Сыр қызы

qarmaqshy-tany.kz Әуеліде Сыр елі — жырдың елі. Руханияттың алтын бесігі. Діңін жырмен тұрғызып, құрағын өлеңмен суарған Қармақшы өлкесі де киелі өнерден кенде емес. Поэзияның парасатын түйсініп, құдіретіне бас иген талай ұрпақ өкілі сәулесін алысқа түсірген. Айтқандай-ақ, бұл сырлы әлемнің бір бөлшегіне айналған аналар поэзиясының шоқтығы биік. Нағима Торманова, Үрліхан Өндібаева, Зарипа Тасымова секілді ақын аналардың өрнекті жырлары өлең өзенін толқыта тербейді. Өзінің дарынымен, адами құндылығымен жаңалық енгізе келген тағы бір жыр әлемінің нәзік өкілі – Орынкүл Тынымбаева.

Ақын, ұстаз апамыз Жосалы кентінде дүниеге келген. Ш.Уәлиханов атындағы мектептің түлегі. Орал педагогикалық институтының тарих-педагогика факультетінің бітірушісі. Ұзақ жыл ІІІ Интернационал ауылдық мектебінде ұстаздық еткен. 2013 жылы жып-жылы күйінде оқырман қолына тиген «Көңілден көктем көшпейді» атты жыр жинағының авторы. Араға тура 10 жыл салып ақынның «Күз пейілі» жыр жинағы жарық көріп отыр.
Кітаптың тұсаукесері әрі Орынкүл Тынымбаеваның 70 жасқа толу мерейтойына орай, ІІІ Интернационал ауылдық Мәдениет үйінде поэзия кеші ұйымдастырылды. Оған ардагерлер, ауыл тұрғындары, жырсүйер қауым және бір топ шақырылған қонақтар қатысты.
Кешті ауылдық мәдениет үйінің қызметкері Индира Өмірзақова жүргізді.
Ақын құрметіне арналған іс-шара «Арман емес шығу, елім, төріне!» деп аталды. Оны аудандық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Дәурен Дауылбайұлы ашып, мерейгерді қуанышымен құттықтады. Иығына қамзол жауып, құрмет көрсетті. Аудан әкімі Жандос Еркінбекұлының атынан жазған алғыс хат тапсырып, жұртшылық алдында оқып берді.
– Сізді туған күніңізбен шын жүректен құттықтаймыз. Саналы ғұмы рыңыз да білімді шәкірт тәрбиелеп, саналы перзент өсіріп отырған анасыз. Осы ұрпақтарыңыздың қызығын көріп, мәуелі бәйтеректей жапырақ жайып, өркендей беріңіз. Ауданның білім саласына қосқан үлесіңіз, ұрпақ тәрбиелеудегі үлгілі істеріңіз халыққа өнеге болуда. Отбасыңызға амандық, шығармашылық табыс, зор денсаулық тілеймін, – делінген құттықтау хатта.
Кеште ауыл әкімі аппаратының бас маманы Бақытбек Байбарақов та ауылдастар атынан игі тілегін білдіріп, лебізімен бөлісті.
Мұнан соң сахна төріне аудан әкімінің ықылас гүлі әкеліп қойылды.
Мәдени іс-шарада халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалының төрайымы, Қармақшы ауданының Құрметті азаматы Гүлжауһар Раева, аудандық кітапханалар жүйесінің директоры Гүлшара Қаниева, аудандық «Қармақшы таңы» газетінің бас редакторы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Сәрсенкүл Райымбаева мерейтой иесіне арнап тілектерін айтып, әлі де шығармашылық асуларды бағындыра беруіне ниеттестік білдірді.
Ардагер анаға ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сайлау Мұхтаров, мерейгердің әріптес құрбысы Қалимаш Сұңғатова, туған-туыстары өз ілтипаттарын жеткізді.
«Ақынның ерлігі – ғашықтығы» деп әзербайжан ақыны Гәнжауи айтқандай, кеште О.Тынымбаева поэзия атты сыры бөлек әлемді жауһар жырымен көмкеріп, көрерменнің талғамынан шықты. Ол ана, әке, туған ел жайындағы өлеңдеріне кезек беріп, олардың тарихынан мөлтек сыр шертті. Әсіресе атаанасы туралы еске алу әңгімесін жиналған ел құмарта тыңдады.
Жыр мерекесінде мектеп оқушылары автор өлеңдерін тұшына оқыды. Нұрдәулет Орынбасаровтың «Қармақшым», Айсезім Ғалымжанқызының «Ей, далам менің!», Жания Әлібекқызының «Бозторғай шырылы» және Гүлсана Нұрғисақызының «Арман емес шығу, елім, төріне!» атты нақышына келтіре оқыған өлеңдері ықыласпен тыңдалды. Өлең оқумен қатар, ақын өлеңдерінің сөзіне жазылған әндер де шырқау шегіне жетті. «Қонжығым» әнін Сағадат Қалаған, «Анажан» әнін Афлят Дямуршаев, «Құтты болсын, туған күнің» әнін Индира Өмірзақова тамылжыта салса, Айсәуле Жәнібекқызының орындауындағы «Үйретеді бұл мектепте» әні ақын ұстаздың аударма нұсқасымен шырқалды.
Шығармашылық кеште белгілі ақындар, бірнеше кітаптың авторы Дастан Нәзікбаев пен Достық Тілеубергенов сиясы кеппеген жаңа кітап, Сыр елінің рухани қазынасына құйылған – «Күз пейілі» атты жыр жинағының тұсаукесер рәсімін жасап, кітап авторына алдағы уақытта да қаламгерлік қуат пен шабыт тіледі.
Ақын кешінің екінші бөлімі – аудандық көркемсөз оқу шеберлерінің байқауына ұласты. Қазылар алқасының шешімімен І орынды ІІІ интернационалдық Айсұлу Әбдісәлімова жеңіп алса, ІІ орынға дүроңғарлық Балауса Алдабергенова мен иіркөлдік көркемсөз оқушы Жансая Асанова лайық деп танылды. ІІІ орынға Төребай би ауылынан бақ сынаған Әсел Мыңжасарова, Қармақшы ауылынан келген Ақгүл Аманова және ақтөбелік Әсемай Ермекқызы ие болды. Ал байқаудың алғыс хаты көмекбаевтық Асылзат Таңатқа, алдашбайахундық Айымжан Астанқұл мен тұрмағамбеттік Ұлықбек Мінуаровқа бұйырды. Қатысушылардың барлығына мадақтама хаты мен сый-сияпат тапсырылды.
"... Орынкүл жан жүрегін тербеген сезімдерді ғана жырлайды, сондықтан да оның өлеңдері оқырманның ойы мен сезімін ерекше әсерге бөлейді" деп кезінде ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Әскербек Рахымбекұлы ағамыз оң бағасын берген Сыр қызының поэзия кешінен біз де рухани азық алып, ерекше әсерде тарастық.
Сәрсенкүл АҚКІСІ
14 қазан 2023 ж. 395 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 034

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031