ЖЕЛІДЕГІ ЖАУАПКЕРШІЛІК: жаңа заң нені көздейді?
qarmaqshy-tany.kz Бүгін әлеуметтік желінің әмірі жүріп тұрған уақыт. Тіпті желіде қақпақ жоқ десе болады. «Қой дейтін қожа» болмаған соң өзін «блогер» санайтындар да кеуде керіп-ақ жүр. Түрлі айлалы іс-әрекеттер арқылы алаяқтар пайдаға, оңай олжаға кенелуде. Бұл енді желінің теріс тұсы. Ал пайдалы жағын айта кетсек, мұнда бірқатар әлеуметтік мәселені көтеріп, шешімін тапқан дүниелер де бар. Оны мойындау қажет. Әйтсе де бес саусақ бірдей емес. Әлеужеліде ара-тұра «өш алу, кек қайтару» алаңына айналатын сәт те болады. Ал «комментарияда» жеке басқа тіл тигізіп, ауыр пікір айтатындар жетіп жығылады.
Әлемде 4,62 млрд адам әлеуметтік желіні пайдаланады. Бұл жалпы әлем халқының 58,6%- і. Ал қазақстандықтардың желіге тіркелгендегі үлесі халық санына шаққанда бұдан әлдеқайда жоғары. Бізде 12 млн адамның желіде өз аккаунты бар. Бұл ел халқының шамамен 63,5%-ын құрап отыр.
Виртуалды әлемдегі қарым-қатынас этикасын қаншалықты сақтап жүрміз? Кәнігі өмірдегідей ол жерде де жауапкершілік бар. Дей тұра мұны ойыңа келгенді жаза салу, қалаған адамды балағаттау, былапыт сөзді «беймарал» қолдану деп түсінетіндер азаймай тұр. Аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып, жаға жыртысып алып қалың көпшілікке тарап кеткенде кешірім сұрап жүретін жайттарды да көз көріп, құлақ естіп жүр емес пе?!
Бұдан былай әлеуметтік желіде жалған ақпарат таратқандар айыппұл арқалайтын болады. Ал блогерлік арқылы табыс тауып отырған адамдар мемлекетке салық төлейді. Қаржылық пирамидаға ақша салатын адамдардың қатары азаяды. Сондай-ақ онлайн платформадағы алаяқтарға тұсау салынатын болады. 10 шілде күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заңға қол қойды. Заң онлайнплатформалар мен блогерлердің құқықтары мен міндеттерін белгілейді. Атап айтқанда, желіде жалған ақпарат таратқаны үшін қолданыстағы қылмыстық жауапкершілікпен қатар әкімшілік жауапкершілік те енгізілген. Осы ретте, айта кететін жайт, мемлекеттік тілдің дамуына қатысты да оң өзгерістер байқалады. Әлеуметтік желілер қазақ тілінде қызмет көрсете бастайды. Жарнама бергенде мемлекеттік тілдегі нұсқасын қамтамасыз ету, зиянды көріністерден балаларды сақтау, олардың құқықтарын қорғау секілді мәселелер заңда көрсетілген. Заң аясында көлеңкелі экономика үрдісін азайту және онлайн алаяқтықпен күресу бойынша қажетті шаралар қабылданады. Басқаша айтқанда, офлайн өмірдегі жауапкершілік онлайн әлемде міндеттеледі. Сондай-ақ онлайн-платформалардың жұмыс істеуінің ашықтығы мен ҚР-ның ақпараттық кеңістігінің қауіпсіздігі, құқыққа қайшы контентке жол бермеу, балаларды онлайн-платформаларда олардың денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау ҚР заңдарында белгіленген шекте адамның және азаматтың дербес деректерін жинау және өңдеу кезінде оның құқықтары мен бостандықтарының қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталады.
Жалған ақпаратты БАҚ-та, ақпарат иеленушінің интернет-ресурсында, ашық деректердің интернет-порталында немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де тәсілдермен орналастырып таратқандарға, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне, коммерциялық емес ұйымдарға – 30 АЕК (103 500 теңге), ал орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 50 АЕК (172 500 теңге), ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 100 АЕК (345 000 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады. Ал егер олар заңды бір жыл ішінде қайталап бұзса, айыппұл көлемі артатын болады.
Түйін Бүгінде сауаттылық туралы жиі айтамыз. Бірі – қаржылық сауаттылық болса, енді бірі – құқықтық сауаттылық. Дәл қазірде мұның екеуі де әрбірімізге қажет. Иә, интернет – шексіз мүмкіндік. Бірақ шексіз еркіндік емес. Осыны естен шығарып алмайық!
Ақнұр САҒЫНТАЙ