. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын! – деп ізгі лебізін жеткізді.
Салтанатты шара барысында түрлі салада елеулі қызмет етіп, белсенділігімен көзге түскен, үздік деп танылған бір топ нәзікжандыларға облыс әкімінің және аудан әкімінің құттықтауы табысталды.
Мерекелік кеш одан әрі аудан өнерпаздарының концертіне ұласты. Айтылған ізгі тілектер мен шырқалған әннің бәрі дерлік асыл ана, адал жар, аяулы апа-қарындастар тақырыбында өрбіп, әйелдер қауымын үлкен қуанышқа кенелтті.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА