Татулықты ту еткен құт мекен
qarmaqshy-tany.kz Газет оқырмандарын ауданға қарасты елді мекендердің тыныс-тіршілігімен таныстырудағы жұмыс сапарымыз 11 ұлт өкілдерінің құтты атамекені, өткен ғасырдың отызыншы жылының аяғында Ресейдің Владивосток өңірінен жер аударылып келген кәріс ұлтының өкілі, кейіннен ерен еңбегімен халық ауызында «Дала құрылысының академигі» атағына ие болған социалистік еңбек ері Цай Ден Хак 50 жылдан астам уақыт басқарған ІІІ Интернационал ауылында жалғасты.
Ауылға кіргенімізде ондағы жаңа көріністі оның ішінде кіреберіс үлкен көшеге жөндеу жүргізіліпті. Көше бойында айналасына сән беріп тұрған жасылдыкөкті шарбақтар, сонымен бірге «Достық Жер МК» шаруашылығына қарасты шеберханасы ауласында қаз-қатар орналасқан комбайн, жатка мен тракторлар, оның айналасында еңбек етіп жүрген диқанмеханизаторларды көріп, көңілімізге қуаныш орнады. Шеберханада болып, тынымсыз еңбек етіп жатқан жүзі таныс азаматтармен жүздестік.
ІІІ Интернационал ауылы аудан, облыстағы ең табысты елді мекендердің бірі. Кезінде «Қашқансу табаны» атауымен өңір тұрғындарына танылған киелі елді мекенде Цай Ден Хак, Пак Чен Ир сынды Еңбек Ерлері, Кеңес Үкіметі тұсында өздерінің елеулі еңбегімен елге танылған талай талант иелері өмір сүріп, еңбек еткені белгілі.
Алдымен ауылдың тыныс-тіршілігімен танысуда ауылдық Мәдениет үйінде орналасқан әкімдікке аялдап, атқарылып жатқан жұмыстармен таныстық. Бүгінгі таңда ауылдық округте 455 отбасы бойынша 2387 адам тіркелген. Оның ішінде, жұмыспен қамтылғаны 820 болса, жеке және шаруа қожалықтарында мүйізді ірі қара 3319 бас, уақ мал 3391 бас, жылқы 651 бас және құс 1797 құрап отыр.
Ал, енді, ауыл шаруашылығы саласына келсек. Ауылдық округте «Құрмет» орденінің иесі, марқұм Милияр Арифов құрған, қазіргі таңда Бекир Набиев басқаратын «Достық Жер МК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен ауыл тұрғындарына түрлі бағытта қызмет көрсететін 14 шаруа қожалығы жұмыс істеуде.
Биылғы жылы «Достық Жер МК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2150 гектар егістік алқапқа Сыр салысын орналастырса, 1600 гектар алқапқа көне және жоңышқа орналастырып, бүгінде оның бірінші орымын орып, ауыл тұрғындарына үлестіруде. Сондай-ақ, шаруашылық 5 гектар бақшалық жерге түрлі бақша дақылы мен картоп, сәбіз, 3 гектар алқапқа көкөніс орналастырып, оны күтімге алған. Ауыл тұрғындарына бақша егуге 30 гектар бақшалық жер ұйымдастырыпты.
Шаруашылықтағы 6 егіс бригадасы бойынша 240 ауыл тұрғыны еңбек етсе, 12 түрлі маркадағы комбайнжатка, 12 дана «ХТЗ» тракторы тіркемесімен, 2 дана «CLAAS» тракторы, 15 «МТЗ» тракторы тіркемесімен, 4 дана «Мара» жертегістегіші, сондай-ақ «Зил-130» және «Газ-53» маркалы автокөлік және заманауи үлгідегі көптеген ауыл шаруашылық техникасы алдағы егін жинау науқанына сақадай сай тұр.
