» » Ел мен жердің еңсесі маңдай термен тіктелді

Ел мен жердің еңсесі маңдай термен тіктелді

qarmaqshy-tany.kz 1992 жылдың ақпан айында егемендіктің алғашқы басқару органы – аудан басшысы, қазіргі аудан әкімі қызметіне тағайындалып, ауданға алғашқы әкім болып келдім.
Партиялық басшылық тоқтатылып, жергілікті жерлерге мемлекет қамқорлығы тиылып, «әркім өз күндерін өзі көрсін» деп мекемелер, халыққа қызмет көрсету, мектепке дейінгі тәрбие орындары, мәдени орындар таратылды. Жаппай қысқарту, тарату, қоғамдық байлықты жекеге сату басталды. Еңбеккерлер, қызметкерлер ондаған ай бойы айлық не зейнетақысын ала алмай қалды.

Бағыт біреу. Егемендік алынды, ерік берілді. Қалай күн көрсең өзің шеш. Не істеу керек? Кеңседе отыру жоқ. Әкімшілік қызметкерлері, мекеме басшылары, құқық қорғау органы, сауда, халыққа қызмет көрсету мекеме басшыларымен халыққа шығып, барлық ұжшар, кеңшар, мекемелерде халықпен кездесу жүргізілді. Ақылдасылды, кеңесілді. Ауыл ақсақалдары, тәжірибелі қарттармен ой ортаға салынды. Осылайша тығырықтан шығу жолы қарастырылды.

Осыған орай ауданда азық-түлікпен қамтамасыз ету, жан басына қажетті өнім шығару, тұрғын үй, халық тұтынатын өнім өндіру, жасыл өлке, денсаулық сақтау, тағы да басқа осы сияқты негізгі бағытта бағдарламалар жасалды.

Мәселен, азық-түлік бағдарламасына тоқталсам, жеке ауылдық округ, кент бойынша тұрғындар саны есепке алынып, азық-түліктің жылдық қажеті есептеліп, орындаушыларға тапсырма берілді. Нанмен қамтамасыз ету бағытында бидай, асқатық майын алуға шемішке, сафлор егу, қантпен қамтамасыз ету үшін қант қызылшасын егу, көкөніс, бақша, картоп қажетін өтеуге жоспарлар жасалды. Бұл тапсырма шаруашылықтармен қатар жеке мекемелерге де жүктелді. Не болғанда да осы жайларды іске асыру керек немесе тарап, жеке дара күн көру керек. Жағдайды түсінген кейбір балабақшаларда тауық өсіріліп, оның жұмыртқасы және етімен балабақша балалары тамақтандырылды. Балабақша қызметкерлері отын, суын өздері дайындады. Ақжар кеңшарындағы мектепте сауын фермасы жұмыс істеді. Тұрмағамбет ауылындағы ауруханаға арнайы Белорусь тракторы беріліп, емхана ұжымы өз күшімен, бақша дақылдарын егіп ауруларды өз өнімдерімен қамтамасыз етті.

Аудан орталығындағы мекемелерге арнайы жер бөлініп, ауылшаруашылық өнімдерін өз қажетіне өндіруге жағдай жасалды. III Интернационал ұжшары мен Жосалы кеңшарында жылыжай іске қосылды.

Өңдеу, өнім өндіру бағытында көптеген жұмыстар атқарылды. Ақжар ауылында тәулігіне 40 тонна жоғары сортты ұн шығаратын диірмен іске қосылды. Осы шаруашылықта Израйльден сүт өнімдерінен 18 түрлі тағам жасайтын аппарат алынып, жұмыс істеді. Бұл құрылғыдан тек қана Ақжар ауылы емес, көрші шаруашылықтың сүт өнімдері қабылданып, түрлі өнім өндірілді.

III Интернационалда шұжық өнімдерін дайындайтын цех жұмыс жасады. Алдашбай ахун ауылы Жамбылдың қант зауытымен келісім-шартқа отырып, қант қызылшасын егіп, 10 гектардан алған өніміне зауыттан 30 тонна қант алды. Осылайша бір ауылды қантпен қамтамасыз етті. Барлық күріш шаруашылықтары Орал қаласымен байланыста болып, күрішке ұн айырбастап, тұрғындарды ұнмен қамтамасыз етті.
Тұрмағамбет ауылында, Жосалы кентінің теміржол депосында инкубатор жұмыс істеп халыққа қаз, тауық балапандары таратылып отырды. Депо басшылары Шымкенттің құс фабрикасымен тұрақты байланыста болып, бройлер жұмыртқасын пойызбен алдырып, ет бағытындағы балапандарды шығарды.

