» » Сәскеде саумал, бесінде қымыз сапырған

Сәскеде саумал, бесінде қымыз сапырған

qarmaqshy-tany.kz Ақай ауылындағы сапарымыз Берді ағамыз мен Гүлнар апамыздың шаңырағына жалғасты. Аңқылдап тұрған апамыз бізді анадайдан қарсы алып, газеттен тілшілер келеді деп қуанып отыр екен. «Ә» дегеннен ағарғаннан дәм татуымызды сұрап, жайғасуымызды өтінді. Есік алдындағы бір бөлмені арнайылап келушілерге дайындап қойыпты. Біз де сол жерге отыра қалып жаңа сауылған саумал мен қымызы қашанда әзір аға-апамыздың көңіліне дән риза болдық.
Саумалдың сан ауруға ем екені бесенеден белгілі. Оны тұтынушылардың да қатары жыл сайын артып келеді. Саумал асқазан, өкпе, жүрек ауруларына ем, қан айналым, ішек жұмысына көмектеседі. Жалпы денсаулыққа шипа болсын десеңіз, саумалды кем дегенде 15 күн ішкен жөн. Ол әркімге әрқалай әсер етеді. Кейбір адамда алғашқы 1-2 күнде іш жүргізуі мүмкін. Ал 2-3 күннен кейін тоқтаса ағза оған бейімделіп, бойға сіңіп жатыр деген сөз. Кері әсер ететін кездері де болады, ол кезде денсаулығыңызды тексертіп алған артық болмайды.
– Ұлттық сусынды «Сары қымыз – ауруға дәрі қымыз» деп мақтауын келістіріп жатамыз. Алайда жұрт оның шын мәнінде де шипалы екендігін енді ұғына бастағандай. Әсіресе бие сүтін жаңа сауған саумал күйінде ем үшін пайдалану жақсы үрдіске айналуда. Саумалға күнделікті келетін, тұрақты тұтынушыларымыз бар. Ағарғанның қай түрі болмасын, дертке шипа, ағзаға дәрумен емес пе?! Қаншама жанға жәрдеміміз тиіп жатқанына қуанамыз. Қандай ағарған болса да адал, таза болғаны дұрыс. Сонда ғана ішкен адам шынайы ризашылықпен батасын береді, – дейді кәсіп иесі.
Отбасылық кәсіп етіп, оны өркендету жолында басталған іс бүгінде оң нәтиже беруде. Саумалы мен қымыздан бөлек аулада шағын бақшасы да бар екен. Одан әрігіректе үйрек пен қаздары жүр. 20-ға жуық құсты қысқа дайындайды екен. «Бұл қыстық тамағымыз» дейді апа әңгіме арасында күліп.
Аға-апамыздың 3 қыз, 1 ұлы бар. Үлкен қызы Алмагүл мектепке аспазшы, Айнагүлі – мұғалім, ал Жасұлан Байқоңыр қаласында дәнекерлеуші болып еңбек етеді. Эльмирасы Қызылорда қаласында медбике болып жұмыс істейді.
– «Қолы қимылдағанның аузы да қимылдайды» деген сөз бар емес пе? Кәсіптің қай түрі де берекелі. Тек ерінбей еңбек етсек болғаны. Жолдасым осыдан бірер жыл бұрын ауыл шаруашылығына арналған 6%-пен несие алған. Ағарғанды кәсіп қылғанымызға 7-8 жылдай болып қалды. Аллаға шүкір, осының арқасында жағдайымыз түзеліп келеді. Күнделікті таңғы 4-те тұрамын. Өзім ауылдық клуб үйінде 20 жылға жуық еңбек етіп келемін. Жұмыс пен үй арасында осы биені де сауып, пісіп үлгеруге тырысамын. Түскі сағат 1-ге дейін ағарғанға келетіндердің қарасы үзілмейді. Байқоңыр, Ақай, Төретамнан келіп қатынап ішеді. Күніне 40-қа жуық адамға қызмет көрсетеміз. Саумалдың кесесі – 700, қымыздың бір жарым литрі – 1500 теңге тұрады, – дейді отанасы.

Ауылдағы емен-жарқын халықты көріп біз де мәре-сәре болып қалдық. Аңқылдаған көңілі мен еңбекке деген адалдығына сүйсіне қарадық. Шынайы алғысымызды да білдірдік. Олар да жол түссе келесіде тағы «соғып тұрыңдар» деп шығарып салды.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
16 тамыз 2023 ж. 504 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 287

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 382

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930