» » Байтұрсынов байқауының бас жүлдегері

Байтұрсынов байқауының бас жүлдегері

qarmaqshy-tany.kz Дана халқымыз «Білімдіге дүние жарық» деп бекер айтпаса керек. Қай жерде жүрсе де өзінің білімділігін, алғырлығын аңғартып жүрген жерлесіміз бейсенбі күні тағы да бір жақсы жаңалықпен қуантты. Осыдан біраз уақыт бұрын газетімізде «Үздік оқытушы Қармақшыда» деп облыстық байқаудан топ жарған мемлекеттік тіл оқытушысы Гүлжанат Дүзенова жайлы сүйіншілеп, республикалық сынға сәттілік тілеген болатынбыз.
Бейсенбі күні ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің «Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Алаш ардақтысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы республикалық оқытушылар байқауын Атырау облысында ұйымдастырылды.

Мұндай республикалық көлемдегі байқау ұлт ұстазы, тіл білімінің атасы, қазақ әліпбиінің негізін қалаушы реформатор Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми-әдістемелік мұрасын насихаттау мақсатында мемлекеттік тіл оқытушылары арасында тұрақты түрде өткізіліп келеді.

Республиканың түкпір-түкпіріндегі тіл оқыту орталықтарының оқытушылары қатысқан сайысқа Қызылорда облысының атынан облыстық тілдерді оқыту орталығының Қармақшы аудандық мемлекеттік тіл оқытушысы Гүлжанат Дүзенова қатысып, «Үздік оқытушы – 2023» республикалық байқауының бас жүлдесін иеленді.

– Байқауға әр облыстың тәжірибелі, озық мамандары қатысты. Тіпті арамызда филология ғылымының кандидаттары болды. Оқытушылық қызметке кеше ғана келген маған он бес облыстан озудан бұрын мұндай додаға түсіп тәжірибе жинау да үлкен жетістік еді. Бұл жеңіс менің емес, мен қызмет ететін облыстық тілдерді оқыту орталығының жеңісі, еңбегінің жемісі. Облыстық тілдерді оқыту орталығының ұжымы, әріптестерім, жерлестерім, туған-туыс, бәрібәрі сәйгүлігін баптап бәйгеге қосқандай ақтық кезеңге дейін тақым қысып отырды. Орталық директоры Мартана Қонысбекқызы мен бөлім басшысы Гүлбану Ғарифуллақызы сонау Атырау төріне менімен бірге барып рухани және әдістемелік көмегін көрсетуден аянып қалмады. Сыр елінің үміті, осындай қолдау мен зор сенім иығыма артылғанда оны абыроймен алып шықпау сын еді. Сол үшін намысты қолдан бермеуге тырыстым. Білім додасында қазақылықтың қаймағы бұзылмаған, ана тілін ардақ тұтатын, әдебиет пен мәдениеті биік Қызылорданың тілге деген жанашырлығы мен білімге құштар ұрпақ сабақтастығын көрсете алғаныма қуаныштымын, – дейді жеңімпаз оқытушы.

Бұл жеңіс – тарихи-мәдени мол мұрасы тарих беттерінде ойып орын алатын Атырау төрінде Алаштың анасы атанған қасиеті мен шежіресі тұнған Сыр елінің абыройын тағы бір мәрте асқақтатты. Облыстық байқаудан оза шауып, республикалық додада топ жарған жерлесіміздің мерейі үстем бола берсін. Қандай да бір қолға алған ісін тиянақты орындап, отбасында да, ортасында да сыйлы Гүлжанаттай білікті мамандардың қатары көп болсын!
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА
27 мамыр 2023 ж. 248 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№34 (10299)

30 сәуір 2024 ж.

№33 (10298)

27 сәуір 2024 ж.

№32 (10297)

23 сәуір 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930