» » Кино түсірген мектеп директоры

Кино түсірген мектеп директоры

qarmaqshy-tany.kz Мектеп – білімнің алғашқы баспалдағы. Ондағы өмір әрбір саналы азаматтың жарқын естеліктері болып жадында сайрайды. Балалығымыз да, шалалығымыз да осы мектеппен тікелей байланысты. Жалпы «мектеп» деген түсінік баршамызға ыстық қой. Ал қазіргі мектептер заман ағымына бейімделіп, заманауи қалыпта өз жұмысын жалғастырып келеді. Сабақты үйретуде, оқушымен жасалатын жұмыста болсын жаңашылдық көп. Ал сіз кино түсірген мектеп директоры туралы естіп пе едіңіз?

Жаңалықтың ортасында жүрсек те, бұл хабарға біз де елең еттік. Себебі кино түсіру оңай жұмыс емес. «Бұл кім болды екен?» деген ой қылаң бергені анық. Бұл – ауданға қарасты Төретам кентіндегі №85 мектептің директоры Шаттық Шыңғысова. Әрдайым біліктілігімен көш басынан көрінетін ұстаз бұл жолы көпті таңқалдырды. Жаңалықтың жай-жапсарын білмекке бірден мектеп директорымен байланыстық.
– Жалпы өзім бала күнімнен өнерге, шығармашылыққа жақынмын. «Әрбір бала бір жұлдыз, жарқырауына жәрдем ет» демей ме? Мектебімдегі Еркебұлан есімді оқушы сондай талапты, ізденімпаз бала. Жуырда «Мен едім көкке бойлай жанған жалын» атты жыр жинағы шықты. Бұл жинақты шығаруға да өзім түрткі болдым. Себебі өзіміз де бала кезімізде жаздық, бірақ әр жерде қалып қойды. Сондай жағдай қайталанбасын деп кірістім. Оқушыма өзінің әңгімелерін, өлеңдерін жинақтап әкел деп тапсырма беріп, қараша айында Қызылордадағы «Жиенай» баспаханасынан лицензиялы жинағы жарық көрді. Кітап аясында «Дана бала» әңгімесін басшылыққа ала отырып, кинофильм түсіруге бел будым. Мақсатым – оқушыларға жақсыны үлгі ету, балалардың шығармашылыққа, оқуға қызығушылығын ояту. Кинофильмді өз жағдайымызбен, яғни тегін түсірдік. Актерлар – мектеп мұғалімдері, оқушылар. Жуырда мектепке ата-аналар, оқушылар, ұстаздарды жинап, осы фильмнің тұсаукесерін жасадық. Ата-аналар да алғысын білдіруде. Бұл шығармашылыққа енді қадам басқан шәкіртке қолдау деп білемін, – дейді Шаттық Мұхамбетқалиқызы.

Иә, 10-сынып оқушысы Еркебұлан Жалғасбаевтың «Дана бала» атты әңгімесіне құрылған кинофильм қазір Youtube платформасына жүктелген. Мәнді дүниені көрерменге ұсыну үшін мектеп ұжымы бір кісідей жұмыла еңбек атқарғаны көрініпақ тұр. Басты идея мектеп директорынан туындаса, әрі қарайғы жұмысты білікті ұстаз Райса Бекарыстанова жалғаған. Ал ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Гүлденген Бақытова таспаға алып, монтаждау жұмысын атқарған.
– Мектеп басшысынан осындай тың тапсырма берілгенде аздап қобалжу болды. Алайда сеніммен тапсырылған соң, құлшына кірістім. Өзім осы мектепте қызмет етіп келе жатқаныма 30 жылға таяды. Сондықтан да қажетті актерларды кастингсіз-ақ таңдадым. Олар да дарынды оқушының еңбегін қолдауға қарсылық білдірмей, келісе кетті. Кинофильмдегі барлық актер өз мектебіміздің оқушылары мен ұстаздары. Бұл фильм олардың өздерін тағы бір қырынан сынап көруге мүмкіндік берді. Әрі ұстаз деген ұлы маманның бесаспап екенін де дәлелдесе керек. Біз үшін тың дүние болған кинофильм қазір көпшіліктің көңілінен шығуда, – дейді Райса Қолдасқызы.

Қаламды серік еткен оқушысына дем беріп, туындыларын жинақ етіп шығарып, әңгімесіне кино түсіріп беретін директор кемде-кем болар. Еркебұланның ата-анасы да баласының қанатын қомдаған мектеп басшысына дән риза. Оқушы үшін уақытын аямайтын, қолынан келгенінше, тіпті келмесе де ұқсап бағатын бұл мектептегі ұстаздар қауымының ісі де көпке үлгі. Жаңашыл дүниенің мән-жайына қаныққан соң қолында бар дүниемен кино түсірген директорға құрметіміз арта түсті.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
25 желтоқсан 2023 ж. 1 094 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№9 (10377)

04 ақпан 2025 ж.

№8 (10376)

01 ақпан 2025 ж.

№7 (10375)

28 қаңтар 2025 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру

Хабарландыру

21 қаңтар 2025 ж.
Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 364
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
2425262728