» » Жартылай шындық | Екі қазақстандық әлем бойынша тегін Wi-Fi тарататын sim-карта ойлап тапты

Жартылай шындық | Екі қазақстандық әлем бойынша тегін Wi-Fi тарататын sim-карта ойлап тапты

3 мамыр күні Инвестициялар және даму вице-министрі Тимур Тоқтабаев мәжілісте «Кейбір заңнамалық актілерге тәуекелдік (венчурлық)  қаржыландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын ұсынды. Шенеунік Қазақстан азаматтарының «әлем бойынша автоматты түрде тегін Wi-Fi тарататын» sim-карта ойлап тапқанын айтты.

Үкім: Жартылай шындық

Екі қазақстандық азамат өз иесін әлемнің жүздеген елінде Wi-Fi арқылы интернетпен қамтамасыз ететін құрылғының прототипін ойлап тапқан. Бірақ ол sim-карта емес, өзіңмен алып жүруге ыңғайлы интеллектуалды модем. Ол телефонға орнатылмайды және көлемі sim-картадан әлдеқайда үлкен. Сонымен қатар, роутерде Wi-Fi-репитермен бірге виртуалды sim-карта технологиясы қолданылады.
Жас қазақстандық азаматша Алена Ткаченко мен азамат Қайрат Ахметов 2015 жылдың жаз айында IT-конференцияда танысады. Сөйлесе келе көзқарастары ортақ екенін байқайды: екеуі де шет елде интернеттің қолжетімді болғанын қалайды, бірақ оны іске асыру өте қиын. Осылайша оларда вице-министр sim-картамен шатастырып отырған Nommі туралы ой пайда болады. Нарықтағы қолжетімді аналогтарды тексеріп, маркетингтік анализ және болашақтағы жобаның концепциясын жасау үшін оларға бір жыл қажет болды. Жобаны іске асырғаннан кейін стартапшылар оны Алматы және Астана қалаларының қонақтарына жалға берді, «кейінірек қызметкерлерін шетелге жиі жіберетін үлкен компаниялармен жұмыс істедік», — деп еске алды Ткаченко. Арада 12 ай өткен соң, 2017 жылдың жазында Nommi жобасы толықтай жасалып, оны өндіру және кепілдік қызметі туралы Шэньчжэндегі қытай зауытымен келісімшарт жасалды. Сол жылы Nommi компаниясы Американың Дэлавер штатында заңды тұлға ретінде тіркелді.
Nommi дегеніміз – Wi-Fi-роутер. «Бұл шағын гаджет арқылы біз әлемнің кез келген еліндегі қолжетімді Wi-Fi желісіне автоматты түрде қосыла аламыз, желілердің құпия кілттері құрылғыда сақталған», деді Ахметов Forbes Kazakhstan-ға берге сұхбатында. Жақын жерде қолжетімді Wi-Fi желісі болмаған жағдайда, роутер авоматты түрде  eSIM технологиясы арқылы (виртуалды sim-карта) мобильдік жүйеге қосылып, «әлемнің тиімді 4G тарифтеріне қосыла алады». Интеллектуалды роутер екі тәсілдің бірімен интернетке қосылғаннан кейін оны Wi-Fi арқылы өзге де гаджеттерге тарата алады дейді ойлап табушылар.
Олардың айтуынша, саяхатшылар Nommi арқылы роуминг төлеуге кететін қаражатының 70%-ын үнемдей алады. Өткен жылдың қазан айында Ахметов: «Біз көптеген елді қамтитын (100-ден аса ел) тарифтік жоспарды іске қоспақшымыз, онда $35 доллар төлесеңіз айына 5 Гб мобильді интернет аласыз», деп жоспарларымен бөліскен болатын. Сол кезде стартапты ойлап табушылардың бірі Nommi-дің «абсолютті ноу-хау» еместігін мойындады. Оның сөзінше, Қазақстанда ойлап табылған құрылғының ерекшелігі оның технологиясында емес, Wi-Fi-репитор мен sim-картаның үйлесімділігінде екен. «Сонымен қатар, Nommi-де арнайы VPN функциясы болады», деді ол. Құрылғының баптауларына сәйкес Nommi-ге бір уақытта 5-8 гаджетке дейін қосыла алады, олар қосымша қуаттамай-ақ 16-48 сағатқа дейін жұмыс істейді. Сонымен бірге, құрылғыға Qi стандартты сымсыз қуаттау жүйесі енгізілген, ол iPhone-ның соңғы үлгілерін де, Android-смартфондарды да қуаттай алады.
Инвестициялар және даму вице-министрі мәжілісмендерге «Егер біз оларды қаржыландыра алмасақ, олар өз тұтынушыларын шетелден табады», — деп ескертті. Шынында, жас стартапшылар мемлекеттің қаржыландыруына аса мұқтаж емес. Өткен жылы алғашқы болып отандық инвесторлар Әділ Нұрғожин, Қайрат Жұмағатов және Байжан Қанафин оларға қолдау көрсетті. Қазір бизнес-періштелер Nommi командасына стратегиялық маркетинг бойынша кеңес береді.  2017 жылдың желтоқсан айында демеуші тапқаннан кейін компания халықаралық Indiegogo кеңістігінде краудфандингті компанияны іске қосты, өйткені олар негізінен қазақстандық емес, әлемдік (әсіресе АҚШ) нарыққа сүйенеді.
Қазақстандық стартапшылар алдын ала берген тапсырыстардан 25 мың доллар табуды жоспарлаған болатын, бірақ 6 мамыр күнгі есептеу бойынша әлемнің 83 елінен компанияның қорына 122 мың доллардан аса қаражат түскен. Ткаченконың айтуынша, ең көп қызығушылық танытқан Оңтүстік-Шығыс Азия елдері. Ол жақында берген сұхбаттарының бірінде былай деген болатын: «Біздің ойымызша, осы аймақтар істі бастауға үшін өте қолайлы: әуелі – Сингапур, содан кейін Малайзия, Индонезия және басқа да елдер». Қазір құрылғы «бейкерлерге» 40% жеңілдікпен сатылуда, компания оларға дайын өнімді 2018 жылдың қыркүйек айында жеткіземіз деп уәде беріп отыр.
Сонымен бірге Ахметов 2018 жылы қаңтар айында Sputnik Қазақстанға берген сұхбатында вице-премьер Асқар Жұмағалиевтің Nommi-ге қызығушылық танытқанын айтты: «Олар бізді сөйлесу үшін Астанаға шақырды, «Зерде» холдингінің басшысы Руслан Есенбаев құрылғымызға біздің ұсынысымызсыз алдын ала тапсырыс жасады». Nommi-дің алғашқы жұмыс прототиптері қазақстандықтарға таныстырылды: сәуір айының ортасында Алматыда SmArt.Point кеңістігінде жаңа өнімнің таныстырылымы болды. 6 мамыр күні Алматыға жұмыс сапарымен барған президент Нұрсұлтан Назарбаев та интеллектуалды роутермен танысқан. Құрылғы туралы Нұрсұлтан Әбішұлына түсіндірген Ткаченко қазіргі уақытта 2,5 мың алдын ала тапсырыс келіп түскенін атап өтті. Ескерте кетсек, алдын ала тапсырысты Indiegogo арқылы беруге болады: Nommi Slim — $72 (шамамен 23,5 мың теңге), Nommi Power — $90 (шамамен 29,5 мың теңге).
factcheck.kz

15 мамыр 2018 ж. 967 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

№89 (10354)

09 қараша 2024 ж.

№88 (10353)

05 қараша 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 126

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930