Қырғыз ағайыннан жеткен сый
qarmaqshy-tany.kz «Еуропалық одақтың жүлдесін иеленді». Осындай тақырыппен 2 жыл бұрын жерлесіміз Нұрсұлтан Мықтыбаев Еуропалық одақтың «WECOOP» жобасы аясында Орталық Азия журналистері арасында өткізілген «Биоалуантүрлілікті қалпына келтіру – біздің жалпыға ортақ міндетіміз» атты халықаралық байқауда ІІІ орын иегері атанып, жоғары дәрежелі марапат Қырғыз Республикасының астанасы Бішкек қаласында өткен арнайы жиында табысталғанын жазған болатынбыз.
Аталған мақаламызда Нұрсұлтан қырғыз еліне сапары барысында айыр қалпақты ағайынның Шу облысы, Новопокровка ауылының тұрғыны Салтанат Сеитованың «Жабайы аңдарды оңалту орталығындағы» қазақстандық қар барысының тағдырына алаңдап, оған ерекше назар аударған болатын.
– Салтанат Сеитова өзінің үйінен «Жабайы аңдарды оңалту орталығын» ашып қойған. Оны жергілікті тұрғындар «Үлкен жүрек иесі» деп атайды. Браконьерлерден зардап шеккен немесе жараланған аң-құстарды емдеп, қайтадан қатарға қосумен айналысады. Ал өз еркімен күн көре алмайтындарын орталықта паналатып, бағып-қағады. Осы орталықта Қазақстанның қар барысы бар. Кәдімгі барыс. Оны алғаш көргенде көзіміз ұясынан шығып кете жаздады. «Біздің» браконьерлер атып, оң жамбасын жаралаған. Екі көзі мүлдем көрмейді. Аңшылардан қашқанда тасқа соғылып, жанарынан айрылған. Салтанатқа бұл барысты Қазақстан мен Қырғызстанның шекарасындағы Қырғыз Алатауының төменгі жотасынан шекарашы сарбаздар тауып алып, әкеліп беріпті. Барыстың оң жамбасын емдеп жазғанмен, қос жанарын қалпына келтіру мүмкін болмаған. Оның бас сүйегінен жетпіске жуық бытыра оғын алған. Салтанат оның көзін емдеу үшін әлемнің зоолог дәрігерлерінен көмек сұрап, өзінің әлеуметтік желілердегі парақшаларында ағылшынша пост жазыпты. Оның бұл жазбасына үн қатқан неміс еріктісі Гурдун Германиядан арнайы келген. Біз Салтанаттың орталығына барғанда, оның келгеніне бір аптадан асыпты. Германиялық еріктімен тілдесіп көріп едік, ол барыстың көзін қайтадан қалпына келтіру үшін неміс дәрігерлерімен кеңесіп көргенін айтты. Олар үміт жоқ екендігін жеткізген. «Бұл барыс жарты жыл дегенде өз-өзіне зорға келді. Адам секілді күйзеліп, үрейленген кезі көп. Тамақ ішпей қойған күндері көп болды. Басында дыбысқа мүлдем жауап қатпайтын. Кейін тас лақтыру секілді тәсілдерді қолдана отырып, дыбыстарға назар аударуды үйреттік» дейді Салтанат. Осылайша, бүгінде біздің еліміздің символы саналатын аталған қар барысы әлгі орталықта қазақстандық қаскөйлердің зұлымдығының тірі белгісіндей болып өмір сүріп жатыр, – деген еді Нұрсұлтан бізбен әңгімесінде.
Бұдан бөлек, ол әлемде жыл сайын аталып өтілетін 23 қазан – халықаралық қар барысы күніне орай, республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінде «Жанарсыз барыс жәутеңдейді немесе киелі аңның обалы кімге?» (№221 (30450), 18 қараша, 2022 жыл) атты мақала жариялап, қоғамға қозғау салады.
Жерлесіміздің аталған мақаласы текке жарияланбапты. Оның осы мақаласынан кейін қар барысының тағдырына алаңдаған қазақстандықтар киелі аңға қол ұштарын созған көрінеді. Осыдан кейін журналистің елжандылығына тәнті болған Қырғыз Республикасының бір топ экологтары мен табиғат жанашырлары оған азаматтық көзқарасы үшін алғыстарын жеткізіп, жақында ерекше сыйлық тарту етті.
– Сіздің қоршаған ортаны қорғау мен биоалуантүрлілікті сақтау жолындағы азаматтық көзқарасыңызға ризашылығы мызды білдіреміз. Әсіресе, Қырғыз Республикасы Шу облысының Новопокровка ауылындағы аң-құстардың жанашыры Салтанат Сеитованың «Бугу-Эне» орталығындағы қазақстандық қар барысының тағдырына алаңдап Қазақстан Республикасының «Egemen Qazaqstan» жалпыұлттық газетінде жариялаған «Жанарсыз барыс жәутеңдейді немесе киелі аңның обалы кімге?» атты мақалаңыздан кейін аталған барыстың жанашырлары көбейді. Осы мақаламен танысқан азаматтар Қазақстанның мемлекеттік символы саналатын қар барысының тағдырына бейжай қарамай, қолдан келген көмектерін созуда. Көптеген қазақ бауырларымыз барысты бағып-қағуға, азық-түлікпен қамтуға және ем-домына керекті дәрідәрмекпен қамтамасыз етуге үлкен көмек көрсетіп жатыр. Тіпті, бірнеше азамат біздің Қырғыз Республикасына сапары аясында Новопокровка ауылына арнайы келіп, барыстың қазіргі халімен танысқанын ерекше атап өткен жөн, – делінген аталған хатта.
Айыр қалпақты ағайын ыстық ықыластарының белгісі ретінде арнайы салғызған «Қар барысы» картинасын Н.Мықтыбаевқа Алматы қаласында өткен табиғат жанашырларының халықаралық тәжірибе алмасуында салтанатты түрде табыстады. Хаттағы:
– Осы орайда, сізге зор алғысымызды білдіре отырып, қырғызстандық экологтар мен табиғат жанашырларының атынан естелік сыйлығымызды ұсынамыз. «Қар барысы» картинасы – сіздің шаңырағыңыздың төрінен табылып, әрқашан сәттілік әкеледі деп сенеміз. Журналистік қызметіңізге табыс, деніңізге саулық тілейміз! Табиғат – Ананың сіз секілді жанашырлары көбейе берсін! – деген жолдардан «бір туған» ағайынның ерекше құрметін аңғарасыз. Осылайша, қырғыз ағайыннан жеткен сый тек Нұрсұлтанның ғана емес, еліміздің мерейін үстем етіп тұрғаны жасырын емес.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА