» » Өмірімнің өзі ме едің, ей, өлең!?

Өмірімнің өзі ме едің, ей, өлең!?

Қазақ әдебиетінде табиғаттың тамыршысы іспетті, табиғаттың тамашасын жырға қосқан ақындар көп емес. Кестелі сөзбен жүйрік ойды оқырманға шынайы әрі нанымды етіп жеткізу де таланттылықтың белгісі. Киелі поэзия әлемінде өзіндік үн, өзіндік сыр, өзіндік бояу, өзгеше ажары бар өлеңдерімен оқырман қауымын елең еткізіп, жырмен тербеп жүрген жанның бірі – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, ұстаз Достық Тілеубергенов.
Сартап дала, жусанды қырдың сыбдырымен сырласа білетін ақын, шын мәнісінде қаланың емес, даланың ақыны. Шығармалары – таудың, құмның, бастысы табиғаттың көркем суреттерімен үндеседі, тілдеседі. Сөзден сурет салатын, кейбір дала көріністерін образбен орап беретін қаламгердің «Дүбірлі дүние», «Жанымның жеті сазы», «Санамдағы сары сағым», «Сыр сарыны», «Бір тұтам тіршілік», «Ән-ғұмыр» секілді бірнеше жинағы жарық көрген. Жүрегін жауһар жырмен әлдилеген ол қазақтың шұрайлы тілін мықтап меңгерген. Бүгінде өзінің қоңыр әуенімен, қоңыр үнімен-ақ әдеби ортаны мойындатқан тұлға.
Жыр дүлділі биыл 60 жасқа толып отыр. Мерейтойға орай өткен жексенбіде Жаңажол ауылдық клуб үйінде «Өмірімнің өзі ме едің, ей, өлең!?» тақырыбында шығармашылық кеш өтті. Кеш шымылдығы қазақ биімен түрілді. Мұнан соң, сахнаға мерейтой иесі құрметпен шақырылып, ақын Сырым Әділбеков жырдан арнау арнады.
Аудан әкімі Әділбек Ерсұлтанов жыр кешіне арнайы барып, ақынға ақ тілегін білдірді. Жауһар жырларымен көптің рухын көтеріп, жанын емдеп жүрген ақынның қаламдастары Шаһизада Әбдікәрімов, Мәди Қайыңбаев, Алтай Үсеновтер жүрекжарды лебізін білдіріп, ортақ естеліктерден сыр шертіп, кеш көркін қыздырды. Сондай-ақ «Жаңажол» ЖШС директоры, облыстық мәслихат депутаты Орынбасар Төлепов ақынды мерейтойымен құттықтап, ыстық ықыласын жеткізді.
Шығармашылық кеште «Иірім» атты жаңа кітаптың тұсауы кесілді. Сонымен қатар, «Эдельвейс» баспа үйінің өкілі Гүлхан Аманжолқызы қармақшылық ақынды Қазақстанның «Алтын кітабына» енуімен құттықтап, алтын кітап пен медаль табыстады.
Жыр кешінде ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері, сазгер Амантай Жұмашев қаламгердің сөзіне жазылған «Туған жер» әнін орындады. «Ақынын құрметтеген ел озады, ақынын сыйламаған ел тозады». Ақынын аялаған, ұрпағы жырын жаттап өскен, өнерлі ұл-қызын ерекше бағалаған халықтың рухы ақынмен бірге жасай бермек. Достық Жақсыбайұлы көтерген жыр бәйтерегі биіктей берсін!
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
31 мамыр 2022 ж. 274 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 039

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031