» » Диқандар еңбегі еленді

Диқандар еңбегі еленді

qarmaqshy-tany.kz Алты алашқа ана болған Сыр өңірінің облыс болып құрылғанына — биыл 85 жыл. Мерейлі той облысымызда кең көлемде аталып өтті. Алдымен егін жинау науқанының аяқталуына орай «Алтын дән – 2023» мерекесі аясында облыс орталығында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Онда барлық аудандар мен Қызылорда қаласының шаруалары өз өнімдерін базар нарығынан 15-20 пайызға төмен бағада ұсынды. Ауылдардан 425 жүк көлігімен 1000 тоннадан астам өнім әкелінді.
Ауданның әр ауылынан әкелінген ауыл шаруашылық өнімдері қала тұрғындарын таңғы ұйқысынан ерте оятқандай. Азанмен жәрмеңкеге келген қалалықтардың қарасы қалың болды. Дарқан дала төсінен өнген мол өнімдер Сыр елін шаттыққа бөледі. Жәрмеңкеге аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев, аудан әкімі Жандос Еркінбекұлы, Сенат, Мәжіліс, мәслихат депутаттары және аудан ардагерлері қатысты.
Ауданның 10-нан астам шаруашылығы 54 көлікпен 150 тоннадан астам өнім әкелді. Жосалы, Төретам кентінің кәсіпорындары да қалыс қалмай өз өнімдерін саудаға шығарды. Саудаға әкелінген өнімдердің 32 тоннасы – күріш, 80 тонна – бақша өнімдері, 4 тонна – ет, балық өнімдері, 20 тонна – көкөніс, 500 келі сүт өнімі, 700 келі макарон, 1000 дана кондитерлік өнім, 6 тоннасы – жемді құрады. Жиын-терім аяқталып, қарбалас жұмыстан босаған шаруалардың ала жаздайғы еңбегінің нәтижесін шығарып, өнімдерін өткізген бұл жәрмеңкеде сатушы да, алушы да пайдада қалды. Бір жағы өнімдерін өткізсе, екінші жағы қысқа қажетті азық-түлік қорын қамдап, малына қажетті жем-шөбін дайындап алды.
Ауыл диқандарының ерен еңбегі өлшенетін алтын күз жәрмеңкесі аудан көркемөнерпаздарының концертіне, мәдени іс-шараларға ұласты.
«Алтын дән – 2023» дәстүрлі ісшарасы облыстық Н.Бекежанов атын­дағы драма-театрында жалғасып, аймақтағы егін жинау науқаны қорытындыланды. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев дала еңбеккерлерін құттықтап, ала жаздай еңбек етіп, қамбаны күрішке толтырған шаруалардың адал еңбегін жоғары бағалады.
– Биыл Сыр өңірінің облыс болып құрылғанына 85 жыл. Қызылордалықтар бұл мерейтойға үлкен табыспен жетті. Жақында облысқа іссапармен келген Мемлекет басшысы аймақтың дамуына жоғары баға берді. Қасым-Жомарт Кемелұлы Нағи Ілиясов ауылында өткен еңбек адамдарымен кездесуде: «Шын мәнінде, еңбек адамдары – халқымыз үшін ең қажет азаматтар. Ең алдымен, біз еңбек адамдарына құрмет көрсетуіміз керек. Сіздер ақ күріштің атасы – Ыбырай Жақаевтың жолын жалғап жүрсіздер. Сондықтан мен сіздерді қолдаймын» деп қошемет білдірді. Президент Сыр өңірінің бренді – күріш өндірісін көру үшін «Алтын орда» зауытында болды. Ауыл шаруашылығы тауарөндірушілерінің өнімдерімен танысып, диқандар мен шаруалардың еңбегіне табыс тіледі. Бұл – барша еңбек адамдарына берілген оң баға, көрсетілген құрмет», – деді облыс әкімі.
Айта кетейік, аймақта 9 айдың қорытындысымен ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі 157 млрд теңгеге жеткен. Жалпы ішкі өнімдегі осы саланың үлесі 6 пайызды құрауда. Соңғы 3 жылдың ішінде ауыл шаруашылығының негізгі қорына 32 млрд 700 млн теңге инвестиция салыныпты. Биыл жалпы құны 7,9 млрд теңгені құрайтын 11 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Жыл ішінде салаға 14,0 млрд теңге қаржылай қолдау жасалды. Оның 4 млрд 700 млн теңгесі егін шаруашылығын субсидиялауға бағытталды.
Одан бөлек биыл су тапшылығы қатты сезілген жыл болды. Соған қарамастан Сыр диқандары ерен еңбектің үлгісін көрсетті. Егістік көлемі өткен жылмен салыстырғанда 4 мың 800 гектарға ұлғайтылып, 193 мың 400 гектар жерге егін егілді. Оның ішінде күріштік алқап 89 мың 100 гектар. Күні кеше жиын-терім науқаны аяқталып, әр гектардан алғашқы салмақта 56,5 центнерден өнім алынды. Қамбаға 503 мың тонна астық құйылды.
Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанда еңбек адамы ең бірінші орында тұрады. Себебі отаншылдық – ең алдымен туған елінің игілігіне қызмет ету» деген еді. Осы орайда дәстүрлі мерекенің ең басты құрметі еңбек адамдарына көрсетілді. Күрішшілер, сушылар, комбайншылар, механизаторлар, диқандар, малшылар сахна төріне шығып, марапатқа ие болды.
Іс-шарада сала қызметкерлері ҚР Премьер-министрінің алғыс хатымен, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен, Құрмет грамотасымен марапатталды.
Ауданымыздың үздік шаруашылығы «Жаңажол» ЖШС биылғы қорытынды бойынша «Озат егін шаруашылығы» атанса, серіктестіктің төрағасы Орынбасар Төлепов ПремьерМинистрдің алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісіне осы шаруашылықтың гидротехнигі Балтабай Саметов ие болды.
Биыл «Жаңажол» ЖШС егілген 3100 гектар күріштен 21700 тонна өнім жинап, орта өнімі әр гектарынан 70 центнерді құрап, аймақ бойынша озық шықты.
«Қт» ақпарат
24 қазан 2023 ж. 198 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№73 (10338)

14 қыркүйек 2024 ж.

№72 (10337)

10 қыркүйек 2024 ж.

№71 (10336)

07 қыркүйек 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 1 586

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30