» » Отан – қуат, отбасы – шуақ

Отан – қуат, отбасы – шуақ

qarmaqshy-tany.kz Қазақ халқы отбасы құндылығына ерекше мән берген. «Отбасының өнегесі – Отан өнегесі» деген ұлық ұғым соның айғағы. Яғни, ұлттың болмысын сақтауда оның рөлі ерекше болған. Себебі, әр отбасының тарихы – Отан тарихының кішкентай бір бөлшегі. Сондай әдемі тарихтың бірі ақайлық Жолымбетовтер отбасына тиесілі.
Ұлттық қазынамызды сақтап, оны үкілеп өсірген ұрпақтарының санасына сіңіруде аянбай еңбек еткен Жолымбетовтер отбасы Ақай ауылына жақсы таныс.
Отағасы Шанжарбек Жолымбетұлы №22 әскери кеңшарындағы сиыр фермасында малшы болып ұзақ жыл еңбек етіп, абырой биігінен көрінген азамат болса, оның жары Тасқын Дәулетқызы сол фермада сауыншы болып еңбектің тамаша үлгісін көрсеткен, есімі өңірге танылған даңқты сауыншы болған. Өмірге 11 ұл-қыз әкеліп, олардың әрқайсысының қоғамнан өз орнын сайлап алуына еңбек сіңірген Батыр ана, «Алтын алқа» белгісінің, ІІ және ІІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордені мен «Ана» медалінің иегері.
Сонымен қатар, оның омырауында үздік маман ретінде мемлекет тарапынан берілген «Социалистік жарыстың жеңімпазы», «ХІ-ХІІ бесжылдықтың жеңімпазы», «Коммунистік еңбектің белсендісі», «Байқоңыр қаласының Құрметті ардагері» төсбелгілері, басқа да медальдар жарқырайды.
Тасқын апайымыз ауылдық ке­ңестің бірнеше мәрте депутаты болып сайланып, ауылдастарының мұңмұқтажын билікке жеткізуде аянбай тер төккен халық қалаулысы.
«Өнер тамған он саусақ үзілмейтін ырысың» дегендей, Тасқын апаның бойына дарыған екінші бір қыры өнерпаздық. Ол ауылдағы «Әжелер» ансамблін құрушылардың бірі әрі белсенді мүшесі.
«Біздің «Әжелер» ансамблі Байқоңыр қаласында ғарышқа сапарлаған талай ғарышкерлер алдында ән шырқап, оларға рух берді. Сонымен қатар, ауданда, облыста, республикада өткен өнер фестивальдері мен байқауларына қатысып, ауыл, аудан абыройын асқақтаттық» дейді өнерпаз ана.
Батыр ана, қоғам белсендісі Тасқын Дәулетқызы ұлттық ата-салт дәстүрін ұлықтаған ісмер. Ол көрпе, жастық, бесік және қыз жасауын тігудің шебері атанған тігінші.
«Мен 1939 жылы Қазалы ауданына қарасты Майлыбас елді мекенінде бар өмірін мал шаруашылығына арнап өткен Дәулет есімді шаруа отбасында дүние дидарын аштым. Балалық шағым Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс өтті. Өзге замандастарым сияқты мен де жоқшылықтың кермек дәмін таттым. Әкелеріміз майданда жаумен шайқасып жүргенде біз егістік басында тынбай еңбек еткен аналарымыздың қасында жүріп дән тердік. Қыста арбаға отын тиедік. Ал, өсе келе Шанжарбек есімді азаматпен отбасын құрып, ұрпақ тәрбиеледік. Жарыммен бірге Ақайға қоныс аударып, Байқоңырдағы әскерилерді азық-түлікпен қамтамасыз етуде ашылған сиыр фермасында мен сауыншы, жарым малшы болып еңбек еттік. Ол жылдар біздер үшін ұмытылмас кездер еді. Жалындаған жастар, яғни біздер жұмыста белсенді болдық. Басшылық тапсырған міндеттерді жауапкершілікпен, тиянақтылықпен орындап, көптеген марапаттарды иелендік. Қоғамдық жұмыстарда да белсенділік танытып, қатарымыздың алды болдық. Сиыр фермасында сауыншы болып жұмыс істеген жылдарда Әлен, Ұлболсын, Жәнігүл және басқа да құрбыларыммен дос әрі жарыстас болып, көптеген социалистік жарыстарда жеңімпаздар көшінде болдық. Ауылдық кеңестің депутаттығына да сайландым. Тіпті, Байқоңыр қаласынан келіп, телевизияға түсірді. Ал, бүгінде марқұм, аталар жолымен мәңгілік мекеніне сапарлап кеткен жарым екеуміз үкілеп өсірген ұрпағымыздың бақытты өмірін қызықтап отырған жайым бар. Шүкір, ел-халқым құрметтеп сыйлайды. Тойтомалақтан қалдырмайды. Ауылдағы жаңалықтарға да қанықпын. Оны ауыл әкімі Эльмира қызымнан естіпбіліп отырамын», – дейді Батыр ана.
«Өз үйім өлең төсегім» деп қазақ даналығында айтылғандай, өз отбасың, өз үйің әрқашан жылы тартып, жанға жақын болады. Сол себепті де әр адам өзіне қымбат отбасын сыйлап, құрметтей білуі шарт.
Қазақ қоғамында «Әке – асқар тау, ана – баурайындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деген сөзге отбасындағы тәрбие тұтас сыйып кетеді.
Жоғарыда айтқандай, бақытты шаңырақ отанасы Тасқын анамыз отағасы Шанжарбекпен 11 ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, олардың қоғамнан құтты орнын алуларына көп еңбек сіңірді. Бүгінде ұлын ұяға, қызын қияға қондырған ол ұрпақтарынан тараған немере-шөберелерінің қызықты да бақытты күндеріне риза болып, олардың өміріне тілектес ана, ақ жаулықты баталы қария, үлгілі отбасының отанасы болып отыр.
– Қазақ халқында «Анаңды Меккеге арқаңа салып үш рет апарып, дүниенi түгел айналып келсең де перзенттік парызыңды өтей алмайсың» деген тәмсiл бар. Сондықтан мені өмірге әкелген ата-анама деген перзенттік махаббатымның шексіз екендігін айтып жеткізе алмаймын. «Алланың разылығы – атаананың разылығында, Алланың ашуы – ата-ананың ашуында» дегендей, жер бетінде ата-ананың ақ батасы олардың кіршіксіз көңілінен шыққан таза тілегі. Әке-шешенің батасы жабылған есікті ашады, сөнген шырақты қайта жағады. Ендеше, бәле-жала, жамандықтан, біреудің зұлымдық жасап, кесірі тиюінен аман боламын десеңіз, үйдегі үлкендерді қуантуға асығыңыз. Солардың мейірімін, елжіреп маңдайыңыздан сүйгенін көруге барыңызды салы­ңыз, – дейді Тасқын анамыздың баласы Алтай Шанжарбекұлы.

Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ
14 тамыз 2023 ж. 1 692 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 025

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031