Жанұялық бизнестің жөні бөлек
qarmaqshy-tany.kz ТӨРЕБАЙ БИ АУЫЛЫНДАҒЫ «ДӘУІТ» ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫ 2017 ЖЫЛЫ ҚҰРЫЛҒАН. ОҒАН ДЕЙІН, ЯКИ 1995 ЖЫЛЫ СЕРІК ТӨЛЕГЕНОВ ПЕН БҮРКІТ ҚАЛДАШБАЕВТЫҢ БІРЛЕСЕ ҚҰРҒАН «ШАҺЗАДА» ҚОЖАЛЫҒЫ 2017 ЖЫЛҒА ДЕЙІН ЖҰМЫС ІСТЕП КЕЛСЕ, ОСЫ ЖЫЛДАН БАСТАП «ДӘУІТ» ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫ ЖЕКЕ ШЫҒЫП, ЖҰМЫСЫН БАСТАЙДЫ.
«Балажарма» каналының аяқ жағынан жер алып, аядай халқы бар елді мекеннің әлеуетіне қызмет етуге кіріседі. Айналысатын негізгі жұмысы – егін және мал шаруашылығы болса, егіс көлемінің 70-80 пайызы Сыр салысы құрайды. Төккен тер, еткен еңбек қашан да жемісін берген ғой. Шаруашылық үшін биыл табысты жыл болып отыр. Оған себеп – «Дәуіт» шаруа қожалығы ауданның ауыл шаруашылығы құрылымдары арасында «Озат картоп, көкөніс, бақша өсіруші» номинациясын жеңіп алып, мерейлері тасыды.
«Алғаш құрылған кезде шаруашылықтың мүшелігіне ағам Шаһзада Төлегенов, Өмірбек Садықов және мен үшеуіміз қабылдандық. Егін егу, бақша салу, мал азықтық дақылдарын өндіруді қолға алсақ. Сонымен қатар, мал шаруашылығын дамытуды да мақсат тұттық. Егістіктің көлемі әр жылы әрқалай. Судың берілуіне қарай есептеп егеміз. Бастапқыда 50 гектар жерге бақшалық өнімдер егіп, «Балажарма» каналы арқылы суару жұмыстарын жүргіздік. Бір жылдан соң күріш егуді бастадық. Содан беріде 70-150 гектарға дейін күріш егіп келеміз» дейді шаруа қожалығының басшысы Дәурен Бүркітұлы.
Ауыл шаруашылығы құрылымы былтырдан бастап Жалағаш ауданындағы Ақділдә Қыпшақбаев төрағалық ететін «Мәдениет» шаруа қожалығымен бірлесе жұмыс атқаруда. Әріптесі демеушілік жасап, егіс көлемінің көбеюіне көмегін тигізуде. Мәселен өткен жылы 150 гектардай жерге егіс алқабы дайындалып, ақ маржан отырғызылса, каналдан келетін судың жеткіліксіздігіне орай су сорғымен 70 гектарға бақша егілген екен. Бұл жөнінде қожалықтың жетекшісі былайша сөз саптайды.
– Биыл да демеуші ағамыздың көмегімен 120 гектарға күріш ексек, 50 гектардың үстінде Жосалы кенті, ауыл тұрғындары бар және өзіміздің шаруашылықтың жұмысшылары бар картоп, көкөніс, бақша өнімін отырғызды. Ауыл әкімі Әлімбай Білжановтың қолдауымен қожалыққа жаңа су сорғысы берілді. Сол және демеушіміздің жәрдемімен егістікке уақытымен су айдалды. Науқан кезінде 15-20 адамға дейін жұмыспен қамтылады. Оның 10 адамы тұрақты түрде өзімізде еңбек етеді. Ауданда артық айтқанымыз емес, Төребай бидің қауын-қарбызы, басқа да бақшалық өнімдері жоғары бағаланады. Сырттан айлап, апталап тасымалданып әкелінетін өнімдерден гөрі, сапасы, дәмі жағынан жергілікті жердің дақылдарына ештеңе жетпейді. Қанша дегенмен өз өніміміз. Базарға түскенше тұрғындардың оны асыға күтетінінен де хабарымыз бар. Дақылдарымызды аудан орталығы – Жосалы кенті, Байқоңыр, Қызылорда қаласы мен Төретам кенті және Ақай ауылында саудаланады. Осы жылы егініміз сәл уақытынан кеш егілді. Бірақ қыркүйектің басында пісімшілік болып, бақшашылар өнімдерін дер кезінде жинап та, сатып та үлгерді. Жалпы ауыл халқының дені бақша, көкөніс егумен шұғылданады. Ауылдастарым әрбір науқанда қысқа дайындығын қамдап, жағдайларын біраз жақсартып алады десем, қателеспеймін. Одан бөлек, Астана, Алматы қалалары мен облыс, аудан орталығында өтетін ауыл шаруашылығы өндірісі жәрмеңкелерінен ауылдың еңбек адамдары қалыс қалмайды. Басқа да диқан қауыммен қатар, біздің бағбан Бағдат Нөсеров те өнімдерін жәрмеңкеге шығарып жүр. Күріш бригадирі Абдулла Көнеков және күрішші Бақытбек Бұқпанов Сырдың басты дақылы – күріштен жақсы өнім алды. Су айдаушылар Әлменбет Сәтов, Алшын Жұматаев маусымда жұмыстарын жауапкершілікпен атқарды. Қалдыбек Жақсылықов пен Асылбек Есетов өнегелі еңбек үлгісін көрсетті. Ал енді бағаға келер болсақ, нарықтан төмен саудаланды. Бұл алушыға да, сатушыға да орайлы. Бір сөзбен айтқанда, төребайбиліктердің еккен бақша өнімдеріне халықтың сұранысы қашан да жоғары, – дейді озат шаруашылық жетекшісі әңгімесінде.
Қалдашбаевтар отбасының өмірде де, кәсіпте де жолы болған десек, жарасар. Олар шаруа қожалығының жұмысын жанұясымен бірлесе, ұйымдаса отырып жүргізеді. Әулеттің ұйытқысы, жанұяның қамқор әкесі Бүркіт Қалдашбаев өзінің іскерлігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен біраз жерге танылған. Елдің де, жердің де жайын жақсы біледі. Бір кездері ат үстінде жүріп сол елге басшылық еткен азамат. Ол көппен еңбек еткен, істің көзін тани білетін тәжірибелі басшы, әке ретінде ақылкеңесін беріп отырса, отбасының келіні, Дәурен Бүркітұлының келіншегі Гүлмира Ерболатқызы шаруашылықтың құжаттар ісімен айналысады. Ал туысы Шаһзада техника тізгіндеген білікті маман. Егін болғасын әрине техниканың науқанға сай болуы шарт. Техника да жараулы аттай жүріп тұрмаса, жұмысқа кедергі келтіруі мүмкін. Бір айтары, осы жылы «Мәдениет» ШҚ-ның техникалары да халықтық іске көп көмегін тигізген. Қожалық қайырымдылық жасауды да назарға алған. Елордада балалар үйінде өсіп жатқан бүлдіршіндерге де ауылдың дәмінен татқызған.
«Келер уақыттан үмітіміз күшті. Отбасылық кәсібімізді жандандыра беретін боламыз. «Қазан аузы жоғары» деп, келесі жылы да несібемізді маңдай термен айыруға дайындық үстіндеміз. Көңіліміз «құрт» қалағанымен, бәрін шешетін су мәселесі. Судың көлеміне қарай егінімізді орналастырамыз. Бастысы – ел аман, жұрт тыныш болсын, – дейді қожалық басшысы, инженер-гидротехник Дәурен Қалдашбаев елге тілектестік етіп.
Сәрсенкүл АҚКІСІ