"Қуаңдария сурына" барар жол
Мал шаруашылығындағы болашағы мол деп табылған қаракөл сұрыптарын жетілдіру ісі біздің облыста сонау 30-жылдардың бас кезінде-ақ өркендей бастаған еді. Ол Өзбекстаннан, Түркімениядан және өзіміздің Шымкент облысынан әкелінген қаракөл қошқарлары мен қазақтың құйрықты қойларын будандастыру негізінде өрістетілді.
Жерімізде бұрын өсірілген құйрықты қой тұқымдарын түгелдей қаракөл бағытындағы қойға айналдыру шаруашылығымыздың басты бағытына айналды. Тап осы кезде облыстағы қаракөл өнімі Қазақстанда жалпы дайындалатын қаракөлдің 25 пайызы шамасында болған болса, оған 1964 жылы жаңадан құрылған Қуаңдария кеңшары еңбекшілері мен шопандары да елеулі үлес қосты.
Кеңшар қаракөл қойларының бірнеше ұрпағын будандастыру арқылы сапалы жаңа сұрыптарын өндіру, оның ішінде «сур» деп аталатын түрін жетілдіруді мақсат етті. Бұл арада жалпы атауы ауызекі «сұр» аталып кеткенімен қаракөлдің «сұр» және «сур» түсті екі сұрыбы болғандығын айта кетуіміз керек. Сол кездегі деректерге жүгінсек, 1960-жылдардың аяғында облыста қаракөл қойын өсірумен айналысатын 29 кеңшардың 13-інде қара қаракөл, 6-уында сұр реңді қаракөл, 4-уінде сур түсті қаракөл өндірілген. Қалған шаруашылықтар көк түсті елтірі сұрыптарын жетілдірумен шұғылданған. Бұлай қаракөлдің жеке түрлеріне жете мән беріліп, оны өнім ретінде сұрыптау, шаруашылықтарды өндірістің осы түріне мамандандыру ісі негізінен 1968 жылы басталды.
Бір деректер «Облыстағы Қараөзек, Арал кеңшарлары жакеттік типтегі қара түсті қаракөл, Еңбекші кеңшары – қабырғалы типті қара түсті қаракөл, Сырдария кеңшары – көгілдір сур және күмістей жылтыр қаракөл, Қуаңдария кеңшары – жарты орамды күмістей жылтыр сур қаракөл, Аманкелді атындағы кеңшар – қабырғалы типті қаракөл, Іңкәрдария кеңшары – жарты орамды алтын түсті сұр қаракөл, Тартоғай кеңшары – жарты орамды янтарь түсті қаракөл өндірудің селекциялық жолдарын қарастырып, 1970-жылдардың ортасына қарай қаракөлдің межеленген сұрыптарын алуға қол жеткізді» деп көрсетеді. (Кітапта: Ауыл шаруашылығын өркендету жүйесі жөніндегі ұсыныстар. Қызылорда облысы, А, «Қайнар» 1980 ж. 185-бет).
Сол кездерде біздің ауданда Қармақшы кеңшары қара, Қуаңдария кеңшары сур, Жаңақала (кейін батыр Т.Көмекбаевтың атын алды) кеңшары көк түсті қаракөл өндіруге мамандандырылды. Қуаңдария совхозына 1966 жылы Түркіменстандағы Мары облысының «Учадыга» мал тұқымын асылдандыру стансасынан 1300 ұрғашы тұсақ әкелініп, №2 фермадағы маңдайалды шопандар Абат Жекеев пен Тұрлыбай Жұбатовтың алдына бекітіліп берілді. Осы кезден бастап №2 ферма шопандары сур қаракөл өсіру жөніндегі үлгі-тірек учаскесі болып қалыптасады деп жобаланып, ферма мамандары соған сәйкес өзінің білімі мен тәжірибесін жетілдіріп отыруға міндеттелді.
Әкелінген тұсақтар қабырғалы (ребрисый) және біркелкі (плоский) толқынды елтірі беретін тұқымнан еді. Осы саулықтарды қолдан ұрықтандырып, жаңа тұқым шығару үшін Өзбекстанның Самарқан облысындағы «Нұр-Ата» мал тұқымын асылдандыру зауытынан 150 бас асыл тұқымды қошқар сатып алынды. Келесі жылы осы екі отардан сұр елтірілі ұрғашы қозылар іріктеліп, өз алдына 1 тұқымдық отар жасақталды. Мұның өзі совхозда қаракөл тұқымының жаңа сұрыптарын өндіріске әкелудің алғашқы қадамдары еді. Келесі жылы бұл отарға Шымкент облысындағы «Сүткент» мал тұқымын асылдандыру стансасынан алдырылған қошқарлар салынып, алынған жаңа сұрыпты қаракөлдің орташа бағасы едәуір өсті.
