«Біздің үйде бос уақыт деген болмайды»
qarmaqshy-tany.kz Әрбір отбасы – шағын мемлекет. Оның өзіне тән ұстанатын қағидасы, заңдылығы мен құндылығы бар. Сайып келгенде, оны берекелі де мерекелі ететін сол жанұяның бірлігі мен қатар жүзген тірлігі. Осындай жарасым тапқан жанұя Төретам кентінде тұрады. Олар – Қожақовтар отбасы.
Отанасы Айша Дәкібай 6 баланың анасы, «Күміс алқа» иегері. Ол Қазалы қаласындағы №170 мектептің түлегі. 11 жылдық білім алған соң Қызылордадағы Қорқыт ата атындағы университеттің «Тарих, құқық және экономика негіздері» мамандығын алып шыққан. Бүгінде Жанқожа батыр атындағы №269 орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі болып ұстаздық етеді. Отағасы Жасұлан Қожақов «Байқоңырэнергия» мекемесінде ағаш ұстасы болып жұмыс істейді.
«2001 жылы отбасын құрдық. Жолдасым 12 ағайынды болса, соның ең кенжесіне тұрмысқа шықтым. Қарашаңыраққа ие болып отырмыз. «Қарты бар үй – қазыналы үй» дегендей, анамыз 85 жасқа келді. «Келін қайын ененің топырағынан» дейді. Артық әңгімесөзбен шаруамыз жоқ. Енем – көпшіл, салмақты, сабырлы кісі. Ашуланбайды. Соның үлгісін мен де алып келе жатырмын. Ең басында келін болып түскенімде үйде қара сиыр болған. Соны сауып үйрендім. Ешкіміз бар. Балалардың бәрі ешкінің сүтін ішеді, қаймағын жейді. Одан қалды сүт жинап, жаздай құрт жасаймыз. Былтыр өте керемет өнім болды. Ірімшік қайнатамыз. Келген қонаққа ауыз тиюге ұсынамыз. Тауық, қоянды да ұстадық кешеге дейін. Қолдың жұмыртқасын, қоянның етін тұтындық. Әжелерінің туған күнінде немерешөберелері шүйіркелесіп, бас қосады. Әліге дейін 20-дан асқан немересіне дейін әжесінің қасынан шықпай, әңгімесін тыңдайды, әжелеріне таласады. Ол кісі де басынан өткен оқиғаларын айтып, өнегесін беріп отырады» дейді Айша Жүсіпбекқызы.
Бір қызығы, Айшаның есімінің өз тарихы бар болып шықты.
– Атымның шыныменде өз тарихы бар. Анам математика пәнінің мұғалімі болып, білім саласында ұзақ жылдар қызмет етті. Қазір сала ардагері. Мені босанатында университеттің студенті екен. Тараз қаласында оқыған. Дүниеге келген жерім – Тараз. Облыстық аурухананың перзентхана бөлімінде туылғанмын. Сол жақта анамның нағашы ағасы мен жеңгесі тұрған. Олар да мектепте физика, математика пәндерінен сабақ берген ұстаздар. Мемлекеттік емтихан тапсырып жатқанда толғатып, мені сонда өмірге әкелген. Нағашыларының ауылы қазіргі Айшабибі ауылы болатын. Соның құрметіне есімімді Айша деп қойған. Сонда әкеміз келіп, анамның дипломымен қоса, мені де бірге қуанып ауылға алып қайтқан жайы бар екен.
– Атымның шыныменде өз тарихы бар. Анам математика пәнінің мұғалімі болып, білім саласында ұзақ жылдар қызмет етті. Қазір сала ардагері. Мені босанатында университеттің студенті екен. Тараз қаласында оқыған. Дүниеге келген жерім – Тараз. Облыстық аурухананың перзентхана бөлімінде туылғанмын. Сол жақта анамның нағашы ағасы мен жеңгесі тұрған. Олар да мектепте физика, математика пәндерінен сабақ берген ұстаздар. Мемлекеттік емтихан тапсырып жатқанда толғатып, мені сонда өмірге әкелген. Нағашыларының ауылы қазіргі Айшабибі ауылы болатын. Соның құрметіне есімімді Айша деп қойған. Сонда әкеміз келіп, анамның дипломымен қоса, мені де бірге қуанып ауылға алып қайтқан жайы бар екен.
