» » Еңбек мерекесі – елдің берекесі

Еңбек мерекесі – елдің берекесі

qarmaqshy-tany.kz Бүгінде дала дүбірі тоқтап, бір сәтке саябырсыған шақ. Диқанның да тынбай жасаған еңбегінің бірауық тыныстайтын кезі. Көктемгі дән себу, жазғы күтіп-баптау және күзгі пісімшілікті ысырапсыз жинап алу – жылдың үш маусымында тоқтаусыз жүретін шаруа десек, осы жұмыстардың қорытындысы жыл соңына қарай белгілі болып, еңбеккердің мәртебесі таситын уақыт. Осындай дала майталмандарының мерекесі өткен сенбі күні Ақтөбе ауылының клуб үйінде «Ақтөбе и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жалғасты. Егін жинау науқаны аяқталып, диқан көңілі бірленген қуанышты «Алтын дән – 2023» мерекесіне ауыл тұрғындары, ардагерлер мен жастар қатысып, еңбек ерлеріне қошемет көрсетті.
Дүбірлі іс-шарада «Ақтөбе и К» ЖШС директоры Нұрлан Іздібаев серіктестік 2014 жылы құрылып, қазірге дейін үздіксіз жұмыс жасап, маңдай тер еңбектің арқасында жыл сайын жоғары көрсеткіш көрсетіп келе жатқанын жеткізді. «2023 жыл қорытындысымен ауданның «Озат ауыл шаруашылығы құрылымы» номинациясы бойынша жүлделі ІІ орынмен марапатталдық. Шаруашылық 1900 гектарға егін егіп, 124 мың центнер өнім жинады» деп жыл көлемінде атқарылған жұмыстарға шолу жасады.
– Шаруашылығымыздың осындай керемет жетістіктерге жетуі – мамандарымызбен қоса, ылғи да тілеулес болып жүрген ел ақсақалдары, сіздердің де арқаларыңыз деп білемін. Егін науқанына 119 еңбеккер-жұмысшы мен 67 ауыл шаруашылығы техникасы қатысты. 2024 жылға мың гектар жер айдалып, лазерлі тегістеуішпен 406 гектар алқап тегістелді.
Шаруашылықтың демеушілігімен ауылда болатын барлық мерекелік ісшараға, өнерпаздарға, білім ошағына, балабақшаға, спорт саласы бойынша да қаржылай көмек көрсетіп келеміз. Атап айтқанда, 8 наурыз – Аналар мерекесінде, 1 маусым – Балаларды қорғау күнінде, жыл басы – 22 Наурыз, 1 қазан – Қарттар мерекесінде және тағы басқасында қолдау көрсетсек, мектеп жанынан жылыжай салып бердік. Ондағы мақсатымыз – балаларды кішкентайынан еңбекке баулу болса, қазір оның ішінде түрлі көкөніс өсірілуде.
Шаруашылық есебінен мал азығына байланысты 350 жоңышқа пресі тегін үлестірілсе, табиғи шөптің 150 данасы тегін үйлеріне жеткізіліп берілді. Серіктестікте қызмет ететін жұмысшыларға да жағдай жасалып, әрбір еңбеккерге нарық бағасынан төмен кебек, күріш қалдығы, күріш секілді өнімдермен көмек жасалуда. Мен сөзімді мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Көшербаевтың мынадай сөзімен қорытқым келеді:
«Сасқандарға сая болайық,
Асқандарға тосқан болайық.
Ұлысқа ұран болайық,
Елдің иесі болайық.
Жердің киесі болайық,
Кейінгі ұрпаққа жақсы керемет қоғам қалдырайық!»
Салтанатта аудан әкімінің орынбасары Жұлдызхан Ерқосаев пен аудандық мәслихат төрағасы Әділ Қошалақов ауыл халқын молшылық мерекесімен құттықтап, сөз сөйледі. Бірқатар еңбек озатына аудан әкімінің алғыс хатын табыстап, шаруашылықтың әлеуметтікэкономикалық дамуына үлесі зор Әділбек Нұржанов, Сайранбек Омаров, Байқожа Жанжігітовтердің зейнеткерлік демалысына шығуына байланысты құрмет көрсетіп, иықтарына шапан жапты.
– Құрметті жиынға қатысушылар, қадірлі ағайын, баршаңызды «Алтын дән» мерекесімен аудан әкімдігі мен аудан әкімі атынан шын жүректен құттықтаймын. Өздеріңіз білетіндей ауданымыз аграрлы аудан болып табылады. 2023 жылы егіс уақытында жалпы ауданда 26680 гектарға егін егілсе, оның ішінде 13770 гектар күріш жерге себілді. Орташа өнім көлемі 60 центнерден құрады. Ал «Ақтөбе и К» ЖШС-на келетін болсақ, дала еңбеккерлерінің тынымсыз еңбегінің арқасында қамбаларыңыз астыққа толды. Соңғы бірнеше жылда су тапшылығы орын алуда. Бұл мәселе тағы да айналып өтпеді. Дегенмен шаруашылықтардың бір-бірімен ауызбірлігінің, әкімдіктің ұйымдастыруымен, тынымсыз диқан еңбегінің арқасында жоғарыдағыдай көрсеткішті қамтамасыз етіп, елдің ырыс-несібесі қамбаға құйылды. Тағы бір елеулі жаңалық – жақында аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының қатысуымен жылына 1,5 мың тонна құс етін өндіретін «Қармақшы құс» ЖШС құс фабрикасының ашылуы өтті.
