Құтты ұя – Қуаңдария
qarmaqshy-tany.kz Апта басында сапарымыз Қуаңдария ауылында жалғасты. Бізді ауылдық округі кеңсесінде күтіп алған ауыл әкімі Ардақ Аймырзаев елді мекеннің бүгінгі тыныс-тіршілігі жайында айтып берді. Қазіргі таңда ауылдағы халық саны – 709, оның ішінде отбасы саны –146, ал жұмыспен қамтылғаны – 236 адам, зейнеткерлер саны – 76 адам болса, жеке тұрғындар мен шаруа қожалықтарында мүйізді ірі қара – 1419 бас, уақ мал – 1417 бас, жылқы – 564 бас, түйе – 439 бас, сондай-ақ 407 құс бағымда екенін жеткізді.
Ауыл ахуалы әкім сөзімен
«Ауыл экономикасы мен тұрғындар әлеуетін арттыруда кәсіпкерлердің еңбегі орасан. Атап айтар болсақ, аудандық мәслихат депутаты Болат Бөгетов басшылық жасайтын «Олжа» ЖШС мал шаруашылығы саласымен айналысады. Ауданда сала бойынша жоғары көрсеткішке қол жеткізіп жүрген бірден-бір шаруашылық десек артық айтқандық емес. Болат Әлдебайұлы тек мал шаруашылығын өркендетуде ғана емес, елді мекен тұрғындарына да түрлі бағытта қолдау көрсетіп жүрген қамқоршы азамат. Сонымен қатар, негізгі кәсібі табиғи шөптен қысқы мал азығын дайындайтын «Таңатар» шаруа қожалығы да ауыл тұрғындарына арнап өткен жылы 30 000 дана тай шөп ұсынған. Шаруашылық ауылдағы тұрмысы төмен отбасыларға көмектеседі, мерекелік ісшараларға да демеушілік жасап тұрады», – деді.
Ауыл әкімінің негізгі міндеті халықты жұмыспен қамту, ол үшін жаңа жұмыс көздерін ашып, салық базасын ұлғайту және тұрғындар арасында мемлекеттік бағдарламаларды насихаттап, оның жүзеге асырылуына жұмыс істеу. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бойынша адам тарту болып табылады.
Міне, осы бағытта ауыл әкімі Ардақ Басқынбайұлы басқарған ауылдық округ әкімшілігі қызметкерлерінің атқарып жатқан жұмыстары ауыз толтырып айтарлық.
«Бүгінгі таңда кәсіпкерлік субъектілер саны 50 бірлік. Өткен жылы ауылдың 10 азаматы «Бастау Бизнес» жобасы аясында, 8 азамат қайтарымсыз грант бойынша жоба қорғап, кәсіптерін бастап кетті. Ал, салық базасын кеңейту және кәсіпкерлікті қолдауда есепті мерзімде жеке және заңды тұлғалардан мүлік, табыс және көлік құралдарына салынатын салық жоспары артығымен орындалса, халықты әлеуметтік қорғау және еңбекпен қамту саласы бойынша да біршама іргелі істер атқарылды. Округ бойынша 1 отбасы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек, 2 отбасы тұрғын үй көмегін алды», – деді.
Әкім спорт саласы бойынша да мақтанарлық жаңалықтармен бөлісті. Оның айтуынша, ауыл жастарының бос уақытын тиімді пайдалану және өңірде бұқаралық спортты дамыту мақсатында спорт нұсқаушысының ұйымдастыруымен жарыстар өткізілуде екен. Ауыл орталығында спорт алаңы пайдалануға берілген. Қазіргі уақытта 1 жаттықтырушы гір спортынан жасөспірімдерді жаттықтырады. Қазалы ауданында өткен облыстық жарыста 73 келі салмақ дәрежесі бойынша Бекмұрат Нысанбаев жеңімпаз атанса, 78 келіде өнер көрсеткен енді бір ауыл спортшысы Мейрамбек Орынбаев жүлделі ІІ орыннан көрініп, ауыл мерейін асқақтатыпты. Мәдениет саласында да атқарылған ілкімді істер жетерлік. Өнерпаздар мерекелік, атаулы даталарда концерттік бағдарламалар дайындап, ауыл тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлауда. Клуб мүшелері түрлі деңгейдегі байқаулар мен сайыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр.
