» » Құзырлылар мәселе тінін тарқатты

Құзырлылар мәселе тінін тарқатты

Осы аптада аудан әкімі Жандос Еркінбектің төрағалығымен, құқық қорғау органдары және бөлім басшылары, кент, ауылдық округі әкімдерінің қатысуымен аудан әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның мәжілісі өтті.
Күн тәртібінде бірқатар мәселелер қаралып тыңдалды. Мәселен,  кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, жол-көлік қауіпсіздігі профилактикасы бойынша аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлзия Абдазиева атқарылған шаралар туралы есеп берді.
– Бүгінде кәмелетке толмаған жастардың бос уақытын тиімді өткізу үшін аудандық іш-шаралар жоспары қабылданып, соған сай мүдделі органдармен бірлескен жасөспірім, жазғы демалыс, бала және отбасы профилактикалық рейдтер, ата-аналар жиналысы, тәрбиелік шаралар өткізілді. Білім беру ұйымдарында құқық бұзушылық, суицид, зорлық зомбылық және ерте жүктіліктің алдын алу, жол қауіпсіздігі және ұлттық тәрбие бағыттары бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізу жыл аяғына дейін тұрақты орындауға жоспарға қойылды. Биыл кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілсіз көшеде жүру бойынша 11 ата-анаға ескерту жасалды. Жыл басында «Ұрпақ тәрбиесі болашақтың кепілі» тақырыбында аудандық жиналыс өтіп, тапсырмалар берілді. Тапсырмаларға сәйкес барлық кент ауылдық округ әкімдерінің қатысуымен бала тәрбиесіне байланысты жиын өткізіліп, тәртіпсіздікке бейім тұратын жасөспірімдердің тізімі нақтыланды. Ата-анамен ашық есік күнінің кестесі бекітіліп, мектеппен байланыс күшейтілді. Сондай-ақ, аудандық білім бөлімінде түнгі кезекшілікті қадағалайтын жұмысшы топ штабы құрылып бекітілді, – деді ол.
Статистикалық мәлімет бойынша 5 айда аудан көлеміндегі қылмыстық құқық бұзушылықтар былтырғы жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда 20 пайызға азаған. Дегенмен аудан басшысы кәмелет жасына толмағандар арасындағы құқық бұзушылық профилактикасының әлі де болса өз деңгейінде жүргізілмей келетінін ескертті. Осыған сай білім бөлімі, полиция, кент, ауыл әкімдеріне нақты тапсырма беріп, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық профилактикасы жұмыстарын күшейтуді жүктеді.
Мұнан соң аудандық полиция бөлімінің бастығы Бақытбек Жарқынбаев есірткі қылмыстары бойынша құқық бұзушылықтардың алдын алу және аудан көлемінде мал ұрлығының алдын алу, оны болдырмау бағытында атқарылып жатқан шаралары туралы баяндама жасады.
Есірткі қылмыстарының алдын алуда «Қарасора – 2023» жедел профилактикалық іс-шарасы бойынша ауылдық округ әкімдері, учаскелік полиция инспекторы және Криминалды полиция бөлімшесі қызметкерлерімен меморандум жасалып, қазіргі таңда аудан көлемімен он бір елді мекенде жұмыс жеделдетілген. Биыл республика аумағында кең ауқымды «Қарасора – 2023» жедел профилактикасы іс-шараларын өткізуге байланысты жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп нақты міндеттер белгіленіп, жұмылдырылған күштермен жоспарға сәйкес рейдтік шаралар жасалынған. Ал мал ұрлығы бойынша аудан көлемінде жыл басынан бері дерек тіркелмеген. Аудандық полиция бөлімімен ауыл шаруашылық малдарын және ет өнімдерін құжатсыз тасымалдау бойынша деректер анықталып, тиісті құжаттар жинақталып, әкімшілік хатама толтырылып, үлкен көлемде айыппұл салынған.
«Ауыл шаруашылығы жануарларын жаюдың талаптары және оларды бұзғаны үшін жауапкершілік туралы халықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізуді қаматамасыз ету бойынша аудандық полиция бөлімі, жергілікті полиция қызметкерлері және учаскелік полиция инспекторларымен біршама жұмыстар жүргізілді» дейді аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Бақытбек Жарқынбаев.
Аудан басшысы аудандық ауыл шаруашлығы, жер қатынастар бөлімі, учаскелік полиция инспекторлары және орман шаруашылығы мекемесінің қызметкерлерімен бірлесіп, тұрақты түрде есірткі егу қаупі бар жер уческелеріне рейд жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар, мәжіліс қорытындысымен күн тәртібінде көтерілген мәселелерге байланысты комиссия мүшелерінің ұсыныс-пікірлерін тыңдап, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ
24 маусым 2023 ж. 202 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№34 (10299)

30 сәуір 2024 ж.

№33 (10298)

27 сәуір 2024 ж.

№32 (10297)

23 сәуір 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031