Оның жұмысы жүйеленгенде 160 адам толық жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Осы фабриканың ашылуымен де сіздерді құттықтаймын, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Ауыл еңбеккерлерінің мерекесінде жылы лебізін білдірген аудандық мәслихаттың төрағасы Әділ Үсенұлы да жүрекжарды тілегін жеткізді.
– Жыл көлемінде жақсы-жақсы жаңалықтар болды. Соның бастысы – ауданымыздың 95 жылдық мерейтойы аталып өтілді. Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан асса, ол мемлекет тарихы үшін көп жыл емес. Қызметке ерте араластық. Сонда 2000-жылдары шетелдегі шаруашылықтардың ахуалына қарап қызығатынбыз. Техникасы, жағдайы қалай көш ілгері деп. Қазір қарап отырсақ, соңғы жылдары олардан ешбір кем емеспіз. Заманауи технологиялар, жаңа техникалар қолданып жүрміз. Өнім де жоғары деңгейде. Астықты сақтайтын да, ақтайтын да жағдайымыз бар. Осыдан 10 жыл бұрын кім ойлапты, ауылда бұрынғы жерді қайта ашып, оған су жеткізіп, мол өнім алынады деп. Шаруашылықтың қаржы-экономикалық әлеуеті артып отыр. Серіктестік жыл көлемінде жақсы жұмыс атқардыңыздар, жақсы өнім, жақсы орын алып жатырсыздар. Оның үстіне кеше ғана үлкен өндіріс орнының тұсауы кесілді. Фабрика жұмысын бастап кетті. Мұндай өндіріс аймағымызда бірінші рет ашылып отыр. Республикамыздың өзінде саусақпен санарлық. Фабриканың алғашқы өнімі тұтынушысына жол тартты. Алдағы жылы да ауыл халқына мол табыстар тілеймін, – деді ол.
Мұнан соң сабантой ауыл шаруашылығы саласы үздіктерінің марапатына ұласты. Күріш сушылары – Қанат Айболатов, Айдар Шүлтіков, Нұржан Айтуғанов, жаткистер – Ғалымжан Жақсылықов, Қайыржан Ілиясов, Заманбек Адаев, комбайнерлер – Мейірбек Сәденов, Ербол Наурызов, Руслан Бижанов, тасымалдаушылар – Серік Әбуов, Нұрлан Ақболатов, Бақытжан Жұмабаев, Ерхан Тасмахан заттай және қаржылай сыйақыға ие болып, І, ІІ және ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталса, бригадирлер – №2 егіс бригадасының бригадирі – Болат Мәкенов 1 млн, №3 егіс бригадасының бригадирі – Бақытжан Раев 1,5 млн, №4 егіс бригадасының бригадирі – Мейірбек Аманбалаев 2 млн теңге көлемінде сыйақы алды. Сондай-ақ №1 егіс бригадасының бригадирі Бақытбек Мұнарбаев 606 гектардың әр гектарынан орташа есеппен 66,2 центнер астық жинап, жоғары көрсеткіші үшін су жаңа «Нива» автокөлігінің кілтіне ие болды.
Іс-шараға ауыл әкімі Қанат Аралбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков, сала ардагерлері Әбдірахман Құлдүйсенов, Қаршыға Есдәулетов, Есет Назарқұлов, Сабытбек Жолмахановтар қатысты.
Марапаттау рәсімінен соң шаруашылықтың демеуімен Қызылорда қаласынан арнайы өнерпаздар шақырылып, көрерменнің көңілін көтерді. Қызықты да тартымды концерттік бағдарламаның жиналған көпшілік куәсі болды. Кешті қазақ еліне танымал жайдарманшы Асылхан Дүкенбаев тізгіндесе, ол сахнада көрерменмен түрлі ойын ойнатып, сыйлықтар үлестірді. «Самұрық» би ансамблі, «Әлішер мен Арай» дуэті, әншілер – Абылай Берденов пен Нұржан Бибазаровтың орындауындағы әндер өнерсүйер ортаның құрметіне бөленді. Осылайша, еңбек мерекесінде ақтөбеліктердің көңілі бір серпіліп қалды.
Сәрсенкүл АҚКІСІ
04 қаңтар 2024 ж. 217 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 406

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 482

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930