Көркейту-көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстары ұйымшылдықпен атқарылуда. Осы жұмыстарға тұрғындар мен мекеме қызметкерлері бірігіп атсалысуда. Өткен жылы көктем айы басталысымен 60-қа жуық отбасы бақша егіп, күзде өнімдерін жинап алды. Ауылдың тазалығына байланысты үнемделген қаржыға жергілікті қоғамдастық мүшелері келісімімен қоқысқа арналған 10 контейнер жасалынып, берілді. Демеушілердің есебінен балалар ойын алаңы қайта жөнделіп, қолданысқа берілді.
Ауыл әкімі бізге берген сұқбатында елді мекен тұрғындарының әлеуетін арттыруда басқа да біршама жұмыстар атқарылғанын тілге тиек етті. Атап айтқанда, Бәйтерек, Гагарин, Е.Шөкеев, Қуаңдария, Т.Жұбандықов, Болашақ, Ерімбет, Ә.Төртбаев, І.Мырзақұлов, Жастар, Бейбітшілік, Жеңістің 40 жылдығы көшелері және орталық алаң, Жеңіс аллеясы, балалар ойын алаңы және мешіт ауласының шамдары толығымен ауыстырылғанын айтты.
Сондай-ақ, Ардақ Басқынбайұлы жылданжылға бақша дақылдарын егіп, одан жоғары өнім алған отбасылар саны артқанын, бақшашылар қауыннан қауыншек тіліп, қауынқұрт қайнатып, өнімдерін көрші ауылдарға, аудан орталығына, Қызылорда, Байқоңыр қаласындағы жәрмеңкелерде сатуды жолға қойғанын, биылғы жылы да тұрғындар «Қарашұқыр» бағытына бақша егетінін айтып өтті.
Сонымен бірге, алдағы уақытта ауылда тағы бір балалар ойыны мен спорт алаңын салу жоспарда бар екен. «Бақанды» каналын жөндеу, жайылымдық жерлердің жетіспеушілігін болдырмау мақсатында көне су ұңғымаларын іске қосу үшін 10 дана су ұңғымасы құжаттандырылғанын, аяқ су мәселесін шешуде «СНПЭ-500/10» электронасосы алынғанын жеткізді. Демеушілер есебінен өткен жылы «Сейд Мұхаммед Әздер» атындағы мешіті құжаттандырылса, «Тұрмағамбет» ЖШС арқылы «Қарашұқыр» бағытына 1,5 шақырым канал қазылыпты. Ауылға кіреберіс және ауылдан шығаберіс екі көпірге темірден шартақ орнату және басқа да жұмыстар жүргізілген. Ал, тағы да демеушілер есебінен биыл ауылдағы «Ыстық бұлақты» абаттандыру, қоршау және орталық алаңдағы субұрқақ пен рәміздер алаңын, бірнеше көшені жөндеуден өткізу жоспарға қойылған.
Келесі кезекте біз жұмыс жоспарымызға сәйкес әкіммен бірге ауылдың тыныс-тіршілігімен танысуда сыртқа шықтық.
Өнегелі отбасы – ауыл ажары
Біз алдымен өнегелі өмір жолымен құрметке бөленген Ақсұңқаровтар отбасында болдық.
Ауылдың байырғы тұрғындары Кәжденбек Ақсұңқаров пен оның зайыбы Рсалды Өмірбаева отбасында 6 ұрпақ тәрбиелеп өсіріп, олардың қоғамнан өз орнын сайлап алуына үлкен еңбек сіңірген ата-ана.
Кәжденбек ағамыз Кеңестік заманда ауылда су маманы болып қызмет істесе, кейінгі жылдарда бақша бригадирі болып еңбек еткен. Ауылдың өсіп-өркендеуіне сүбелі үлесін қосып, ел құрметіне бөленген ардақты азамат. Ал, Рсалды апайымызға келсек, ол Ұлы Отан соғысының ардагері Әбдіраш Өмірбаев пен Беренкүл анамыздың отбасында тәрбиеленген ұл-қыздың бірі. Ол саналы өмірінде осы ауылдағы ауруханада медбике болып, тұрғындар денсаулығын арттыруға еңбек сіңірген аялы алақан иесі. «Күміс алқа» және «Ана» медалінің, бірнеше мәрте «Социалистік жарыстың озаты» төсбелгісінің иесі.
