Бауырлас елдер бас қосты
qarmaqshy-tany.kz АСТАНАДА ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ ҚАСЫМЖОМАРТ ТОҚАЕВТЫҢ ТӨРАҒАЛЫҒЫМЕН ТҮРКІ МЕМЛЕКЕТТЕРІ ҰЙЫМЫНЫҢ МЕРЕЙТОЙЛЫҚ X САММИТІ ӨТТІ. ОНДА ПРЕЗИДЕНТ ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕГІ ЖИЫНҒА ҚАТЫСУ ҮШІН ТҮРКІ ХАЛЫҚТАРЫНЫҢ ҚАСИЕТТІ ҚАРА ШАҢЫРАҒЫ – ҚАЗАҚСТАНҒА АРНАЙЫ КЕЛГЕН МЕМЛЕКЕТ БАСШЫЛАРЫНА АЙРЫҚША ІЛТИПАТ БІЛДІРЕ ОТЫРЫП, ЕЛІМІЗДІҢ БАСТАМАСЫМЕН ҚҰРЫЛҒАН ТҮРКІТІЛДЕС МЕМЛЕКЕТТЕР ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ КЕҢЕСІ ҚАЗІР ТОЛЫҚҚАНДЫ, БЕДЕЛДІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҰЙЫМҒА АЙНАЛҒАНЫНА НАЗАР АУДАРДЫ.
– «Түркі әлемінің келешегі – 2040» атты құжат бекітілді. Ең бастысы, бауырлас елдердің бірлігін бекемдей түстік. Ортақ құндылықтарымызды төрткүл дүниеге таныттық. Біз бабалар өсиетін орындап, түркі елдерінің ынтымағын нығайтып келеміз. Ендігі мақсат – өзара сенімге және бауырластыққа негізделген бірлігімізді сақтап, өскелең ұрпаққа табыстау. Түркі әлемі жаһандық ықпалы бар елдермен тең дәрежеде қарым-қатынас жасап отыр. Басқа мемлекеттер біздің ұйымның ұстанымдарына баса мән беретін болды. Сондықтан түркі халықтарының ықпалдастығын арттыра түсу – бәрімізге ортақ міндет, – деді Мемлекет басшысы.
Президент еліміздің Түркі мемлекеттері ұйымын одан әрі дамытуға мүдделі екенін айта келіп, Қазақстанның Ұйымға төрағалығы «Түркі дәуірі!», яғни «TURKTIME!» ұранымен өтетінін мәлімдеді.
Бұл ретте Мемлекет басшысы еліміздің салт-дәстүр (Traditions), біріздендіру (Unification), реформалар (Reforms), ғылым (Knowledge), сенім (Trust), инвестиция (Investments), медиация (Mediation) және энергия (Energy) атты сегіз мәселеге басымдық беретінін атап өтіп, олардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталды.
Президенттің айтуынша, түркі бірлігін дәріптеудің маңызы зор. Өйткені біздің тарихымыз, мәдениетіміз, тіліміз және діліміз – ортақ. Осыған байланысты Түркі мемлекеттері ұйымының, оның құрылымдарының туларын және эмблемаларын бір үлгіге келтірген жөн.
– Бүгін өздеріңізге ұсынылған эскиздерді бірге қарап, ортақ шешім қабылдаймыз. Бұл тарихи сәт болмақ. Тарихтан сыр шертетін ортақ мұрағатты зерттеп, ұрпаққа ақиқатты жеткізу – біздің парызымыз. Құзырлы органдарымызға беймәлім деректерді бірлесіп зерделеуді тапсыруды ұсынамыз. Бұл, шын мәнінде, маңызды жұмыс болмақ, себебі ортақ тарихымызда әлі де толық зерттелмеген ақтаңдақтар бар. Сондай-ақ елдеріміздің телехикаяларын өзара насихаттау маңызды. Әсіресе, балаларға арналған анимациялық фильмдерді көбірек таратқан жөн. Бұған әлеуметтік желіні пайдалану, танымал медиа тұлғаларды жұмылдыру керек деп есептейміз. Сол арқылы жастарымызды рухани тұрғыдан жақындастыруға мүмкіндік туары сөзсіз, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев ғылыми әріптестік арқылы білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты нығайту аса маңызды екеніне назар аударды. Бұл орайда Президент Ұйымға мүше елдердің басшыларына әлемдегі үздік университеттердің филиалдары мен тіл үйрететін бөлімдер ашуды, бірлескен ғылыми шаралар өткізіп, тәжірибе алмасуды, сондай-ақ жасанды интеллектіні, цифрлық және аэроғарыш өнеркәсібін дамытуға ерекше назар аударуды ұсынды.
Мемлекет басшысының пікірінше, қазіргідей халықаралық ахуал тұрақсыз, алмағайып кезеңде түркі жұртының бірлігін бекемдей түсу маңызды.
– Бұл – ортақ қауіпсіздігіміздің сенімді кепілі. Қару-жарақ және есірткі саудасына, терроризм мен экстремизмге, көшіқонға қатысты сын-қатерлер көбейді. Мұндай қауіптердің алдын алу үшін қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты нығайтуымыз керек. Осы орайда мен келесі жылы Астанада мемлекеттеріміздің Қауіпсіздік кеңесі хатшыларының 3-ші отырысын өткізуді ұсынамын. Түркі мемлекеттерінің қаржылық тергеу органдары арасында қылмыспен бірге күресу және ақпарат алмасу туралы келісім жасау маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент сөзін қорытындылай келе, түркі мемлекеттерінің басшыларын бірлікке шақырды. Қауіп-қатерлерге қарсы бірігу, өзара көмек көрсетіп, тиімді іс-әрекет жасау маңызды екеніне назар аударып, оның бәрі түркі әлемін өркендетуге, елдеріміздің ынтымағын арттыруға ықпал ететінін айтты.
Сонымен қатар саммитте ұйымның қазіргі төрағасы – Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған, Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов, Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан, Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Өмірәлиев сөз сөйледі.
Саммит қорытындысы бойынша мемлекеттер басшылары Ұйымға бірқатар мақсатміндет жүктеді. Бұдан бөлек, маңызды құжаттарға қол қойылды. Сондай-ақ Түркі елдерінің бірлігін күшейтуге қосқан елеулі үлесі үшін Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев «Түркі әлемінің ең жоғарғы орденімен» марапатталды.
akorda.kz