Тағы бір айта кетерлік жайт, шаруашылықта жоғарыда айтылған 6 егіс бригадасымен бірге құрылыс бригадасы да жұмыс істейді. Олардың міндеті шаруашылыққа қарасты егіс бригадасы қостары мен ауылдағы құрылыс нысандарына жөндеу жүргізу, елді мекеннің көркеюіне үлес қосу. Шаруашылық егін жинау науқанында 25-ке жуық ауыл тұрғынын қоғамдық жұмыс негізінде қырманға күріш тазалауға қабылдайды. Енді бір ерекше айтатын жайт, шаруашылық ауылда мал кезегін бағуға арналған аттарды арнайы қорада ұстап, олардың жем-шөбін өз міндетіне алған. Сонымен бірге, тұрғындар бағымындағы мүйізді ірі қара малын асыл тұқымды бұқалармен ұрықтандыруды да қолға алуда.
Серіктестік ауылдың өсіп-өркендеуіне, тұрғындар әлеуетінің артуына өзіндік үлесін қосып, құрметке бөленуде. Атап айтар болсақ, ұжым ауылда өтетін қандай да болсын мерекелік шараларда тұрғындарға белсенді қолдау көрсетіп келеді. Арзан бағамен жем-шөп таратып, қыстық отындарын нарық бағасынан арзанға беруде. Талантты спортшылар мен дарынды өнерпаздарға да арнайы қолдау көрсетуде. Тұрмысы төмен, көпбалалы отбасыларды қолдау – шаруашылық үшін үлкен парыз дейді серіктестік директоры Бекир Набиев.
«Ауылым – алтын бесігім» дегендей, биыл ауданда өткізілген «Ең үздік ауыл» байқауы бойынша ауылымыз жүлделі І орынды жеңіп алды. Бұл ауыл тұрғындары үшін қуанышты жаңалық. Сондай-ақ, Астана көшесіне орташа жөндеу жүргізіліп, ол да ауыл көркіне сән кіргізсе, жақын уақытта заманауи үлгідегі спорт кешені, ал келесі жылы жаңа мектеп бой көтереді деп жоспарлануда. Бүгінгі күні округ бойынша тіркелген кәсіпкерлік субъектілер саны 112 бірлік болса, оның 109-ы жұмыс істеп тұр. Жақында жылдағы дәстүрмен бірнеше тұрғынымыз қайтарымсыз несие арқылы грант жеңіп алып, кәсіптерін бастап кетті. Негізінен ауылда шағын және орта кәсіпкерлікке ден қойған азаматтар жетерлік. Олар егін, бақша, мал шаруашылығы, сонымен бірге ара, тауық өсіру, тұрғындарды азық-түлікпен қамтамасыз ету, ойын-сауық орталығын ашу секілді кәсіппен айналысуда. Басқа да әлеуметтік қызмет көрсету салалары бойынша, атап айтқанда ауылдық Мәдениет үйі, мешіт, мектеп, балабақшалар ауыл тұрғындарына сапалы қызмет көрсетуде», – деді ауыл әкімі Нұрлыбек Сайымов бізбен әңгімесінде.
Аштардың «Ақниетінде»
Одан әрі жұмыс сапарымызды ауылдың өсіп-өркендеуіне үлкен үлесін қосып, қолдау көрсетіп жүрген ауыл шаруашылығының майталманы, бала кезінен ЖерАна төсіне егін егіп, одан мол өнім алып, ауылдастарының құрметіне бөленген Аштар Мурадов басшылық ететін «Ақниет» шаруа қожалығының тыныс-тіршілігімен таныстық.
Оның отбасына барғанымызда ауласында тракторға жаңа шөп шабатын құрылғыны тіркеп, жоңышқа оруға дайындап жатқан шаруашылық мамандарымен амандасып жатқанымызда үйден шыққан Аштар ағамыз бізді көріп, құшағын жайып, амандасты.
