Сыр перзенті Саден Нұртай атындағы олимпиада өткізілді
qarmaqshy-tany.kz Ұстаз- ұлы есім. Ол шәкіртке білімдарлығыменде, биязы болмысыменде үлгі болуы шарт. Ондай мәртебелі маманның қалдырған ізі мәңгілік жаңғырып тұрары анық. Сол саптағы ұлағатты жанның бірі Сыр перзенті Саден Нұртайұлы болатын. Қасиетті Қармақшы топырағының тумасы саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнап, ғибратты ғұмыр кешкен. Болмысы бүлінбей биік болып өткен шын ұстаз есімі бүгінде ұлықталып, ұрпақтары ұлағатты ұстаздың өмір жолын кейінгі жас ұрпаққа насихаттауда жыл сайын Қазақстан тарихы пәнінен республикалық деңгейде білім алушылар арасында олимпиада өткізіп келеді. Биылда сол дәстүр жалғасын тауып, Қармақшы ауданы бойынша білім бөліміне қарасты Ақжар ауылындағы №28 орта мектебінде өткізілді.
Биыл алтыншы рет ұйымдастырылған дәстүрлі білім додасында Қызылорда, Батыс Қазақстан, Түркістан облыстарынан білім алушы 25 жас тарихшы өз білімдерін сарапқа салып, бақ сынасты.
Жас білімгерлер сайысының ашылу салтанатына арнайы барған қонақтар ұлағатты ұстаз Сәден Нұртаевтың өмірі мен еңбек жолы туралы сөз қозғап, олимпиада қатысушыларына сәттілік тілеп, ұйымдастырушы ұрпақтарына өз алғыстарын жеткізді.
Білім бәсекесінде дарынды оқушылардың білім деңгейі таразыланып, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан жеңімпаздар анықталып, білім биігінен көрінді. Нәтижесінде 9 сынып оқушылары арасында жеңімпаз атанған Шиелі ауданы, Ғ.Мұхамеджанов атындағы орта мектеп оқушысы Зұлхарнайұлы Әлихан ( бас жүлде), Қызылорда қаласы, №7 мектеп -лицейінің оқушысы Перузхан Әсем (І орын), Жалағаш ауданы, №33 орта мектеп оқушысы (ІІ орын), Арал ауданы, №65 орта мектеп және Түркістан облысы, Қ.Тұрсынқұлов атындағы орта мектеп оқушылары Қосан Ерғали , Тухтакулова Гулмира (ІІІ орын) иеленді. Ал, 10 сынып оқушылары негізінде Жалағаш ауданы, №38 орта мектеп оқушысы Абдраман Мұхаммед (бас жүлде), Қармақшы ауданы, №277 мектеп-лицейінің оқушысы Жанпейсова Аружан (І орын), Қазалы ауданы, №25 орта мектеп оқушысы Әйекешова Айнұр (ІІ орын), Түркістан облысы, №130 орта мектеп оқушысы Кадир Алтынай (ІІІ орын) иеленіп, арнайы дипломдар мен қаржылай сыйлықтарға ие болды.
Қалған қатысушыларға жақсы нәтиже көрсеткендері үшін сертификаттар мен қаржылай сыйлықтар үлестірілді.