Сөйтіп, әр ауыл, әр мекеме, әр ұйым өзін-өзі дамытуға көше бастады. Аз уақыт ішінде аудан көлемінде ұн тартатын 14, күріш ақтайтын 15, тары ақтайтын 3, ет өнімдерін дайындайтын 2, өсімдік майын өндіретін 8 цех, қауынқақ, қауын, шекер дайындайтын 15, көкөніс өңдейтін 16, нан пісіретін 13, макарон шығаратын 3, балық ыстайтын 1, қазы, шұжық дайындайтын 3, сусын шығаратын 2, кондитер өнімін шығаратын 3, құс балапанын шығаратын 5 инкубатор жұмыс істеді. Халыққа ақылы қызмет көрсететін нүктелер, дүкендер жұмыс істей бастады. Олар – 15 киім тігу, тоқыма, тері илеу цехы және 12 кулинарлық дәмхананы құрады.

Аудан орталығындағы Универсам сауда орталығында кілем, алаша тоқу, тігін цехтары жұмыс жасады. Барлық шаруашылық аудан орталығынан дүкен ашып, өнімдерін халыққа сатты. Аудан орталығында осындай 10 сауда нүктесі жұмыс жасады. Аудандық пионерлер үйі жанынан дүкен ашылып, оқушылар да өз өнімдерін сатты. Аудандық байланыс нүктесі өнімдерін сататын дүкенді іске қосты. Халықта ақшаның болмауына байланысты бірсыпыра шаруашылықтарда азық-түлікті айлық есебінен тізіммен беретін сауда орындарын ашты.

Бұрын егінмен айналыспаған Т.Көмекбаев атындағы, Қуаңдария кеңшарлары алғашқы рет егінмен айналысып, көкөніс, бақша, картоп өндіріп алды. Экологиялық жағдайға байланысты «Жасыл өлке» бағдарламасы бойынша да бірқатар жұмыстар атқарылды. Ақжардағы бау екі есе көбейтіліп, 40 гектарға ұлғайды. Алдашбай ахун ауылында жаңадан 20 гектар бау отырғызылды. Тұрмағамбетте де осындай бау ашылды. Шаруашылықтың барлығы осындай қарекет жасады. III Интернационал шаруашылығында орталық пен мал бордақылау алаңы аралығына ағаш отырғызылып, алғашқы жылдардың өзінде ол 3 метрге дейін бой көтерді. Барлық ауыл орталығында шығар ауыздар өңделіп, қоршалып, су жолы тартылып, ағаштар отырғызылды.

Ауданда оқу-ағарту саласына назар аударылып, арнайы дарынды балалар мектебі ашылып, алғашқы рет ауданда дарынды балалар мектебі жұмыс істеді. Осы мектептің директорлығына аудандағы ең тәжірибелі ұстаз Дәмелі Жалғасбаева тағайындалды.

1993 жылдың күзінде Түркиядан 74 отбасы, 400-ге жуық жанұя мүшесі бар қандастар көшіріп алынып, үймен қамтамасыз етілді. Оларға материалдықтұрмыстық қамқорлықтар жасалды. Балалары мектепке қабылданып сауатын ашты.

Аудан орталығындағы мехзауытта босаған ғимарат жөнделіп, мешіт ашылды. Оның ашылуына жанұямның атынан 1 өгіз беріп, әруақтарға Құран бағыштадық. Мешіт кілем, төсеніш, ыдыс-аяқпен жабдықталды.

Мемлекет тарапынан қаражаттың бөлінбеуіне байланысты әрбір мекеме өз мүмкіндігін қарастыра отырып қысқа дайындықта жылудың 3 бағытын: яғни қатты, сұйық отын, электр энергиясымен жылытылатын пештер қатар орнатылып пайдаланылды. Мектеп, балабақша, емхана, ауруханалар осындай жылу жүйесіне көшірілді. Әркім өзінің тапқан отынымен ғимараттардың жылы болуын қамтамасыз етті.

Тұрғын үй мәдениетіне де мән беріліп, көшеге құбыр орнату, үй ішінде жуынатын бөлмені іске асыру жұмыстары қолға алынды. Жосалы кеңшарында осы бағытта облыстық семинар-кеңес өткізілді.

Мемлекеттік қызмет – ол пайда табу мен күн көрудің құралы деп қабылдаудан әлдеқайда биік түсінік. Ол – парыз, адамшылық борыш, халықтың сенімі. Әр азаматтың елдің алдындағы адамшылық миссиясы – елге қызмет ету. Бұл зор – мәртебе. Қандай қызмет атқарсаң да қарапайым халыққа жақын болу – азаматтық. Ауданды басқарған тұста жоғарыда көрсетілгендей біршама іс атқарылды. Бағасын халық бере жатар. Ал берекесі мен ырысы тасыған, дүлділдері топ жарған жыраулар мекені, қасиетті Қармақшының айтулы тойында елге береке-бірлік тілеймін. Ел қамын ойлар азаматтар көбейіп, ауданның абыройы арта берсін.
Жақай БОДЫҚБАЕВ,
Қармақшы ауданының Құрметті азаматы
22 мамыр 2023 ж. 215 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№35 (10300)

04 мамыр 2024 ж.

№34 (10299)

30 сәуір 2024 ж.

№33 (10298)

27 сәуір 2024 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру!

Хабарландыру!

29 сәуір 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031