Ғасыр жасаған ғажап ғұмыр
Қазақта «Қартын сыйлаған елдің қазынасы мол» деген тәлімді тәмсіл бар. Расында да, қарттар – біздің барымыз, байлығымыз, шаңырағымыздың берекесі. Ертеректе «Үйіңде құтың бар ма?» деп сұрайды екен. Ол «Ата-аналарың бар ма?» дегенді білдірген. Егер үлкендер ортамызда болса шаңырағымыз шаттыққа толып, әр күніміз мерекеге айналады. Осындай бір әулеттің ақ тілеулі анасы жуырда 100 жасқа толды.
Ғасыр жасаған батыр ана Райхан Оспанованы аудан әкімі Жандос Еркінбек арнайы барып, мерейтойымен құттықтады. Облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының атынан Қызылорда облысының Құрмет грамотасын табыстап, сый-құрмет көрсетті. Ғасыр жасаған анамыз да жылы лебізін арнай келген ауданның атқамінерлеріне алғысын айтып, әрбір істеріне береке, абырой тіледі.
Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарында өмір есігін ашқан анамыздың жастық шағы дүрбелең кезеңмен, қиын жылдармен тұспа-тұс келген. Зұлмат уақыт болып тарих бетінен орын алған ашаршылық, асырасілтеушілік, ұжымдастыру, репрессия, Ұлы Отан соғысы бала Райханды ерте есейтті. Өзге қатарластары секілді майданға кеткен азаматтардың амандығын тілеп, жастығына қарамай еңбек етті. Тіпті тылда еңбек етіп жүрген анасының сырқаттануына байланысты 6-сыныптан кейін оқуын жалғастыра алмай қалады. Осындай сын мен қатерге толы уақыт аяқталып, елге бейбітшілік келгенде майдангер Әбдіхалық есімді азаматпен бас қосады. Азаматы теміржол саласында, өзі механикалық зауытта ұзақ жыл қызмет атқарады. Еңбек ете жүріп, 13 құрсақ көтеріп, өмірге әкеледі. Алайда біршамасы сәби кезінде шетінеп, 8 перзентті ел қатарына қосады. Осы балаларынан қазір 45 немере мен 35-тен астам шөбере, 6 шөпшек сүйіп отыр.
Шөберенің қолынан май жалап, шөпшектің қолынан су ішіп отырған ақжаулықты әжей ғасыр жасаса да, әлі тың. Әрі сөзден жаңылмаған, әңгімешіл. Немере-шөберенің қызығына қуанып, ағайын-туысқа ақ батасын беріп отырған әжей бірде-бір рет жұмысқа кешікпегенін, жұмыстан қалмағанын ара-тұра айтып отырады. Осындай жұмысты жанашырлықпен атқарған ананың суреті таңдаулылар қатарына ілініп, құрмет төрінен көрінген.
Біздің қоғамда «әдемі қартаю» деген тіркесті сөз бар. Осындай әдебі жараса, әдемі қартайған жан деуге әжеміз әбден лайық. Енді бізде алтын құрсақты, ғажап ғұмырлы, ғасыр жасаған Райхан анамыздай аузында аталы сөзі, тілінде жылы лебізі бар, даналығы дариядай үлкендеріміз ортамызда жүре берсе деген ғана тілек.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