Жолдасыммен өзімнің әпкемнің күйеуі, жездем арқылы танысқанбыз. Олар бір-бірімен жақсы жолдастар болған, бір сыныпта оқыған. Сол таныстырды бізді. Алып қашатын уақыт. Бірақ келісіп үйлендік. Менен 8 жас үлкендігі бар. Бүгінде ақ некемізден 6 ұл-қыз тәрбиеленуде. Үлкеніміз Еркебұлан 20 жастан асты. Жақында Отан алдындағы борышын өтеп, аманесен келді. Жұмыс істейді. Әмит баламыз «Болашақ» жоғары колледжінде «Электрик» мамандығында оқыса, одан кейінгі Аружанымыз да осы оқу орнының медицина бөлімінде білім алуда. Меруертіміз 8 сыныптың үздік оқушысы. Араға 8 жыл салып, Раянаны дүниеге әкелдік. Биыл мектеп табалдырығын аттап, 1 сыныпқа барды. Кішкентай Інжуімді 41 жасымда босандым. Қазір ол 2-де, – дейді сіңліміз ашық-жарқын мінезбен.
Айша бала кезінен өнерге жақын өскен. 3 сыныптан бастап сахнаға шығып, мектеп бітіргенше домбырада ән салған. Негізінен ол көптеген аспапта ойнайды. Табиғи талант иесі десек те болғандай. «Маған қолыма аспап беріп қойса, 2 күнде-ақ үйреніп аламын. Үйде домбыра, баян, гитара аспаптары бар. Отбасылық мерекелерде, қонаққа барғанда, баланы ұйықтатқанда осы аспаптарда ән айтамын» дейді ол сөз арасында қосыла кетіп. Ұлттық аспабымыз домбыраны төріне іліп қойған. Балаларының ұлттық сезімде өскенін қалайтын көпбалалы ана оларға домбыра шертіп үйретіп, қалай ойнау керегін үнемі көрсетіп отырады.
Кез келген отбасының ұстанатын құндылықтары мен қағидасы болатыны секілді, Қожақовтар жанұясының да өз ерекшеліктері бар.
– Отбасындағы ұстанатын басты қағидамыз – сол анамызбен арадағы сыйластығымыз жақсы болуы керек. Барлық іс-әрекетіміз балалардың көзінше болғандықтан, бізден үлгі алады деп ойлаймын. Енеме құрметім шексіз. Ас ішерде қолтығынан демеп, дастарқанға сүйемелдеп алып келемін. Оны көріп отырған балаларға бұл да бір тәрбиенің көзі деп есептеймін. Біз де ертең қартаямыз. Сол кезде бұлар да соны қайталайды деген үміттемін. Сіз деп сөйлесеміз. Әкесіне де балалардың көзінше дауыс көтермейміз, бала сескенсін, сыйласын деген мақсатпен. «Әкеңнен рұқсат сұра», «Әкең келе жатыр», «Әкең ұрысады» деген сөздермен ескерту жасап отырамын. Әкесі оларға ұрыспайды да ұрмайды да. Бірақ сыртынан мысы басып тұрады. Тамақ ішерде де дастарқанға әкесі келмей, асқа қасық салмаймыз. «Еркек үйдің иесі, әйел үйдің шегесі» дейді ғой. Көбіне, отбасын сақтап қалатын да, ер адамның басын төрге сүйрейтін де осы әйел адамдар. Үй болып кетеміз дегенше, енемнің көп көмегі тиді. Сол үшін де барлық жағынан енеммен кеңес қыламын, пікірін қадірлеймін.
Жолдасым да шығармашылықтың адамы. Ол сурет салуды жақсы көрсе, мен аспапта ойнағанды ұнатамын. Балаларымыз да құр жаяу емес. Арасында сурет салуға ерекше ықыластылары бар. Өз басым гүл өсіру десе, ішкен асымды жерге қоямын. Балаларымыз да солай. Күтімін бірге жасаймыз. Отбасында бөлме гүлдері көп, бақшалық та ұстаймыз. Жеміс талдары жайқалып өсіп тұр. Соның бабын отбасымызбен атқарамыз. Ұлдарымыз жерді қарықтап, жыртып берсе, қыздар жағы болып егеміз, суарамыз, отағын жұламыз. Әжеміз де бірге жүреді. Күзгі уақытта еккен өнімдерімізді жинап аламыз. Қысқа отынға дейін жарып, жинап, қамданып қойдық. Мақтағаным емес, қыздардың да қолынан біраз нәрсе келеді. Тәттілер пісіреді, қолөнермен айналысады, үй жинайды, бала қарайды, үлкендерге жәрдем береді. Қысқасын айтқанда, біздің үйде бос жүретін адам жоқ. Осының бәрі әжеміздің бізге берген бағыт-бағдарының арқасында жүзеге асып жатқан татымды тірліктер, – дейді Айша Жүсіпбекқызы риза көңілде.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК