» » Алтын тамырлы, берекелі ауыл – Төребай би

Алтын тамырлы, берекелі ауыл – Төребай би

qarmaqshy-tany.kz Аудан орталығынан 25 шақырым қашықтықта орналасқан, іргетасы 1965 жылы қаланған Жосалы ауылдық округінің, яғни Төребай би ауылының тұрғындары бүгінде заман талабына сай өмір сүруде. Олардың негізгі кәсібі — бақша және мал шаруашылығы.
Талай дарын иелеріне құтты атамекен атанған ауылдың алғашқы қазығын қағып, оны ұзақ жыл басқарған Орныққан Қазиевтен кейін ауылды Жақсылық Жалғасбаев, Серік Төлегенов, Нұраддин Ермеков, Ашабек Қисықов сынды азаматтар ел тізгінін ұстаса, Құндызай Жұбаева, Сарқытбай Ділмағамбетов, Нұрмаш Жолмырзаев, Жомарт Жалғасбаев, Мұрат Сеңгірбаев, Бүркіт Қалдашбаев, Сәрсенкүл Есқалиева сынды ел жақсылары ауылдық кеңес төрағасы, ауыл әкімі ретінде ел есінде қалды. Сонымен қатар, Мырзағали Кәрібаев, Әлиасқар Бекқадамов, Базаркүл Құлахметова, Света Жалғасбаева сынды ұлағатты ұстаздар ауыл мектебінде басшылық жасап, көптеген шәкірттің қоғамнан өз орындарын алуға еңбек сіңірді.

Сонымен Төребай би ауылындағы сапарымызда бізге жол бастап, ауылдың тыныстіршілігімен таныстырған әкімдіктің бас маманы Владимир Жалғасбаевтың бізге берген мәліметі бойынша бүгінгі күні осы елді мекендегі тұрғынның саны 495 адамды құрайды екен. Оның ішінде, 112-сі тұрақты жұмыспен, 42 адам ақылы қоғамдық жұмыспен қамтылған. Ауыл тұрғындарына мектеп, балабақша, фельдшерлік-акушерлік пунк пен пошта өз бағыттары бойынша сапалы қызмет көрсетуде деді.

Сондай-ақ, ауылды абаттандыру, көркейту көгалдандыру бағдарламасы бойынша және тұрғындардың аулалық бақшалығын аяқ сумен қамтамасыз етуде қаржы бөлініп, бұл жұмыстар «BS LTD SERBVIS» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы жүзеге асырылуда екен. Сонымен бірге, ауылда «Шабан ата», «Дәуіт» және басқа да шаруа қожалықтары бірнеше азаматтарды тұрақты жұмыспен қамтып, ауылдың өсіп-өркендеуіне сүбелі үлестерін қосуда. Ал, мал шаруашылығын өркендетуде марқұм Бақытжан Қазиевтің, сонымен қатар, жас та болса ауылдың өркендеуіне үлесін қосып жүрген Шоқан Төлегеновтің есімін ауылдастары мақтанышпен атаса, бүгінде осы салада «Нұрмахан», «Әмила», «Алтынбай», «Әйгерім» және басқа да шаруа қожалықтары мал шаруашылығы саласы бойынша ілкімді істер атқаруда.

Ауылдық округ бойынша жеке және заңды тұлғалардан жер, мүлік, көлік салықтары да өз дәрежесінде орындалған. Ал, мемлекеттік қызмет көрсету бойынша 3 отбасыға әлеуметтік көмек көрсетілсе, 3 отбасының 12 мүшесіне атаулы әлеуметтік көмек берілуде. 2 отбасыға отын түсірілсе, 1 тұрғын жұмыспен қамтылған. Ауыл кәсіпкерлері мен шаруашылықтар да аз қамтамасыз етілген, көпбалалы отбасыларға әрдайым қолдау көрсетіп отырады.

Ал, енді ауыл тұрғындарының негізгі кәсібі, оның ішінде мал шаруашылығы саласы бойынша айтар болсақ, есепті кезеңде жеке тұрғындар есебінде мүйізді ірі қара малы – 825 бас, 459 бас қой, 617 бас ешкі, 191 бас жылқы, сонымен қатар 345 құс тіркелген.

