Өз ісінің маманы
Халыққа қызмет ететін адамның адалдығы және әділдігі, өз жұмысына деген жауапкершілігі, қоғам мен азаматтардың сенімін туғызуы – бұл мемлекеттік қызметкердің міндеті. Осы тұста Алаш зиялысы Әлихан Бөкейханов «Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деп елмен етене жұмыс істеу үшін жағымды мінез-құлықтың қажет екенін жеткізген. Сондай-ақ осы саладағы маман мемлекеттің бет-бейнесі, қоғам алдындағы тәртіптің үлгісі болмақ.
Жалпы елге қызмет етемін деген әрбір адам, оның ішінде мемлекеттік қызметкер «Мен бұл жерден не аламын?» деп емес, «Мемлекет болашағы үшін не істей аламын, қоғамға не бере аламын?» деп ойын сүзгіден өткізіп, ойлануы тиіс. Себебі бұл қызметке орналасу, ең алдымен жүрек қалауы, одан соң сана сезімнің ұштасуымен көрініс табады. Сондай жан қалауының арқасында мемлекеттік қызметтен өз орнын тапқан жанның бірі – Индира Оразбаева.
Бұрын үлкен қызметтегі ақ жағалы көйлек пен келісті костюм-шалбар киіп, мойнына галстук байлаған мемлекеттік қызметкерді көргенде көз тоя қарағанымыз рас. Сырт келбетіне сүйсіне қарап, осы кісілер секілді бір саланың тізгінін ұстасақ деген арманымыз да болды. Осыдан он үш жыл бұрын Индира Әлиқызы да дәл осындай арманның жетегінде жас мамандарға арналған «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы ая- сында аудан әкімдігінде алғаш еңбек жолын бастаған. Одан кейін аудан әкімі аппаратына маман болып жұмысқа қабылданады. 2013 жылы қызмет сатысы жоғарылап осы салада инспектор, статистик болып жұмысын жалғастырады. Жұмыс істей жүріп Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінен «Құқықтану» мамандығын сырттай оқып, заңгерлікті меңгереді. 2016 жылы мемлекеттік қызметкер болып, аудан әкімі аппаратының кадр жұмысы (персоналды басқару) бөлімінің бас маманы қызметіне қабылданса, қазіргі таңда осында бас инс- пектор қызметін атқаруда.
– Мемлекеттік қызметке келу үшін жас маманға ең алдымен тәжірибе жинақтау қажет деп ойлаймын. Мен кадр жұмысы бөлімінде екі жылдан аса келісім-шарт негізінде қызмет істедім. Мемлекеттік қызметке үміткерлерге арналған тестілеуден жылма-жыл өтіп, бос лауазымға конкурс басталған сәтте үміткер болып құжат тапсырып, әңгімелесуден өтіп, қызметке орналастым. Қызметтегі ағай, апайларымыз бізге, яғни сол уақыттағы жас мамандарға ұстаздық етті десем қателеспеймін. Сол кісілердің біліктілігі мен ұстанымы, кей уақыттағы қаталдығы, мол тәжірибесі жас буынға қызмет жолын таңдауға, сол жолда білікті маман болуға, сонымен қатар әдеп нормаларын ұстануда үлкен септігі тиді, – дейді ол.
Жалпы мемлекеттік қызметшілер – мемлекеттік саясатты қалтқысыз жүзеге асыратын, мемлекетпен халық тарапынан сенім білдірілген, заңмен үлкен жауапкершілік артылған тұлғалар. Бұл тұрғыда маманның өзі де «Мемлекеттік қызметші – қоғам мен билік арасындағы алтын көпір деп есептеймін» дейді. Иә, бұқарамен байланыс орнатып, түрлі оқиғалармен бетпе-бет келетін мемлекеттік қызметкерлердің жұмысы жеңіл деуден аулақпыз.
Индира Әлиқызы ауданға белгілі теміржолшылар Оразбаевтар отбасында тәрбиеленген. Алайда әке жолынан бөлек басқа саланы таңдаған. Бүгінде қызметіндегі біліктілігі ескеріліп, өткен жылдың қорытындысында «Жылдың үздік мемлекеттік қызметшісі» атанды.
Ерсін СӘДУҰЛЫ