Саламатты өмір әрбір азаматқа керек
qarmaqshy-tany.kz «ШЫНЫҚСАҢ – ШЫМЫР БОЛАСЫҢ» ДЕМЕКШІ, ДЕНЕ ЖАТТЫҒУЫ АДАМ БАЛАСЫНА ҚАШАН ДА ПАЙДАЛЫ. КҮНІ БОЙЫ ӨЗІҢДІ СЕРГЕК СЕЗІНІП ЖҮРУДІҢ ДЕ БІР ТӘСІЛІ – СПОРТ. ҒАЛЫМДАР ЗЕРТТЕУІНЕ СҮЙЕНЕР БОЛСАҚ, СПОРТ АДАМДЫ ШАТ-ШАДЫМАН ӨМІР СҮРУГЕ ДЕ ЖЕТЕЛЕЙДІ ЕКЕН.
Олимпиадалық қозғалыстың белсендi қайраткерi Пьер де Кубертен: «О, спорт! Сен – түгел ғаламсың» деп бекер тұжырым жасамағаны анық. Күніне кем дегенде 20 минут дене жаттығуымен шұғылданған адам өзін сергек, көңілді әрі өзіне сенімділігін арттыратыны анықталғаны белгілі.
Дене жаттығулары адамның көңіл-күйін ғана көтеріп қоймайды, қан айналым жүйесін жақсартады. Қан қысымы мен жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алады.
Спорттың адам өмірі үшін маңызын бұдан ары айта түсудің өзі де артығырақ секілді. Бірақ, алдымен «спортпен шұғылдануға уақыт табылмай жүр» деген сылтаудан құтылған абзал. Ол үшін не істеу керек? Күніне 20 минут дене жаттығуымен айналысуды да ұмыт қалдырып кететін кездеріңіз болмайды емес, болады. Ендеше, дене жаттығуларымен шұғылдануды қалай әдетке айналдыруға болады?
Ең бірінші, күнделікті дене жаттығуы кезінде киетін спорттық киімдеріңізді жатар алдында дайындап жатыңыз. Ұмытпас үшін, оятқышыңызды сол киімдердің үстіне қойыңыз. Өйткені, таңертең оянғанда оятқышпен қатар немен айналысатыныңызды да есіңізге түсіретін боласыз. Бастысы, осылайша таңғы жаттығуды әдетке айналдырып алсаңыз, ғажап болары сөзсіз.
Сондай-ақ, барлығын аз жаттығудан бастаңыз. Тіпті, аптасына 3 рет 5 минуттан-ақ дене жаттығуларымен шұғылданып жүріңіз. Тапсырма оңай, әрине. Бірақ, бастапқыда өзіңізді қинамауыңыз қажет. Алға «ә» дегеннен жоғары мақсат қоюға талпынбаңыз. Өйткені, өзіңіздің спортпен шұғылдануға деген ерік-жігеріңізді жоғалтып алуыңыз мүмкін.
Адам – әлеуметтік жаратылыс. Қарымқатынассыз өмір сүруді елестету мүмкін емес. Әлбетте отбасыңызбен табиғатқа шығудың, достарыңызбен белгілі бір спорт түрімен шұғылданудың, кейде бір ауық жүгіріп тұруды да әдетке айналдырғанның зияны жоқ.
Сонымен қатар үйдегі қарапайым шаруаларды жаттығу жұмыстарымен үйлестіруге болады. Мысалы, таймерді 20 минутқа қойып, жұмысыңызды бастаңыз. Қарапайым шаруаларды аса жылдам орындау – жақсы нәтиже береді.
Жаттығу жұмыстарын жоспарлай біліңіз. Маңызды кездесуіңіз болса, онда ұмытпайсыз, дұрыс па? Ал маңызды шаруаны ше? Оны да ұмытпайсыз. Сол сияқты дене жаттығуларын да жоспарыңызға енгізіп үйреніңіз. Қажетті жаттығуларды жоспарлай біліңіз. Өзіңізге ұнайтын жаттығуларды таңдап алғанның да маңызы жоғары. Өйткені, алғашында адам өз қалауымен бастаған жаттығулар уақыт өте келе өз жемісін беретін болады.
Иә, күнделікті өмірде спортты сүйетін жандар көп. Әркімнің санасындағы спорт ұғымы – сан алуан. Расында да, көпшілікті ұлты мен жеріне, тілі мен дініне бөлмей, өзіне ынтызар етер спорт құдіреті ерекше. Бәріміз білетіндей, «Спорт – денсаулық кепілі». Бастысы, талғампаз, тәкаппар өнерге шексіз беріліп, адалдық танытсаңыз, берері мол сиқырлы әлем.
Шыңғыс АЛИХАН,
№16 Балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің әдіскері