Ендігі кезекте егін шаруашылығына тоқталсақ, округте жоғарыда айтқандай, «Шабан ата», «Дәуіт» шаруа қожалықтары 170 гектарға күріш, 55 гектарға мақсары, 70 гектарға бақша, 22 гектарға көкөніс және 18 гектарға картоп егіп, оны баптауға алса, жеке тұрғындар да биылғы жылы бақша егуге жоғары белсенділік танытып, олар 25 гектар егістік алқапқа түрлі бақша дақылын, 5 гектарға көкөніс, 10 гектарға картоп егіп, оны күтіп-баптауда. Осы жерде айта кетерлік жайт, жас кәсіпкер Дәурен Қалдашбаев басшылық ететін «Дәуіт» шаруа қожалығы ауылдың 52 тұрғынына бақшалық жер дайындап берсе, осы бағытта бақша егуге ниет білдірген Жосалы кентінің 15 тұрғынына да қолдау көрсеткен. «Шабан ата» шаруа қожалығы да бақша егемін деп талаптанған Жосалы кентінің тұрғындарына да демеушілік жасаған.

Осы ретте, «Дәуіт» шаруа қожалығының құрылтайшысы, білікті сала маманы, көп жыл бойы ауыл әкімі қызметін атқарған Бүркіт Қалдашбаевпен кездесіп, ауылдың, оның ішінде шаруашылықтың бүгінгі тыныс-тіршілігі жайлы айтып беруін сұрадық. «Төребай би — менің туып-өскен ауылым. Осы ауылда өстім, саналы ғұмырымды өткізіп жатқан жайым бар. Отау құрып, өркен жайдым. Құдайға шүкір, соңғы жылдарда ауылымыз жаңа кейіпке еніп, гүлденуде. Заман ағымына сай балабақша ел игілігіне берілді. Өздеріңіз көргендей ауыл ортасынан балалар ойын алаңы салынып, жеткіншектеріміз мәз-мәйрам болуда. Көшелерімізге асфальт төселіп, түнгі жарық шамдар орнатылды. Мектебіміз де жаңа, балаларға ұстаздар сапалы білім беруде. Жаңа мешіт ауыл жамағатына діни сауаттылық арқылы дінді ұстануға қызмет көрсетуде. Ендігі жерде жаңадан клуб үйі салынса дейміз. Оның да күні алыс емес деген ойдамыз. Ал енді, өзім құрылтайшылық ететін «Дәуіт» шаруа қожалығына келсек, биылғы жылы шаруашылық 120 гектар егістікке Сыр салысын орналастырды. Сонымен бірге 50 гектарға орналастырылған көне жоңышқаның бірінші орымын орып, шаруашылық жұмысшыларына үлестіріп бердік. Біздің ауыл негізінен бақша дақылдарын егеді. Осы үрдісті біз де жалғастырып, 55 гектарға түрлі бақша дақылдары мен көкөніс, картоп егіп, оны күтіп-баптаудамыз. Құдайға шүкір, шығымы да жаман емес, «Балапанды күзде санайды» дегендей, тамыз айында бақша өнімдерінен, күзде күріштен жоғары өнім аламыз деген ниеттеміз. Оған азаматтарымыз да, техникамыз да сақадай сай тұр. Осы ретте, көптен ауылдастарымның көкейінде жүрген түйінді мәселелерді де айтып кетсем деймін. Атап айтқанда, ауыл аумағындағы кейбір шаруа қожалықтарының егістік жерлері заңдастырылса, аяқ су мәселесі шешілсе, аяқ суды үнемдеудің бірден бір көзі соны пайдаланушыларға субсидия төленсе, ауылды көркейтуге байланысты инвестиция тартылса деген мәселелер жетерлік. Осыларға жоғары жақтағылар көбірек көңіл бөліп, оның шешілуіне жұмыс жасаса деген өтінішіміз бар» деді ол.

Төребай би ауылында болған сапарымызда ауылдың көркеюіне өзіндік үлесін қосып, құрметтілер қатарынан көрініп жүрген кәсіпкерлерге де бас сұқтық. Осы жерде атап айтар жайт, өткен жылы кәсіпкерлік жобаларды іске асыру мақсатында «Жылқы өсіру» жобасымен 3 азамат «Мүйізді ірі қара» малын өсіру жобасымен 3 тұрғын қайтарымсыз несие алып, кәсібін бастап кетсе, «Бизнестің жол картасы – 2020-2025» бағдарламасы бойынша ауылдың 1 жеке кәсіпкері «Дүкенді тауар айналымы» жобасы аясында ауыл тұрғындарын азықтүлікпен қамтамасыз етуде. Сонымен қатар басқа да шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында ауылдың бірнеше тұрғыны түрлі кәсіпкерлік бағытта мемлекеттен өз үлесін алып, кәсіптерін жасауда. Мұндай жұмыстар биылғы жылы да іске асырылып, жалғасын таппақ.
Нұрбай ӘБІЛАХАТҰЛЫ

27 шілде 2023 ж. 565 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№9 (10377)

04 ақпан 2025 ж.

№8 (10376)

01 ақпан 2025 ж.

№7 (10375)

28 қаңтар 2025 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру

Хабарландыру

21 қаңтар 2025 ж.
Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 364
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
2425262728