1972-1973 жылдары осы тұқымдық отарлардан өрген қозылар дене бітімі шымыр, салмағы басқа отарлардан өрген қозыларға қарағанда 6-8 келі артық, жүні қылшықты және тығыз, жергілікті табиғаттың ыстықсуығына төзімді, ширақ болып өсе бастады. Сол кездегі мамандардың айтуы бойынша қойдың бұл тұқымының жүні де көкшулан ұзын, бояуға бейімделгіштік қасиеті жоғары болып, жабағы және күзем жүндерін қоса есептегенде, әр саулықтан алынған жүн салмағы басқа қойлардан 700-800 грамм артық болған сияқты.
Егер алынған өнімнің санына ғана қарамай сапасына мән берілген жағдайда бұл тұқымның экономикалық тиімділігі жоғары болып, совхозға қыруар пайда әкелетіні сол кезде-ақ жан-жақты көрінді. Осылай жетпісінші жылдардың аяғына қарай Өзбекстаннан сатып әкелінген асыл тұқымды қошқарлардың жергілікті қаракөл қойымен будандастырылу ісі сур қаракөл бағытындағы қой санының арта түсуіне әкелді.
Алайда жоғарыдан келген пәрмендер бойынша көрсеткіштерге ғана жүгініп, сан қуалаушылық саясаты көздеген деңгейдегі асыл тұқымды мал өсіру ісіне кері ықпалын тигізбей қойған жоқ. «Әр жүз аналықтан пәлен бастан төл келтіру» сияқты «атан жарыстың» кезінде сапаның төмендеуі, іріктелген отарлардың ішінде қара қаракөл, көк қаракөл қойларының араласуы сияқты жағдайлар болмады деп те айта алмаймыз. Сондықтан асыл тұқымды қойларды будандастырудың бірнеше кезеңінде шығады деп күтілген «Қуаңдария сурының» дүниеге келуі кешеуілдеп, тағдырының тығырыққа тірелген жайлары да аз болған жоқ.
Бұл туралы облыстық «Ленин жолы» газетінің 1978 жылғы май айындағы бір санында жарық көрген Ахат Жанаевтың «Жібекті түте алмаған жүн етеді», «Социалистік Қазақстан» газетінде 26 май 1982 жылы жарық көрген Қойшығара Салғариннің «Қуаңдария суры. Ол қандай?» деп аталған мақалаларында жанжақты жазылды.
Осы орайда Самарқандағы В.Куйбышев атындағы ауыл шаруашылық институтының Бүкілодақтық қаракөл факультетін бітіріп келіп, мамандығы бойынша совхозда селекционер-зоотехник болып жүрген Жауынтай Нұртаевтың күйек алу науқаны алдындағы совхоз басшыларына жасаған мына бір хабарламасын назарларыңызға ұсына кетейін:
– Совхоз малшылары мен мамандары алдында аса жауапты, бір жылдық көрсеткіш өнімнің негізі – тірі сақтайтын төлі, экспортқа шығарылатын тауар – елтірісі ғой, – деп жазыпты ол өз баяндамасында. Совхоз өткен жылы мемлекетке 12 358 дана қаракөл елтірісін өткізді. Соның 3537 данасы жакеттік тип те, 3847 данасы сур елтірі еді. Шаруашылық бойынша сатылған әрбір қаракөл елтірісінің орташа бағасы 28,20 сомнан айналды. Рас, бұл жылдағыға қарағанда ілгері басқандық. Алайда сату бағасында біз жеткен көрсеткіш республика бойынша өткізген елтірінің орташа бағасымен бірдей екенін ескермеске болмайды. Бұдан бүгінгі көтерілген биіктің жеке совхоз үшін тым аласа екенін аңғару қиын емес.
Өткен мал төлдету науқанында көптеген кемшіліктерге орын беріп алдық. Зоотехникалық ереже барлық жерде бірдей сақталмады. Есеп-қисап жұмыстары ақсап жатты. Қаракөлдің барлық технологиясын рационалды түрде жүргізбедік. Соның салдарынан совхоз кассасына түсетін мол ақшадан айырылып қалдық. Мысалы, былтыр мемлекетке совхоз бойынша жоспарланған 18 700-дің орнына 12 358 дана ғана елтірі тапсырылды. Осыған орай жоспарда көрсетілгеніндей 479 566 сом табыс табудың орнына 344 208 сом ғана алдық. Осының бәріне кінәлі өзіміз ғана болатынбыз. Мемлекетке өткен қаракөл елтірісінің технологиясын бұзуға жол бердік.
