» » Ақын портреті алдындағы ой

Ақын портреті алдындағы ой

Өмірдің өткермеген өкпегін кім,
Өрілген өнегесін ескер ұлдың.
Керемет көрмесіндей көп көрімнің,
Төрінде портрет тұр мектебімнің.
Айшығы ақ сағымдай алыстағы,
Тұлғалар тұрпатымен таныс бәрі.
Жарықтық жайсаңдар-ай, жарық таңы,
Алаштың арда туған алыптары!
Шырайы шағылысқан шынылардан,
Шашылған асылдардың сынығы арман.
Тереңнен сүзіп терген жыры маржан,
Ұлтымның ұжданы, әне – ұлы Мағжан!
Өксітіп өткен жылдар, кесір керуен,
Өлгендер тіріле ме өкінгенмен.
Өр ақын өкпек желдің өтін көрген,
Толқыннан туған толқын секілденген.
Шомғанда ойға Алашорда жайлы,
Жанымның жасы неге сорғалайды?
Әлпеті елестетіп толған айды,
Әйнектің ар жағынан ол қарайды.
Маздатар махаббатты күйік, шер ме,
Сұлуды «...Сүй, сәулем» деп, сүйіп сен де.
...Тап болам тылсым, терең тұнық көлге,
Жанарым жанарыңмен түйіскенде.
Толқысам, толқуымды кім сұрасын,
Көңілдің көлегейлі бұлты басым.
Ағытып жүрегіңнің жыр тұмасын,
Сұмдық сыр шертермісің сыршыл ақын!
Өзіңдей ұлылықты ұғынар жан,
Шыға алмай шытынардай шынылардан...
Теңіздей тулап жатар жыры маржан,
Алаштың аяулысы – ұлы Мағжан!
...Өмірдің өткермеген өкпегін кім,
Жасымнан жырыңды оқып өскен ұлмын.
Көзімде соңғы кезде көп көріндің,
Төрінде жарқын бейне мектебімнің.
Таяудан таппай көңіл тыншығанын,
Батып бір тұңғиыққа, бір шығамын.
Құмығып көкейдегі кіл сұрағым,
Алдыңда тұрмын тағы біртуарым.
Ақындық арпалыстың күші қандай,
Басатын бір алапат мысы бардай.
Құрбанға кінәліше қысылардай –
Өзімді өзім болып түсіне алмай
... Алдыңда әлі тұрмын мен...
Достық ТІЛЕУБЕРГЕНОВ
08 қараша 2023 ж. 215 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 026

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031