«Бізді осы ауылдың байырғы отбасы десе де болады. Әкем Ақсұңқар ауыл құрылған 1964 жылдан бастап жүргізуші, шопан болып еңбек етті. Елеулі еңбегі үшін де көптеген марапатқа ие болды. Анам екеуі ұрпақ өрбітіп, олардың қоғамнан өз орнын алуға септігін тигізді. Мен де әкеме ұқсап, осы ауылда еңбек еттім. Зайыбыммен танысып, шаңырақ көтердім. Ұрпақ сүйіп, ауылдың өсіп-өркендеуіне перзенттік парызымды қостым. «Елім деген ер болса, ерім деген ел табылар» дегендей, талай марапатқа ие болдым. Бүгінде құрметті зейнеткерлік демалыстамын. Немере сүйіп, олардың болашағына тілекші болып отырған жайым бар», – дейді Кәжденбек аға.
Осы кезде Рсалды апайымыз жарының сөзін жалғастырды.
«Менің ата-анамның азан шақырып қойған есімі Рсалды болғанымен, ауылдастарым Рыскүл деп атайды. Мен де осы ауылдың байырғы тұрғынымен. Әкем Әбдіраш Ұлы Отан соғысына қатысушы. Ауылдағы поштада еңбек етті. 1964 жылы партия тапсырмасымен осы ауылға қоныс аударып, жылдар бойы пошташы, радист болды. Анам Беренкүлмен бірге бақытты өмір сүріп, бірнеше ұрпақ тәрбиелеп өсірді. «Қарақты», «Жауғаш», «Ерімбет» сынды елді мекендердегі шопандарға байланыс саласы бойынша қызмет көрсетті. Ұрпақ тәрбиелеп, елімізде демографиялық ахуалға қосқан үлесім үшін түрлі медальмен мадақталдым. Үкілеп өсірген ұлдардан 5 немере, қыздарымнан 6 жиеннің ардақты әжесі атанып отырған жайым бар. Үлкен ұлым Алмат Алматы қаласында, Сәбитім «Қосшың» шекара бекетінде қызметте, ал Хамитім болса қолымда, келінім Мәдинам екеуі біздің жағдайымызды жасап отыр. Аздап сауда-саттықпен де айналысады. Ал қыздарым Ақгүл, Айнұр, Алтынкүлімнің бірі – Алматыда, енді бірі – Байқоңырда түрлі салада еңбек етуде. Балаларымның бәрі де жоғары білімді, өз ісінің шебері», – деді ол.
Осы ретте, біздің әңгімемізге ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы Салтанат Баймағамбетова араласты.
«Қуаңдария ауылының өсіп-өркендеуіне, заман талабына сай дамуына аналар қауымының үлесі зор. Бұрын да ауылымыздағы демографиялық ахуалды дамытуға байланысты аналар қауымының үлесі орасн зор. Көптеген алтын құрсақты аналарымыздың еңбегін мемлекет бағалап, омырауларына «Батыр ана» орденін тақты, өкінішке орай қазір олар арамызда жоқ. Десе де, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін өмірге ұрпақ әкелген алтын құрсақты 15 ана «Алтын» алқа», «Күміс алқа» медалімен марапатталды. Ауылымызда 40-қа жуық жас отбасы бар. Олар қоғамдық жұмысқа белсене қатысып, ауылдың өсіп-өркендеуіне өзіндік үлестерін қосуда», – деді әйелдер кеңесінің төрайымы.
Көркемдік, әсемдік бұл жас кәсіпкер Наргиз Әзиздің басты ұстанымы.
