Ақжарым — алтын бесігім
Ақжарым – алтын бесігім,
Мақтаны Дала төсінің.
«Жетіасардың» жолында,
Жаздырған тасқа есімін.
Күй шалып Қорқыт ескерткен,
Алауыздықтың кесірін.
Әлібай, Ораз ахун мен Мыңбай,
Ешмағанбеттер, Дініміздің діңгегі –
Куәсі Алла күшінің.
Арыстанбай, Қашқынбай,
Тоғанас пен Қыстаубай,
Тарихта қалды батырлар,
Сұратып жауға кешірім.
Таубайдың жүйрік Жүсібі,
Айтыстың ашқан есігін.
Қамшы тастап Бостан би,
Тыңдатты ділмар шешімін.
Жиенбайұлы Рүстембек,
Кім білмейді есімін?
Жұлдызы Бидас, Көшеней,
Жыраулық өнер көшінің.
Сәрсенбай жыршы атанды,
Сәні боп ауыл кешінің.
Шежіресін Әлімбай,
Жинады жазған кісінің.
Әлихан ұстаз терме айтып,
Таратты мақам тәсілін.
Романов Сахи суретші,
Аузында үлкен-кішінің.
Бөлегенов алғашқы,
Директор болып өрлетті,
Малшы мен диқан кәсібін.
Министрлік басқарған,
Әбдуәли қайраткер,
Іздері үлгі ісінің.
Берікбай мен Темірхан,
Жарқыратып киіп жүр,
Академиктің ішігін.
Мекебаев Ұзақбай,
Роман жазып бірнеше
Танытты Ақжар пішінін.
Сәнімкүл жазған ғажайып,
«Ақ босаға» ән әрледі,
Келіннің сұлу мүсінін.
Ер бақытты елменен,
Елдің де аты ерменен.
Жайқалып өсіп ақ күріш,
Жүрегін жұрттың тербеген.
Кешегі соғыс кезінде,
Еңбекші ел нені көрмеген?
Ақжарда МТС арқылы,
Ауданға қайғы төнбеген.
Техникамен жабдықтап,
Жасалды жұмыс жерменен.
«Бозарықта» қырық қыз,
Трактор мініп, жер жыртып,
Аштыққа жолды бермеген.
МТС-те мықты механик,
Броньмен қалды Емберген.
Еңбек Ері Қасымтай,
Алтын Жұлдыздың иесі,
Бейнеті жоқ қой көрмеген?!
Мүше болып ВЦИК-ке,
Жұмагүл құлаш сермеген.
Ақжарда ең алғашқы,
Бөлегенов боп директор,
Шаруасы көп жөндеген.
Әлиакбар, Тынышбай,
Тағып Ленин орденін,
Толағай табыс теңдеген.
Дарабоз диқан Әубәкір,
«Жақаевы Ақжардың»,
Кетпенмен жерді өңдеген.
Отыз сегіз үйде өрден бар,
Алынған адал терменен.
Еңбек Ері Сәлима
– Ақжарда туып гүлдеген.
Құнарлы сөздің астары,
Мәңгілік елге бастады.
Жазылып жатыр өшпейтін,
Ақжардың ән мен дастаны.
Асқаров Камал секілді,
Көбейді тізгін ұстары.
Жиденің гүлі, жусаны,
Бұрқырайды қыс-жазы.
«Сарықұмның» ежелгі,
Көлге айналып құмағы,
Тауға айналды асқары.
Татулық, бірлік, ынтымақ,
Жас ұрпақтың ұстамы.
Қанатына жыр жазып,
Көкке ұшуда құстары.
Күлкісі күміс атажұрт –
Ақжардың алтын аспаны.
С.ПІРМАНҰЛЫ