Бірлігі бекем елдің болашағы баянды
qarmaqshy-tany.kz Биыл «Сүлейлер елі» атанған жері киелі, тарихы шежірелі қасиетті Қармақшы ауданының құрылғанына 95 жыл толып отыр. Аудан – барша түркі жұртының абызы, данагөй Қорқыт ата мекені, Сыр өңіріндегі ежелгі астаналардың бірі сақтардың ордасы Шірік Рабат шаһары орналасқан қасиетті жер.
«Сыр елі – жыр елі» десек, Қармақшы – жыраулық өнердің туын тігіп, көк күмбезін биікке көтерген Сыр сүлейлерінің Отаны. Балқы Базар, Дүр Оңғар, Жиенбай жырау, Ешнияз сал іргесін қалап, Кете Жүсіп, Шораяқтың Омары, Тұрмағамбет Ізтілеуов күмбезін көтерген жыр керуені – Қармақшы жерінің «Жүз шайыр елі» аталуына себеп болған.
Бүгінде береке мен бірлікке, еселі еңбек пен елеулі жетістіктерге, толағай табыстарға толы 95 жыл бедерінде ауданымыз биік тұғырлардан көрініп, татулық пен бірліктің, ынтымақ пен іргелі істердің алтын ордасына айнала білді. Жыл өткен сайын жаңарып, жаңғырған, дәулетіне сәулеті сай ауданымыз айтулы мерейтойды жарқын жетістіктермен қарсы алып отыр. Бұл мерейтойдың басты мақсаты – жетістіктерімізді саралап, алдағы мақсаттарымызды, биік мұраттарымызды бағамдау, асылдарымызды ардақтау.
Биылғы Елордамыз Астананың 25 жылдығы, облыстың 85 жылдығы және ауданымыздың құрылғанына 95 жылдық мерейтойлар жылы. Әрбір той жаңа жұмыстардың, толағай тірліктердің бастауы болуы тиіс.
Сыр өңірі – қазақ елінің тарихына сүбелі үлес қосқан өлке. Осы қасиетті жерден түлеп ұшқан талай ұрпақ үшін тұтас бір дәуірдің құндылықтары енген кезең. Мәселен, Кеңес Одағы тұсында аудан орасан зор экономикалық табыстарға жетіп, егін мен мал шаруашылығында биіктен көрінді. Кеңес өкіметі тұсында негізі қаланып, кешегі Ұлы Отан соғысы жылдарында майданды қару-жарақпен қамтамасыз еткен Қармақшы өңіріндегі Жосалы механикалық зауыты ірі өндіріс ошағына айналды. Қасиетті жерден шыққан Социалистік Еңбек Ерлері Қасымтай Ізтілеуов, Әділбек Хайруллаев, Сәлима Жұмабекова, Цай Ден Хак және Пак Чен Ир сынды ерендеріміз өңіріміздің алдыңғы қатарлы аудан болуына атсалысып, халық шаруашылығының қарыштап дамуына өлшеусіз үлес қосты. Олар тек еңбегімен ғана емес, ақыл-парасатымен де халқымыздың ұлттық мақтанышы деңгейіне көтерілді.
Еліміз Тәуелсіздік алған жылдары қаншалықты толымды табыстарға қол жеткізсе, оған қасиетті Қармақшы елі де өз үлесін қосып келеді. Ел егемендігін алған уақыттан бастап ауданда 68 әлеуметтік нысан, атап айтқанда, 14 мектеп, 9 балабақша, 12 денсаулық, 7 мәдениет және 26 спорт нысаны, Байқоңыр қаласында 50 пәтерлік 5 тұрғын үй пайдалануға берілді.
Жосалы кентіне газ құбырларын кіргізу жұмыстары атқарылып, халық көгілдір отынның игілігін көруде. Газдандырылған елді мекендерінің санын арттыру мақсатында Төретам кентінде және Ақай ауылдық округінде газ тарту жұмыстары атқарылып, осы жылы халық игілігіне пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Сонымен қатар Дүр Оңғар ауылына дейінгі және ауылішілік газ желісінің құрылысы мен Жосалы кенті «Тәуелсіздік» ықшам ауданының үйлеріне газ желілерін жеткізу құрылысын жүргізу келесі жылы іске аспақ.