Атап айтқанда, тек жыртылған, қолдан кесілген, күнге қураған, тұзға күйдірілген, дұрыс тазартылмаған, тағы басқа ақаулар жіберудің салдарынан 12 252 сомнан бір айрылдық. Сондай-ақ жүні өсіп кеткен (яхобаб) немесе жүні жетілмеген (галяк) терілер өткізіп, 7514 сом зиянға отырдық.
Мұның сыртында стандартқа жатпайтын көлемі жоқ терілер тапсырып, айып төледік. Осылардың бәрі жиылып келіп совхоз кассасына түсетін 21 мың сомды қолымыздан жұлып әкетті. «Кемшілікке кеңшілік жоқ» дегендей ол кездегі жиналыстарда ақсап жатқан жұмыстың бағасы көпшілік алдында уақытылы беріліп, кінәлі адамдарға тиісті шара көріліп отыратын. Осындай уытты, нақты дәлелдемелерімен айтылған сыннан кейін алдағы жұмыстардың бағыты белгіленіп, аталған кемшіліктерді болдырмаудың жолдары қарастырылатын. Мұның өзі шаруашылықта жүргізіліп жатқан жұмыстардың жақсы жақтарын теріп алып, судыратып өте шығатын есептерден әлдеқайда әсерлі, өндірістің дамуына ықпалын тигізетін шаралардың бірі еді.
«Қуаңдария сурын» жасап, сур қаракөлдің тек Қуаңдарияда ғана өсірілетін жаңа сұрыбын қалыптастыру жолындағы Ж.Нұртаевтың идеялары совхоз басшыларынан қолдау тауып, даңғыл жолға түсіп кетті деп айта алмаймыз. Бірақ уақыт өте келе совхозда сұр қаракөл беретін мал тұқымының саны артқаны рас. Мұның өзі қаракөл қойы тұқымын мақсатты асылдандыру ісіне кең өріс ашты. Шаруашылықтың өнімі сапасы мен саны жағынан қатар дамып, өнеркәсіптік сипат алуы, қалай болғанда да, қаракөл алу ісін мамандандыруға игі ықпалын тигізбей қалған жоқ.
Совхозда 1980-жылдардың ортасында қаракөл түрлерін көбейтіп, шаруашылықтың рентабельділігін көтеруде «қаракөлше» деп аталатын өте әдемі, жеңіл болып келетін жаңа сұрып өндіру ісі де қолға алынды. Саулықтың күйекке түскеннен кейін 130-132 күн өткен жетілу уақытындағы бұл өнім сол кезде қаракөл сатып алушылардың қызығушылығын тудырды. Оның майда түктері осы күнгі «замож» делініп жүрген киім түрлерімен сипаттас болып келетін. Бірақ бұл 130 күн қозының енесінің ішінде жататын уақыты. Сондықтан қаракөлше дайындау үшін кәрі қойлар, сол кездегі терминмен айтқанда «пыракқа шығарылған» саулықтар іріктеліп, күздей жайып семіртуге бір отарға жасақталады. Әр отардан жиналып, тұмсығының үстін «ақ қырау шалып», тісі түсе бастаған қойлардан құралған бұл отарлар да бағушысы келісіп, шаруа дұрыс ұйымдастырылса, кеңшарға көп пайда әкеледі.
№1 фермадан Жаудатбек Райымбаев, №2 фермадан Қалдыбек Сарбалов сияқты шопандар осы іске мамандандырылып, «Көшер тамы», «Шораның мешіті» сияқты совхоздың бақша, жүгері еккен жерлеріне ертерек көшіріледі. Қазан айының аяғында күйекке түскен саулықтар келесі жылғы ақпан айының орта тұсында (міндетті түрде 130-132 күннен кем емес, не асып кетпеген уақыт болуы шарт) жақсы қоңымен ет комбинатына жіберіліп отырады.
Ет комбинатына ет өнімдері бір өтеді, сол арада ішіндегі қаракөлше дәрежесіне жеткен қозысының терісі алынып, өнімнің екінші түрі даярланады. Өңделеді. Терінің нәзік болуына байланысты ұнтақ, таза ас тұзымен тұздалады. Қаракөлшені сыпырып, тұздау жұмыстарына басшылық ету Марат Өмірбаев, Жаңаберген Үсенбаев, Аралбай Бисембаев, Арон Ибраев сияқты тәжірибелі, іске икемді, жауапкершілігі мол жігіттерге тапсырылады.