Одан әрі ол бізді үйіне шақырды. Түрлі ұлттық тағам мәзірімен толыққан дастархан басында ұзақ әңгімелестік. Аштар аға биыл шаруашылықты балаларына тапсырып, өзі зейнеттік демалысқа шыққанын айтты. Ендігі кезекте өзінің мал-жанына қарап, ауласындағы шағын бақшалығын ермек ететінін тілге тиек етті.
Жасынан екі мәрте «Қызыл Ту» орденінің иегері, даңқты комбайншы Мурад әкесімен бірге Жер-Анаға қызмет етіп, жылдар өте бас агроном, егіс бригадирі дәрежесіне дейін көтерілген ол 2005 жылы отбасымен және тілеулес ағайындардың қолдауымен ойласа отырып, «Ақниет» шаруа қожалығын құрады. Бүгінде одан ауылдағы 20 отбасының мүшесі нәсібін табуда. Шаруашылық жыл сайын өзіне тиесілі 400 гектар егістік алқапқа Сыр маржаны мен жоңышқа егіп, одан мол өнім алуда.
«Бастапқы жылдары шаруашылық күріш пен жоңышқадан басқа жүгері екті. Оны негізінен Байқоңыр қаласы, Қармақшы, Қазалы аудандары тұрғындарына тараттық. Жалпы жүгері малды семіртетін дақыл. Сондықтан біз осы дақылға көп көңіл бөлген болатынбыз. Бірақ нарыққа байланысты кей тұтынушыларымыздың жұмысы тоқтап қалып, жүгері өндіру бізге тиімді болмай қалды. Аллаға шүкір, мемлекет күріштің бағасын көтеріп, еңбек өнімділігі көтерілді. Диқан қауымының да еңбекке деген құлшынысы ерекше артты. Шаруашылық қызметкерлері о бастан қалыптастырған тәртіппен жұмыс істеуде. Осы жылдар аралығында шаруашылық әкімшілігінің қол-дауымен үш азаматымызға тұрғын үй салып берсек, отын-суы, нақтысын айтқанда көмір, жыңғыл мен малға шөбі тегін беріледі. Басқа да қолдаулар көрсетіліп келеді. Шаруашылықта жұмыс істейтін әрбір азаматымыз өз ісінің шебері десем артық айтқаным емес. Олар тракторшы, диқан, комбайншы да бола береді. Тоқ етерін айтқанда техниканың барлық түрін меңгерген маман. Тіпті, кейде аспазшы да болады. Шіркін, далада, қос басында ішкен тамақ тәтті болады ғой, жігіттердің қолымен дайындалған түрлі ас мәзірі кімнің де болсын тілін үйіріп әкетеді. Олар ешқандай жұмыстан қаймықпай, бір-біріне көмектесіп, бірінің орнын басып жүре береді. Ким Павел, Әби Даврушев, Айдос Сәукеев сынды мықты мамандарымен бірге, Ахмет Даврушев, Өркенбек Тәжімбетов, Жаббар Рагибов сынды ерен еңбегімен ауыл жастарына үлгі көрсетіп жүрген жастарымыз бар», – дейді ағамыз ұжымдастарын жігерлендіріп.
Иә, жоғарыда айтқанымыздай, бүгінгі күні Аштар ағамыз шаруашылықты басқаруды ұлдарына тапсырған. Біздер біршама отырғаннан кейін аулаға шығып, шағын бақшалыққа кірдік. Онда қияр, қызанақ, жуа, сәбіз, баклажан, укроп, сонымен қатар күнделікті тұтынатын басқа да көкөністердің өсіп тұрғанын көрдік. Аулада әсемділігімен сән беріп тұрған түрлі гүлдерді де байқадық. Одан әрі Аштар ағамыз бізді өзінің коллекционер ретінде бағымда ұстап отырған түркіменнің Ақалтеке және Қостанай өңірінің Мұғалжар тұқымымен будандастырылған жылқысын, семинтальдық және Семинталь мен Мангус тұқымдас сиырмен будандастырылған мүйізді ірі қара малын, Гесарь тұқымдас қойлары мен Заненьский тұқымдас ешкілерін, Адлер, Кушумский тұқымдас тауықтарымен таныстырды.
