» » Сандар сырын ұқтырып, сан тарапқа шарлатқан

Сандар сырын ұқтырып, сан тарапқа шарлатқан

qarmaqshy-tany.kz Ауданда «САНА» атты білім беру орталығы жұмыс істейді. Ондағы менталды арифметика үйірмесіне өңір балаларының қызығушылығы ерекше. Тіпті біршамасы осы үйірменің арқасында өзге ел көріп, жер танып жүр. Барған сындардан бос қайтпай, қанжығалары да майланып жүргенін біз жақсы білеміз. Балалардың есепке деген махаббатын арттырып, қосымша біліммен қаруландырып жүрген ұстаздың бірі – Мереке Жунербаева.
– Жалпы менталды арифметика баланың логикасын, жылдамдығын, ұсақ моторикасын дамытады. Абакус құралы арқылы саусақтардың көмегімен бір таңбалы, екі таңбалы, үлкен сандармен есеп шығарады. Абакус құралын толық меңгерген соң, көз алдына елестету арқылы еркін әрі жылдам саусақпен шығаратын деңгейге жетеді. 3 жылдан бері біздің орталыққа тұрақты келіп, аудан, облыс, республика атын әлемге танытып жүрген шәкіртімнің бірі – Айдәулет Мәдірәсілов. Ол осы уақытқа дейін бірдебір жарыстан қалған емес. Түркия төрінде, Ташкент, Дубай қалаларында бақ сынап, жоғары нәтиже көрсетіп, еліміздің көк Туын желбіретті. Шәкірттерімнің осындай алғыр, үйреткен дүниені алып кететін елгезек болғанымен мақтансам, оларды маған сеніп тапсырып, сайыстарға баруға демеу көрсететін ата-аналарға алғысым шексіз. Біздің барлық жеңісіміз – бірлескен жұмыстың нәтижесі, – дейді ұстаз.

Ал ұстаз мерейін асырған жас математик осы курстың арқасында әлемді аралайтынына бек сенімді. №26 мектептің 5 сыныбында оқитын Айдәулет сабағына да мұқият. Қоғамдық іс-шараларға да белсенді қатысады. Жас жеңімпаз бізбен сұхбатында «Мен осы ментальды арифметиканы үйренгеніме қатты қуанамын. Себебі мұндағы жарыстар бойынша біз түрлі қалаға, тіпті бірнеше өзге елге бардым. Көп достар таптым. Жаңа нәрселер үйрендім. Ең бастысы, халықаралық жарыстан жүлделі орын алып, елімнің атын шығардым. Бұл мен үшін үлкен жеңіс. Болашақта еліме пайдасын тигізер білімді азамат болғым келеді. Кішкентай болсам да шетелді аралауыма себепкер болған апайыма алғыс айтамын» дейді балаң көңілмен.
Жаңа дүниені үйретіп қана қоймай, баптаған шәкірттерін түрлі сынға апарып, додаға қосып жүрген жас ұстаздың өзіне алған жауапкершілігі мол. Әрбір үйдің үкілеген үмітін өзге жерге, өзге елге аман апарып, алып келу екінің бірінің қолынан келмейтін іс. Оған батылдық, мықты жауапкершілік, мамандығыңа деген адалдық керек-ақ.
– Шетелге алғаш шыққанымда жүрегімде қобалжу мен қорқу сезімі болды. Себебі қаншама оқушыны ата-анасыз басқа елге апару – үлкен жауапкершілік. Дубайға екі оқушымен барып, ІІ, ІІІ орындарды еншіледік. Ал Ташкенттегі сайысқа 10 оқушы қатысып, командалық нәтижемен жоғары орыннан көріндік. Түркиядан І орын иелендік. Кеше ғана 13 оқушымен Ташкенттегі дүбірлі сайысқа барып, жүлделі орындарды иеленіп келдік. Енді Египеттегі сынға дайындық үстіндеміз. Шетелде жүргенде барынша көк Туымызды ұстап, ұлттық ою-өрнегі бар киімдерді киюге тырысамыз. Елдің атын шығаруға аз да болса өз үлесімнің тигеніне қуаныштымын. Әрдайым ұлтымыз үшін еңбек етуге дайынбыз, – дейді Мереке Жолдасбекқызы.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ



24 қазан 2023 ж. 372 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№73 (10338)

14 қыркүйек 2024 ж.

№72 (10337)

10 қыркүйек 2024 ж.

№71 (10336)

07 қыркүйек 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 1 586

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30