Қазіргі уақытта да Қармақшыдағы құрылыс жұмыстары қызу жүруде. Аудан орталығы – Жосалы кенті бойынша биыл 33 жоба іске асып жатыр. Орталық аурухана ғимараты және 15 көшеге орташа жөндеу, 10 көшені жарықтандыру, әлеуметтік нысандардың жылу жүйесін көгілдір отынға ауыстыру, су ұңғымасын салу, ғимараттардың жылу қазандығын жөндеу, көшелерді абаттандыру, жаяу жүргіншілер жолын салу жұмыстары атқарылуда.
Бұл салада ауыл-аймақ та кенже қалмай, барлық елді мекендерде құрылыс жұмыстары жүруде. Қармақшы, Т.Көмекбаев, Алдашбай ахун ауылын сумен жабдықтау жұмыстары аяқталды. «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы аясында Тұрмағамбет, Ақжар, Дүр Оңғар ауылдарында дәрігерлік амбулаторияның іргетасы қаланды. Жосалы кентіндегі дене шынықтырусауықтыру кешенінің құрылысы аяқталды. Сондай-ақ Ақай ауылындағы дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде. Республикалық бюджеттің бірінші нақтылауында Дүр Оңғар және ІІІ Интернационал ауылдарында дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысын жүргізу үшін қаржы бөлініп, құрылыс нысандарын салу басталды.
«Самара-Шымкент-Ақжар-ТұрмағамбетТ.Көмекбаев» автожолын, сондай-ақ Ақжар, Ақтөбе, ІІІ Интернационал, Ақай елді мекені бойынша барлығы 6 көшені жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұған қосымша шеткі ауылдың бірі – Қуаңдариядағы екі көше де бар.
Аудан аумағында ірі өндіріс ошақтары жоқ болғанымен, соңғы жылдары кәсіпкерлік саласында, ауыл шаруашылығында, өнер мен білімде, спортта, денсаулық сақтау саласында табысты көрсеткіштерге жетті. Экономикалық-шаруашылық, әлеуметтік-мәдени өміріне игі жаңалықтар енді, жаңа технологияларға қол жеткізді. Осының бәрі қармақшылықтардың өлшеусіз еңбегінің арқасында іске асып жатыр.
«Балапан басын күзде сана» демекші, мерейтой қарсаңында ауданда тың индустриялық жоба – «Ақтөбе құс» ЖШС іске қосылып, жаңа фабрикада алғашқы балапандар шықты. Қазіргі таңда құс фабрикасында 40-қа жуық жұмысшы қызмет етеді. Сандықавтоматтандырылған басқару жүйесімен жұмыс жасайтын барлық цех толықтай іске қосылып, өнім алар уақытта 100-ден аса адамды жұмыспен қамтиды деп жоспарлануда.
Биыл жыл бойы ауданның мерейтойы аясында тұрғындардың белсене араласуымен ұйымдастырылып жатқан мәдени-қоғамдық шаралардың көптігі өз алдына бір тақырып. Жыл басынан бері ауданның жағрафиялық жағдайы, ауыл шаруашылығы, экономикасы мен тұрмыс-тіршілігі туралы мәлімет беретін, айтулы тұлғаларымыз жайында әртүрлі мазмұнда іс-шаралар жалғасын табуда. Бұл игі шаралар жыл көлемінде жүргізілетін болады.
Қадірлі жерлестер!
Ауданымыздың айтулы мерекесі баршаңызға құтты болсын! Талайға құтты қоныс болған қасиетті Қармақшы ауданымыз қарыштап дами берсін! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, бірлігіміз мәңгі, елдігіміз еңселі болсын!
Жандос ЕРКІНБЕК,
Қармақшы ауданының әкімі