Өткен жылы Наргиздың бала кезден – жеке шаштараз ашу арманы орындалды. Ол ауыл әкімшілігінің қолдауымен қайтарымсыз несие алып, заман талабына сай жабдықталған шаштараз ашты. Бүгінде ол сала бойынша ауылдағы жалғыз маман. Біз Наргиздің шаштаразына кіргенімізде ол бір тұтынушыға шаш қию қызметін көрсетуде екен. Шаш қиюға арналған түрлі құрал-жабдықтармен жабдықталған бөлменің іші кең де жарық. Біз оған қызметін, жалғастыра беруін айтып, сұрақ қою арқылы сұқбатымызды бастап кеттік.
Наргиз бұған дейін Астанада жұмыс істеген. Елге оралған соң кәсібін жалғастыруды мақсат етіпті. Оған елімізде жастар саясатын қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар арқылы жүргізіліп жатқан осы қайтарымсыз несие себеп болыпты. Иә, өткен жылы осы бағдарламамен кәсіп ашуда бағын сынап көрген ол, комиссия мүшелерінің қолдауымен қайтарымсыз несиеге ие болып, көптен күткен арманы орындалғанын қуанышпен жеткізді.
«Кім бала кезден басталған арманының орындалғанын қаламайды. Әсіресе, қызкеліншектер. Мен қатысқан бағдарлама арқылы көптеген қармақшылық қыз-келіншек өз арманының орындалғанына қуанды. Бірі – тігіншілік, бірі – кондитерлік цехын, енді бірі – мен сияқты шаштараз ашып, кәсіптерін бастап кетті. Өткен жыл жұмыссыз жүрген көптеген жасқа берекелі жыл болды. Олай дейтінім, қаншама жасқа жұмыс табылды. Кәсіптері арқылы бірнеше адамды жұмыспен қамтып отыр. Аллаға шүкір, мен әзірге ауылдағы жалғыз шаштаразбын. Үйренем деген жастар болса қазір-ақ үйретуге әзірмін. Алдағы уақытта кәсібімді кеңейтіп, қасыма көмекші алу жоспарда бар», – дейді жас шаштараз Наргиз.
Өз ісінің шебері отбасында жары Ерғазымен 2 бала тәрбиелеп отыр. Ерғазы да кәсіпкер. Ол да біраз жыл бұрын «Жем-шөп дайындау бағыты» жобасы аясында қайтарымсыз несие алып, бүгінде кәсібін кеңейтуге жұмыс жасауда. Сонымен қатар, ол жеке тракторымен ауыл тұрғындарына отын-су, шөп тасу қызметін көрсетуде.
Осы ретте, ауыл әкімі Ардақ Басқынбайұлы ол туралы пікірін былайша жеткізді.
«Ерғазы ауылдағы қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысып жүрген азаматтардың бірі. Қай кезде де ол тұрғындар өтінішін орындаудан бас тартқан емес. Оның ішінде, жеке тракторымен шөп шабу, отын-су, жем-шөп тасу сияқты жұмыстарды үлкен жауапкершілікпен атқарады. Сол үшін де оны ауылдастары құрметтеп, сыйлайды. Жастар арасында да оның есімі ерекше аталады» деді ауыл әкімі.
Келесі кезекте біздің аялдаған кәсіпкерлік нысанымыз – ол ауыл тұрғындарын кондитерлік өнімдермен қамтамасыз етіп отырған жас кәсіпкер Гүлшат Құснадинованың шағын кондитерлік цехы. Гүлшат Бағдатқызы да өткен жылы қайтарымсыз несие арқылы ауыл тұрғындарын кондитерлік өнімдермен қамтамасыз етуге арналған кәсібін бастап кеткен. Бүгінде ол ауылдастарының сұранысымен торт, басқа да нан өнімдерін пісіріп, тұрғындардың дастарқан мәзірін молайтуға үлесін қосып жүр.
Бұған дейін оның пешке пісірген нан өнімдеріне сұраныс көп болды. Ал, қайтарымсыз несие аясында алған заманауи үлгідегі құрал-жабдықтары арқылы өндірген өнімдеріне тек ауыл тұрғындары емес, көрші ауылдардан да сұраныстар түсіп тұрады.