Қаракөлдің жаңа сұрыптарын алудың жолдарын, оның сапасы мен бағалылығын арттыру бағытында ізденіспен жұмыс жасаған кеңшардың селекционерзоотехнигі Жауынтай Нұртаевтың жұмысы жайлы аудандық партия комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Елеу Көшербаевтың «Өндіріс ұйытқысы» кітабынан төмендегі пікірлерін сөзбе-сөз келтіруді жөн көріп отырмын. Алынған үзіндіден қаракөл өндірісін жетілдіруде мамандандыру мен қой тұқымын асылдандыру ісі шаруашылықты қандай нәтижеге жеткізетінін көруге болады:
– Жеке қабылдауда болған «Қуаңдария» совхозының зоотехнигі Ж.Нұртаев шаруашылықта ішкі резервтердің толық пайдаланылмай отырғанын, әсіресе, «сур» деп аталатын қой тұқымынан жүннің, еттің аз алынып жүргенін әңгімелеген-ді. Одан осы жөніндегі ой-пікірлерін аудандық партия комитетіне жазып жіберуін сұрадым. Бүгін сол жолдастың хатын алдым. Оның мазмұны төмендегідей еді: алтын, күміс, қола түсті елтірі өндіру мақсатымен Түркіменстаннан екі мың тұсақ, Өзбекстаннан Бұқара суры деп аталатын қой тұқымының үш жүз бас таза қанды қошқары әкелінді. Сөйтіп олар №2 фермаға бөлінді.
Бұл 1976 жылғы жағдай. Соның нәтижесінде шаруашылық жыл сайын бірінші класты 150-200 сур қошқар алып отыр. Қазір сур елтірінің үлес салмағы 23-26 процентке жетті. Бұл жақсы, әрине. Сонымен қатар оның сорттылығы да 76 процентке көтерілді. Бұқардың сур қаракөлінің әрбіреуі 38-44 сомнан айналды. 1980 жылы тапсырылған 18 436 дана елтіріден жоспардағы 440 564 сомның орнына 541 899 сом, ал 1981 жылы тапсырылған елтіріден 100 мың сомнан астам артық қаржы алынды. Бұқардың сур қаракөлі таза алтынға айырбасталды.
– Бірақ – дейді Нұртаев – бізде жүн өндірудің бес жылдық жоспары орындалмады. Және оның әрбір центнерінен 11 сомға зиянға отырдық. Себеп қайсы десеңіз – жүннің сапасына, түр-түсіне, класына назар аударылмайды. Есеп-қисап әлі де жеткіліксіз және класқа бөлу мәселесі назардан тыс қалған. Сурдың жүні қымбат екенін біле тұрып, өз алдына буылмай басқа жүндермен аралас буу жайттары бар. Сату бағасы төмендігі де осыдан. Қара жүннен боз жүн екі есе қымбат. Оның үстіне боздың жүні жылтыр, мықты, мол, 5-6 сантиметр ұзын. Әрбір сұр қойдан 3,3-3,5 килограмнан жүн қырқылады. Сонда қаракөл қойының басқа түрінің жүнінен 500-700 грамм артық. Сур қой қозысының өзінен қаракөл қойының қозысына қарағанда 250-300 грамм жүн артық қырқылады. Оның салмақтылығы жөнінен де едәуір артықшылығы бар. Мәселен қозы айыру кезінде сур қозы 30-32 килограмм, қаракөл қойының қозысы 26- 28 килограмм тартады. Сурдың осындай пайдасын көре тұра жеткілікті назар аударылмай отыр. Тағы бір айтайын дегенім – сурдың кәрі саулықтарын етке тапсырар алдында екінші рет шағылыстан өткізіп, қаракөлше алуды ұйымдастырсақ, бұл да шаруашылық рентабельділігінің артуына себеп болар еді. Өйткені, сур қаракөлшенің бір данасы 64-65 сомнан айналады немесе 2,5 грамм алтынға бағаланады. Қазір совхозда 31 357 қой бар. Соның ішінде 23 054 саулық бар. Осы саулықтардың 30 проценті немесе 6 мыңы сур. 770 сур қошқар бар. Он бірінші бесжылдықтың аяғында сур қойдың үлес салмағын 75-80 процентке көтеруге бізде мүмкіндік әбден жетеді. Сондықтан да барлық сур қойды бір фермаға және таза бір отарға шоғырландыруды ұсынамын.
Бұл Қуаңдария совхозының селекционер-зоотехнигі Жауынтай Нұртаевтың Қазақстан компартиясы аудандық комитетінің бірінші хатшысы Елеу Көшербаевтың қабылдауында болған кезіндегі әңгімеден үзінді. Ал Жәкеңнің мақсаты «Түрікмен суры», «Бұқара суры» атауымен даңқы жайылған тауарлар сияқты өзімізден қаракөлдің жаңа, өтімді сұрыбын шығару. Сөйтіп, «Қуаңдария сурын» дүниеге әкеліп, тиісті сараптамадан өткізіп, паспорттау еді. Осы күнгі тілмен айтқанда «патенттеу» болатын.
Шегебай ҚҰНДАҚБАЙҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі