» » Жаңа нысан – ел игілігіне

Жаңа нысан – ел игілігіне

qarmaqshy-tany.kz Жыл өткен сайын облысымыздың экономикасы қарқынды дамып, жаңаруда. Соның ішінде аймақта орналасқан аудандардың жағдайы жақсарып, жаңа нысандар бой көтеруде. Соның бір дәлелі ауданымызда көрініс тапты.
Сәрсенбіде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ауданға жұмыс сапарымен келіп, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында салынған дене шынықтырусауықтыру кешені ғимаратының ашылу рәсіміне қатысты. Жосалы кентінің тұрғындарын жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, спорт кешенінің тұрғындарға бұқаралық спортпен айналысу үшін жиналатын тәрбие ошағы болуына тілектестік білдірді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында «Денсаулық кепілі – дене шынықтыру. Халықтың спортпен шұғылдануына барлық жағдай жасалуы қажет» деген болатын. Өңірде спорт инфрақұрылымын дамытуға ерекше мән беріліп келеді. Қазіргі таңда облыс бойынша 10 дене шынықтыру және спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Оның бірін бүгін пайдалануға берудеміз. Бұдан бөлек, биыл облыс орталығынан құны 6,9 млрд теңгені құрайтын көпсалалы спорт кешенінің құрылысын бастау жоспарланған. Жанашыр жерлестеріміздің, демеуші азаматтарымыздың арқасында аймағымызда көптеген жаңа нысанның құрылысы жүргізілуде, алдағы уақытта да ауқымды жоспарларымыз бар. Жергілікті «Қайсар» футбол клубы үшін заманауи жабық стадион салу жұмыстары демеуші есебінен атқарылуда. Былтыр «Балалар жылы» аясында демеушілер 1,6 млрд теңгенің 80 спорт-ойын алаңын балдырғандарымызға тарту етті, – деді аймақ басшысы.

Салтанатты шарада аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков те кент тұрғындарын құттықтап, ақ батасын берді. Мұнан соң дене шынықтыру-сауықтыру кешені ғимаратының лентасы қиылды.

Жалпы аумағы 1500 шаршы метрден асатын спорт кешенінде тренажер, фитнес және әмбебап залдар бар. Мердігер мекеме «Сапақ» өндірістік кооперативі құрылысты 2021 жылдың қазан айында бастап, жуырда аяқтады.

Сондай-ақ, биыл ауданда бірқатар әлеуметтік нысанның құрылысы басталмақ. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында аймақта осы жылы 10 мектептің құрылысы басталса, оның 2-уі ауданда салынады.

«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2023-2024 жылдары облыста 27 денсаулық сақтау нысаны бой көтермек. Осы жоба бойынша Дүр Оңғар, Тұрмағамбет, Ақжар ауылдарында дәрігерлік амбулатория салынбақ. Ал, ІІІ Интернационал және Дүр Оңғар ауылдарында спорт кешенінің құрылысы басталады. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде ауданда жалпы құны 580 млн теңгені құрайтын, ұзындығы 17,5 шақырымдық 21 көше орташа жөндеуден өтіп, 225,4 млн теңгеге 24 көше жарықтандырылады. Облыстық бюджет есебінен Самара-Шымкент жолынан Ақжар, Тұрмағамбет, Т.Көмекбаев ауылдарына дейінгі жолдың 27 шақырымы орташа жөндеуден өтеді. Бұл жұмыстарға 503,4 млн теңге қаралған. Т.Көмекбаев, Қармақшы, Алдашбай ахун ауылдарындағы су қабылдайтын құрылғыны қайта жаңғыртуға 774,3 млн теңге бөлінген. Ақай ауылы мен Төретам кентіне 654,5 млн теңгеге газ тарту жұмыстары жүруде.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жұмыс сапары аясында аудан әкімдігінде кеңейтілген мәжіліс өткізді. Жиында ауданға қарасты кент және ауылдық округтердің әлеуметтік-экономикалық ахуалы мен алдағы даму жоспарлары қаралды.

– Былтырғы жылдың қорытындысымен аудандар мен Қызылорда қаласы бөлінісіндегі негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер рейтингінде Қармақшы ауданы 2-ші орын алып, жоғары даму динамикасын көрсетті. Өнеркәсіп кәсіпорындары 4,4 млрд теңгенің өнімін өндіріп, өндіріс көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 4,6 пайызға артқан. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 13,3 млрд теңгені құрады. Бұл көрсеткіш бойынша алдыңғы жылмен салыстырғанда 12 пайыз өсім бар. Биылғы қаңтар-сәуір айларында 2 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, 2,6 млрд теңге инвестиция салынған. Дегенмен, проблемалық мәселелер де жеткілікті, – деді облыс әкімі.

Нұрлыбек Машбекұлы аудан әкіміне халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсарту, өмір сүру сапасын арттыру үшін бірқатар міндеттер жүктеді. Ауданда «Ауыл – ел бесігі» және «Ауыл аманаты» жобаларына елді мекендердің қатысу деңгейін көтеру керегін айтты. Биыл бағдарламаға 1 кент пен 4 ауылдық округ жоба ұсынып, 1 млрд 353 млн теңгеге қолдау тапты. Енді осы елді мекендерде спорт кешендері салынып, көшелері жөнделеді. Ал, «Ауыл аманаты» жобасына Дауылкөл мен Жаңажол ауылдық округтері ғана қатысқан. Облыс әкімі жауапты тұлғаларға аталған бағдарламалардың мүмкіндіктерін пайдаланып, елді мекендердегі өзекті мәселелерді шешу жолдарын табуды міндеттеді.
Аймақ басшысы ауылдық округ әкімдеріне жұмыс қарқынын күшейтіп, қарамағындағы елді мекендерді дамытуға бағытталған тиімді жобаларды ұсыну қажеттігін еске салды. Мұнан бөлек, аудан әкімі Жандос Еркінбекұлына кәсіпкерлікті қолдау және жұмыссыздықты азайту, кәсіп бастаймын деген азаматтарға қолдау көрсету, жаз мезгілінде балалардың қауіпсіздігін бақылау, қылмыспен күрес жөнінде тапсырмалар берді.

Облыс әкімі ауданда қылмысты ашу көрсеткіші өте төмен екенін қаперге салып, жағдайды жақсарту үшін қажетті іс-шараларды қолға алуды тапсырды.

Былтыр кент және ауылдық округтерде 147 қылмыс тіркеліп, оның 63-і немесе 43%-ы ашылған. Биылғы қаңтар-сәуір айларында 31 қылмыс тіркеліп, 13-і немесе 42%-ы әлі ашылмаған. Қалыптасқан жағдайға орай аудандық полиция бөлімінің бастығы Бақытбек Жарқынбаевқа қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты күшейту міндеттелді.

Жиын соңында аймақ басшысы жыл қорытындысымен төмен көрсеткіш көрсеткен ауыл әкімдеріне қатысты кадрлық шешім қабылданып, жоғары нәтижеге жеткен әкімдерге ынталандыру шаралары қарастырылатынын ескертті.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мұнан соң аудандық мәдениет үйінде құқық қорғау органдары басшыларымен бірге тұрғындарды жеке қабылдады.

Қабылдауға барлығы 60-тан астам азамат келді. Олардың өтініш-тілектері негізінен баспана алу, денсаулық, білім салаларының, жұмысқа орналасудың мәселелері, тағы басқаға байланысты болды. Тұрғындарды толғандыратын ой-пікірлерге орай аймақ басшысы жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берді. Көтерілген мәселелердің әрқайсысы жіті зерделеніп, жанжақты талданады. Содан кейін заң аясында шешім қабылданбақ.

Тұрғындардың бірқатары құқық қорғау органдары басшыларының қабылдауына өздерін толғандырған мәселелердің заңдық тұрғыда қалай шешілетінін білуге келеді. Қабылдауда олар барлық сауалдарына толыққанды жауап пен маман кеңесін алды.

Аймақ басшысының қабылдауында болған аудан тұрғыны, ардагер ұстаз Роза Қыпшақбаева «Ұзақ жылдар бойы өзім қызмет еткен білім саласындағы жаңалықтарды, өзімді қызықтыратын сұрақтардың жауабын білдім. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша жаңа білім ордалары салынатынына қуандым», – деді ол. Сонымен қатар қабылдауда «ЖосалыЖалағаш» ішкі жолының жағдайын жеткізген аудан тұрғыны Қуаныш Төреев Сырдария өзенінде су деңгейі көтерілуінен, жолды шайып кеткенін айтты. Өз кезегінде аймақ басшысы жолға байланысты тиісті тапсырмалар беріліп, оның жөнделуіне қаржы бөлінгенін хабардар етті.
20 мамыр 2023 ж. 225 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№30 (10295)

16 сәуір 2024 ж.

№29 (10294)

13 сәуір 2024 ж.

№28 (10293)

09 сәуір 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930