«Мен кәсібімді осыдан біраз жыл бұрын бастадым. Өткен жылы отбасыммен ойласа келе мемлекет тарапынан жұмыссыз жүрген өңір тұрғындарын шағын және орта кәсіппен айналысуларына қолдау көрсетіліп жатқанын естіп, бағымды сынап көрдім. Алла Тағала қолдап, комиссия шешімімен қайтарымсыз несиеге қол жеткіздім. Енді арманым орындалып, кәсібімді жетілдіріп жатырмын. Ауылдастарым да қызметіме ризалықтарын білдіруде. Тіпті, көрші ауылдан да сұраныс түсіп тұрады. Тапсырыс берушінің талабын орындау біз үшін міндетті. Тұтынушының көкейіндегі ойын түсініп, оны орындауда біз бар күшімізді саламыз. Әрине, олардың қуанышты жүзін көріп, ризалықтарын білдірген кезде біз де марқайып қаламыз. Шүкір, кәсібім осылай дами берсе, алдағы уақытта оны кеңейтуге жұмыс жасаймын. Ол алдағы жылдар еншісінде», – дейді жас кондитер.
Гүлшаттың жолдасы Бекарыс та кәсіп ашып, «Жылқы өсіру» бағытында несие алып, оны көбейтуге жұмыс жасауда. Қазіргі таңда жастарға арналған 2,5 пайыздық несие арқылы кәсібін кеңейтуді жоспарлауда. Бекарыс негізгі кәсібінен бөлек ауыл тұрғындарына көлік жөндеуші ретінде танылған шебер. Жас отбасылық кәсіпкерлер азық-түлік орталығын да ашуға ниетті.
Бүгінде үш бала өсіріп отырған Гүлшат пен Бекарыс арман-мақсаттарының орындалатынына сенімді. Өйткені олар «Игі істің басына – жақсы келер қасына» деген қазақ ұлтының ұғымындағы қанатты сөзін бойына сіңірген дарынды жастар.
Қаз өсіру пайдалы кәсіп. Осы тұрғыда қаздың жұмыртқасы мен етін пайдаланушылар да жетерлік. Ауыл тұрғыны Берік Ахметов қаз өсіруді қолға алып, оның санын ұлғайтуға жұмыс істеуде. Ол ауласынан қаз асырауға арналған қора мен жайылым, бассейн салып, құстардың емін-еркін өсуіне жағдай жасаған.
«Айлин» жеке кәсіпкерлік иесі Беріктің алдағы уақытта іске асырғысы келетін жоспары көп. Ол ауыл маңындағы «Әбдіраш» көлінен қаз шомылатын орын дайындауды жоспарлап қойған.
«Бұл кәсіпке мен текке келмедім. Әсіресе, қаз өсіруді бала кезден армандаған болатынмын. Оның жұмыртқасы да, еті де денсаулыққа ем. Қаздардың жұмыртқасы мен етін Қызылорда қаласына, аудан орталығы мен Байқоңырға апарып сатамын. Кәсібімді кеңейту мақсатында дайындап қойған жобаларым да бар. Оны ауыл әкімшілігі мамандарымен ақылдасып, жүзеге асырмақ ниеттемін. Зайыбым Ләйлә ауылдағы мектепте ұстаз, менің көмекшім, ақылшым ретінде кеңестер беріп тұрады. Отбасылық кәсіп болғасын мәселеге бей-жай қарамайды. Екеуміз үш бала тәрбиелеп, олардың қоғамнан өз орнын сайлап алуына ықпал етудеміз. Үкіметтің жастарға арнаған төмен пайыздық несиесінен де өз үлесімізді алғымыз келеді», – дейді кәсіпкер.
Келесі кезекте ауыл әкімінің «Біздің ауылда қауыншек тілетін кісі бар, жүріңіздер соған барайық, кауыншегінен дәм татайық» деген ұсынысын қолдап, әрі өзіміз де ондай кәсіппен айналысатын адамдар сирек кездесетінін айта келе, ол кісімен жүздесуге әкімнің соңына ілестік.
Асылбек аға мен Баян апайымыздың отбасына келгенімізде бізді отағасы Асекең күтіп алып, апайымыздың жеке шаруамен шығып кеткенін, қазір үйге келетінін айтты.
