» » Байланыс саласының майталманы

Байланыс саласының майталманы

qarmaqshy-tany.kz Адам өмірі үшін байланыс саласының мәні ерекше. Ыбырай атамыз «Айшылық алыс жерлерден, көзіңді ашып-жұмғанша жылдам хабар алғызды» деп заманның болашағын болжап кеткен ғой. Кезінде алыстағы жақынынан апталап, айлап хабар ала алмаған халық, қазір еш кедергісіз байланыс желісі арқылы алыстағы туғанының даусын естіп, қолындағы телефон арқылы бейнесін көретін мүмкіндікке ие болды. Бұл саланы сөз қылуымыздың да жөні бар. Себебі, 17 мамыр – байланыс және ақпараттандыру қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Ауданымызда байланыс саласын соның ішінде телекоммуникация жүйесін дамытуға үлес қосқан жандар баршылық. Соның бірі – қажырлы еңбегімен елге еленген майталман маман Нұрлыбек Тойбазаров.
Былайғы жұрт бұл кісіні жүрген жерінде Нұрлан деп шақырады. Олай аталуының да өзіндік себебі бар. Оны мақала барысында айтатын боламыз, асықпаңыз... Жастайынан радио, магнитофон сынды техникалардың тілін білген ағамыз 1979 жылы 10 сыныптық білімді тәмамдаған соң жұмыс іздеп байланыс мекемесіне барады. Сол жылдың желтоқсан айында қабылдаудан өтіп, радиомонтер болып жұмысқа тұрады. Үш-төрт жыл сол орында жүріп, кейін бригадамен бірге ауылдардың желісін қарауға атсалысады. Ер жігіт болғасын Отан алдындағы борышты өтеу бар ғой. 1980 жылы әскерге аттанып, сол жақта да радиобайланысшы болады. Екі жылғы борышын өтеп елге оралған соң қайтадан сол жұмысқа станса кезекшісі болып қабылданады. Кейін бекет, ауылдардың телефонын бақылайтын инженер қызметіне ауысып, уақыт өте жұмысы жоғарылайды. Ел егемендік алғанға дейін байланыс саласының жағдайы сын көтермегені белгілі. Осы тұста біршама қиындықтар туындайды. «Ел басына күн туғанда ер сыналар» демекші, ел арасында байланыс жүйесі үзіліп, кедергілер орын алғанда ағамыз уақытпен санаспай жұмысқа бел шеше кіріскен.

– 1985-1990-жылдары ел тоқырауға ұшыраған кез. Халық күн көру үшін бәріне барды. Ауылдардағы стансаның барлық желі сымдарын ұрлады. Сол кезде амалдап әр ауылға бір сымнан, бір-бір телефоннан орнатып бердік. Кейін өз қолыммен телефон стансасын жинап, нөмірін көбейтіп бердім. Қазір бәрі цифрлы жүйеге ауысты ғой. Ол уақытта күннің ыстығы мен суығына да қарағанымыз жоқ. Шеткі ауылдардың құлаған бағанасын тұрғызып, желісін құрып бердік талай. Көлігіміздің жанармайы таусылып жолда да қалдық. Әйтеуір өзіме міндеттелген жұмысты бітірмей келмейтінмін. Бір жылдары жол апатынан аяғым сынып, үйден шыға алмай қалдым. Сол кезде Тұрмағамбет ауылында АТС өртеніп, 1 апта байланыс болмады. Марқұм инженер Марат деген жігіт менен көмек сұрап, жүре алмасам да көлігіне абайлап отырғызып, жолда жай жүріп апарды. Менің айтуым бойынша ол сымдарды жалғап, байланысты қалпына келтірді. Міне сөйтіп те жұмыс істедік, бірақ еш міндетсінбедік, – дейді майталман маман.

Нұрлыбек ағамыздың әкесі Жұмабай жол бойындағы байланыста жұмыс істеп, аты шыққан. Одан тараған ұрпақтары да осы саладан алыс болмапты. Ал кейіпкеріміздің ұлы бүгінде әкеден қонған өнерді жалғастырып жүр. Енді Нұрлыбектің не үшін Нұрлан аталуына келсек. Ағамыз өмірге келерде күн райы бұзылып, аспан бұлттанып, жаңбыр тоқтамай жауыпты. Содан туылғанда жауын тоқтап, аспан шайдай ашылыпты. Бұл құбылысқа таңданған ағамыздың атасы «Немерем келгенде күннің жадырап, нұрланғанын көрмейсің бе? Есімін «Нұрлан» қойыңдар» депті. Сөйтіп баланың туу туралы куәлік құжатына атын жаздырып, алдыру керек болыпты. Ол кезде қоныс ауданға жақын 1 разъезде болса керек. Ауылдық кеңес Қызылтамда екен. Сол ауылға бара жатқан монтерлардың біріне құжатты ала келуін өтініп, аты-жөні мен тегін ауызша айтып жіберіпті. Бірақ әлгі монтер барар жеріне жетем дегенше ұмытып қалыпты. Содан баланың есімін есіне түсіре алмай Нұр..., Нұр... деп тұрып алыпты. Құжат беруші маман «Нұрлыбек емес пе?» десе «І-і-і, дәл өзі» деп туу туралы куәлікке солай жаздырып алыпты. Осылайша сол құжатпен екінші есімді қатар алып жүр қазір.

Майталман маманның осы саладан қол үзбей қызмет істегеніне 44 жылдан асқан. Қызметте жүріп шәкірт те тәрбиелеген. Қазір зейнет демалысында. Адал қызметінің арқасында еңбегі еленіп, түрлі марапаттан кенде болмаған. Соның бірі – «Қазақтелеком АҚ – 25 жыл» мерейтойлық төсбелгісін кеудесіне таққан.
Ерсін СӘДУҰЛЫ
21 мамыр 2023 ж. 343 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№30 (10295)

16 сәуір 2024 ж.

№29 (10294)

13 сәуір 2024 ж.

№28 (10293)

09 сәуір 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930