«Бұл кәсіппен мен ұзақ жылдан бері айналысып келемін. Осындай асыл тұқымдарды өсіру менің бала кездегі кәсібім. Оларды көбейтпеймін. Әрқайсысын бір-екіден өсіріп, кейіннен жаңартып отырамын. Мен үшін олардың бәрі бала сияқты. Біршама жыл асыл тұқымды биелер ұстадым. Бірақ, оларды сауатын адам болмады. Кейіннен жылқыларымның санын азайтып, гесарь қойын асыраумен айналыстым. Қойларымның ішінде ұрғашылары 50 келіден, ал қошқарларымның салмағы кейде 80-нен де асып түседі», – деді бізді асыл тұқымды үй жануарларымен таныстырған Аштар аға.
Міне, осындай өнегемен өмір жолын өрнектеген Аштар Мурадұлы жары Зульфия Вейсалқызымен көтерген алтын уықты шаңырағында екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Изнулы жары Злихамен екі қыз, бір ұл, Абдулы жары Салфиразбен екі қыз, ал ауылдағы ауруханада медбике болып қызмет ететін қызы Рабия күйеубаласы Асылханмен ұл-қыз тәрбиелеп отыр.
Айтпақшы, Аштар ағамыздың Хайрия есімді анасы да Батыр ана, ол да ауылдағы шаруашылықта ұзақ жыл еңбек етіп, ел құрметіне бөленген ардақты жан болыпты.
Жылыжайдың жылы жаңалықтары
Сонымен, көпұлтты құтты шаңырақ астына біріктірген ІІІ Интернационал ауылындағы жұмыс сапарымызды әрі қарай «Достық Жер МК» шауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты жылыжаймен танысуға жалғастырдық. Онда бізді серіктестік директорының орынбасарлары Ерболат Әбенов пен Қанат Баймағамбет қарсы алып, жылыжайдағы жаңалықтармен қанықтырды.
«Биыл жылыжай алғашқы өнімін берді. Мұнда өндірілген қияр, қызанақ, баклажан, бұрыш сияқты көкөністер шаруашылықтың егіс бригадаларына, қонақ үйіне, дүкенге таратылды. Жақын арада екінші рет тағы да осы дақылдарды егуді бастаймыз. Мүмкін болса, жылыжай өнімдерімен қыс мезгілінде де ауыл тұрғындарын қамтамасыз ету жоспарда бар. Бұл жұмыс шаруашылық қызметкері, маман Ләззат Ибраеваға бекітілген», – деді серіктестік директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары Қанат Баймағамбет.
Міне, біз де тірлігі мен бірлігі жарасқан ауылдың жағымды жаңалықтарына қанығып елге қайттық. Ауылдан шығып бара жатқанда Мәскеу олимпиадасының жеңімпазы Жақсылық Үшкемпіровтың «Елімізде 5 мыңға жуық ауыл бар екен. Енді сол ауылдарды гүлдендіруге 5 мың азамат шықса, нұр үстіне нұр болар еді» деген сөзі есіме түсті. Айналайын Жақсылық ағамыздай қазақтың атқамінер азаматтары көп болса, міндетті түрде ауыл көркейері сөзсіз. Біздің ауданда дәулетіне сәулеті сай ауылдар жоқ емес. Оған дәлел ретінде күннен-күнге заман талабына сай өсіп-өркендеп келе жатқан Дүр Оңғар, ІІІ Интернационал, Ақтөбе, Тұрмағамбет ауылдарын айтар ем. Ел гүлденсе, ел-жұрттың да еңсесі көтерілері хақ.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