«Бұл кәсіп – отбасылық кәсіп. Мен бақша егумен көптен айналысып келемін. Ал, өз кезегінде апайларың қауыншек тілуді бала кезден анасынан үйренген. Арада жылдар өтіп, кәсіп тоқтап қалғанымен кейіннен екеуміз де зейнеткерлік демалысқа шыққан соң оны қайта жаңғырттық. Бастапқы кезде қауынды үйге әкеліп тілуші едік, кейіннен дақылдарымыз пісе бастағаннан сол жаққа көшіп, қауыншекті басынан тілетін болдық. Бұл кәсіпті тек біз емес, ауылдастарымыз да жасайды. Өнімін жинап, артылғанын өзге ауылдарға, ауданға, тіпті Байқоңыр мен Қызылорда қаласына сатамыз. Кей тұрғындар қауыншектен бөлек қауынқұрт дайындайды. Ал, қауыншек қандай қауыннан дайындалады деген сұраққа келсек, ол міндетті түрде етті қазақы тұқымдардан, атап айтқанда күләбі, қазақы торлама, сонымен қатар ауыл тұрғындары «Хасен қауын» деп атайтын тұқымнан дайындалады. Жақында ауылдастарыммен бірге біз де отбасымызбен бақша егуге шығамыз. Немерелерім де көмектеседі», – деді.
Асылбек аға әңгімесін тәмамдаған кезде үйге Баян апай да кірді. Амандық-саулықтан соң, жарының бізге айтқан әңгімесін жалғастырды. Яғни, қауыншек тілудің әдісі мен оның сақтау жолын, аудан және облыс орталықтарында өзінің өткізетін сауда орындары бар екенін айтып, дастарқаннан құртмай, бауырсақ пен қауыншектен дәм ұсынды.
Сапарымыз ауылдан 10 шақырым жерде орналасқан «Үсен ата» шаруа қожалығында жалғасты.
«Есболат» атты өңірдегі жеке кәсіпкерлікке келгенімізде бізді түйе шаруашылығын дамыту бағытында жұмыс істеп жатқан Нұржан және Бақытжан Ақышбаевтар күтіп алды. «Бұл қожалық әкем Үсеннің атымен аталады. Әкем де, атам да төрт түліктің осы түрін өсірумен айналысқан. Енді оны біздей ұрпақтары жалғастырып келеміз. Шаруашылықта 100- ден астам қазақы тұқымдас түйе мен ботатайлақ өсірілуде. Бағымда біршама мүйізді ірі қара бар. Түйе асыраумен қатар, оның сүтін өндірумен де айналысамыз. Оны ауданға, ауылға апарып сатамыз. Кейде тұтынушылар өздері келіп те ішіп кетеді. Балаларымыз да осы кәсіпке бейімделген. Әділжан, Әділет Ораз есімді ұлдарымыз көмекшілеріміз. Немере сүйіп отырған жайымыз тағы бар», – деді түйекеш Нұржан.
Білім мен тәрбие – ортақ ұғым
Ауылдың тыныс-тіршілігімен танысуда мектеп, балабақша және өткен жылы ел игілігіне пайдалануға берілген клуб үйіне ат басын бұрдық.
Бүгінгі күні білікті сала маманы Жанұзақ Орданов басшылық жасайтын №186 орта мектепте 122 бала білім алып жатса, оларды 36 мұғалім білім нәрімен сусындатуда. Өткен оқу жылында ҰБТ сынағына тест тапсырған бірнеше түлек мемлекеттік грантқа ие болып, бүгінде еліміздің түрлі жоғары оқу орындарында білімдерін жетілдіруде.
Жетістіктер де жетерлік. Ұстаздар қауымы мен шәкірттер де пәндік олимпиадалар мен байқау-сайыстарда, спорттық жарыстарда жасындай жарқырап, мектеп абыройын асқақтатуда.
Ал, Жойлыгүл Қисықова басқаратын №14 «Шолпан» бөбекжай-бақшасында 20 бүлдіршін жоғары және арнаулы білімді педагог-мамандардан тәлім-тәрбие алуда. Бөбекжай-бақша тәрбиешілері де өз білімдерін жетілдіруде түрлі біліктілік арттыру оқу орындарында даярлықтан өтіп тұрады. Олар да түрлі сайыста жүлделі орындардан көрініп, мерейлері үстем болуда.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